Ауғанстан астанасы маңында төрт әйелді зорлады деп айыпталған жеті азамат өлім жазасына кесілді. Айыптыларды көпшіліктің алдына шығарып дарға асу жазасын тұрғындармен бірге ел президенті Хамит Карзай да қолдап отыр.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, Ауғанстанда әйелдерді зорлау фактісі сирек кездесетін құбылыс емес. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың осыншама наразылық танытып, айыптыларды жазғыруы алғашқы жағдай. Жексенбі күні Кабулдағы сот ғимараты алдына наразы топ жиналып, күдіктілердің барынша қатаң жазалануын талап етті. Ал, сот процесінің өзі мемлекеттік телеарнадан тікелей эфирде көрсетілді.
Екі жарым сағатқа созылған сот отырысының қортындысы бойынша айыпталғандардың барлығы өлім жазасына кесілді. Дегенмен, олардың екеуі өз кінәларын мойындаудан бас тартып отыр.
Естеріңізге салайық, тамыз айында Кабул қаласындағы үйлену тойынан үйлеріне қайтып келе жатқан төрт әйелді белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, оларға зорлық-зомбылық көрсеткен болатын. Салдарынан жәбірленушілердің бірі ауыр халде ауруханаға түсіп, тағы бірі жүкті болып қалған.
Айта кету керек, Ауғанстанда зорлық үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Алайда, бұл жолғы жеті азаматқа зорлықпен қоса қарулы шабуыл жасады деген айып қоса тағылып, жазаның ең ауыр түрі белгіленіп отыр.
Дуанабай Жолдасбек
Baq.kz.
http://www.aikyn.kz/articles/view/56849