АЛТЫНОРДА
Новости

«Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр»

tugzhanov_ob_ank2015 жылғы 23 сәуірде Астана қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өткізіледі.
Ассамблеяның 20 жылдығына орай өтетін XXII сессияға 3 000 астам адам қатысады.
Олардың қатарында еліміздің өңірлеріндегі Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Парламент депутаттары, орталық атқару органдарының, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ басшылары, ЖОО-лар ректорлары, шетелдердегі дипломатиялық миссиялар, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.
Сессияның соңында салтанатты концерт ұйымдастырылады.
ҚХА-ның ХХІІ сессиясының отырысы қарсаңында,
2015 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен ҚХА жұмысының бірқатар өзекті мәселелері талқыланатын Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өткізіледі.
Сонымен қатар, XXII сессия қарсаңында «ҚХА – 20 ізгі іс» және «Менің Қазақстаным» пойызы» республикалық акцияларының қорытындылары шығарылады.
Өңірлерден келетін делегат-қатысушыларға арналған іс-шаралар аясында орталық мемлекеттік органдар басшыларымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесулер, Астана қаласының көрікті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылады.

* * *
ҚХА-ның XXII сессиясы Ассамблеяның 20 жылдығы мерекеленетін жылы өткізіледі.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 2015 жыл ҚХА жылы болып жарияланды. Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын және Конституцияның 20 жылдығын ұйымдастыру мен өткізу бойынша Үкімет қаулысымен Ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілді.
1995 жылғы 1 наурызда жаңа институт — Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына қол қойылды.
Осы тарихи күн тәуелсіз Егемен Қазақстан құруда, қазіргі заманға лайық мемлекет түзу жолында, іргелі әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, бейбітшілік пен бірлік идеясын жүзеге асыруда және Қазақстан халқының қоғамдық келісімін сақтауда түбегейлі бетбұрыс болды.
2007 жылы Ассамблея конституциялық органға айналып, парламенттік өкілдік кепілдігін – ҚР Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын иеленді.
2008 жылғы 20 қазанда қабылданған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң Ассамблея жұмысы мен құрылымын нормативтік-құқықтық реттеуді, елдің қоғамдық-саяси жүйесіндегі оның орны мен рөлін айшықтап, конституциялық парламенттік өкілдікті заңнамалық қамтамасыз етті.
Ассамблеяның негізгі стратегиялық құжаттары — «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы», «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы» қабылданды.
20 жыл ішінде Ассамблея Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыруда беделді буынға айналды.

Ү.ж. ҚХА-ның айшықты іс-шаралары өткізілді. 2015 жылғы 6 ақпанда Астана қаласында, облыс және аудан орталықтарында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы ресми салтанатты ашылды. Салтанатты ашылу рәсімі барысында 9 республикалық конкурстар жарияланды, ҚХА жылының Туы көтерілді. Республиканың 2 800 елді мекенінде барлығы 1 млн. 375 мың адам қатысқан 4 120 іс-шара өтті.
2015 жылғы 28 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы ҚР Президентінің Жарлығына қол қойылғанына 20 жыл толуына арналған «Менің Қазақстаным» атты Қазақстан халқының форумы өткізілді.
Форум аясында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының қорытындысы шығарылды, өңірлерден келген делегаттар жастардың республикалық «Қамқор» патриоттық жобасы және «Тарих тағылымы» атты қазақстандық кино күндерін жариялады.
ҚХА-ның 20 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде өткізілді.
2014 жылғы 1 наурыздан бастап «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының аясында республика бойынша 1464 елді мекенде 830 мың адамның қатысуымен әлеуметтік бағыттағы 2700 іс-шаралар өткізілді. Тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне жататын 33 мың адамға азық-түлік қоржыны, тұрмыстық техника, медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер, киім-кешектер және т.б. материалдық қолдау көрсетілді.
Елімізде ақпан-сәуір айларында «ҚХА – 20 ізгі іс» атты республикалық акция өткізілуде. Акцияның нышаны — қасиетті Түркістан қаласынан жеткізілген, халықтың бірлігі мен берекесін бейнелейтін «Тайқазан».
«Тайқазан» өңірден өңірге «қайырымдылық істерге толтырылып», ҚХА-ның ХХІІ сессиясы қарсаңында астанаға жол тартады. Акция аясында тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне, соғыс және тыл ардагерлеріне, балалар үйлері мен интернаттардың тәрбиеленушілеріне атаулы көмектер көрсетіледі.
2015 жылғы 23 наурыздан бастап, «Менің Қазақстаным» пойызы» атты әлеуметтік акция басталды. Акцияның мақсаты – мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының, жолдауларының негізгі тарауларын халыққа түсіндіру, тұрғындарға медициналық, әлеуметтік, құқықтық қызмет көрсету, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту туралы кеңестер беру, мәдени және қоғамдық, т.б. іс-шаралар өткізу.
«Менің Қазақстаным» пойызы 30 күн ішінде еліміздің барлық өңіріндегі 29 елді мекенді аралап, 22 сәуірде Астана қаласына қайта оралады.
Пойыз жұмысында барлық әлеуметтік топтар қамтылады, тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне, ҰОС ардагерлеріне, еліміздің алыс аймақтарында орналасқан елді мекендер тұрғындарына ерекше назар аударылады. Акция аясында жеке маршрутпен алыс бекеттер мен аялдамалар тұрғындарына медициналық көмек көрсететін «денсаулық пойыздары» — «Саламатты Қазақстан», «Денсаулық» және «Жәрдем» пойыздары жіберілді.
5-11 сәуір аралығында Шымкент қаласында Қазақстанның этностық театрларының ІІІ республикалық фестивалі өткізілуде. Фестиваль аясында отандық және қазіргі заман авторларының шығармаларынан этностық театрлар ұжымдарының орындауында қойылымдар ұсынылады.
Фестивальдық спектакльдердің қойылымдары 6-9 сәуір аралығында күн сайын сағ.11.00-де және 19.00-де көрермендер назарына ұсынылады. Барлық спектакльдерге кіру тегін.
21 наурызда Астана және Алматы қалаларында, облыстарда Наурыз мейрамына арналған «Бір ел – бір тағдыр» атты ҚХА фестивальдері өткізілді.16 наурызда және 27 наурызда Көкшетау мен Тараз қалаларында «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» атты республикалық форум өтті.
Наурыз және мамыр айларында ҚХА «Асар» атты әлеуметтік ынтымақ акциясын және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қамқорлық жасау айлығын өткізеді.
ҚХА жылы аясындағы түрлі бағыттағы іс-шаралар 2015 жыл бойы жалғасады.
Ассамблея жылының қорытындысы 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан халқының форумында шығарылады.
ҚХА жылы – нақты істер жылы. Біртұтас Қазақстан халқының теңдессіз және елеулі жетістіктерін айшықтайтын жыл. Ассамблея жылы – Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы.
Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы, бейбітшілік жылы.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы – Н.Ә.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің салтанат құру жылы.