Мария ОМАРОВА — Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор.
– Қазір елімізде ғылыми орталықтар мен институттар көп болғанымен, қайсысының немен айналысып жатқаны белгісіз. Осы орайда сіздер немен айналысып жатырсыздар?
– Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы республикада гигиеналық және эпидемиологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеулерді біріктіретін жалғыз мекеме болып табылады. Территорияны экология бойынша дәрежелі сұрыптау; қоршаған орта факторларының халық, соның ішінде әйелдер, балалар мен жасөспірімдер денсаулығына әсерін бағалау; әскерге қабылдайтын комиссия үшін жасөспірімдер денсаулығын бағалау критерийлерін негіздеу; вирусты гепатиттің, респираторлық жұқпалар және грипп, жұқпалы және паразитарлық аурулардың эпидемиологиялық таралуының ерекшеліктерін зерттеу; әртүрлі иммунға тапшы жағдайларды орталықта өндіретін биопрепараттарды енгізу тағы басқа жұмыстармен айналысады. Ғылыми әлеуеті жоғары 11 медицина ғылымының докторы, 15 медицина ғылымының кандидаты, үш қоғамдық академия мүшесі бар. Иммунология және вакцинология зертханасында ғалымдарымыз вакцинаның әсерін зерттеумен айналысады. Еліміздегі вакцинаға қатысты туындап отырған көптеген сұраққа осы ғылыми орталықтың ғалымдары жауап береді. Бүгінгі күні вакцинология саласындағы ең күрделі мәселе кейбір ата-аналардың вакцинаға деген теріс көзқарасының қалыптасуы болып отыр. Қазіргі таңда біз дәл осы мәселемен айналысып жатырмыз. Ата-аналарға вакцинаның тиімділігін түсіндіру үшін ел ішінде арнайы семинарлар, шеберлік-сыныптар өткізіп, халықтың егілуге қатысты дұрыс көзқарасының қалыптасуы үшін жұмыс істеп жатырмыз. Кеңес Одағы кезінде халық егілуге еш қарсылық көрсетпестен, аурудың алдын алу мақсатында жаппай егілетін. Мен вакцинаға қарсымын дейтін бірде-бір адам болмайтын. Бала мектептің табалдырығын аттағанда міндетті егілуге қатысты құжаттарын ала баратын. Нәтижесінде халық жаппай егілген соң, түрлі аурулардың кең таралуына алаңдаушылық болмайтын. Бұрын тиісті орындарда «Сен вакцина ектіресің бе?» деп те сұрамайтын. Халық оны міндетті нәрсесіндей қабылдайтын. Осы егілгеннің арқасында қазір мен басқа елдерге сапар шеккенде кейбір аурулардың қаупі төнсе де, қорықпай бара беремін. Өйткені мен сол ауру қаупі туындаған жағдайда алдын ала егілемін. Осы секілді еліміздегі әрбір азамат өз денсаулығы үшін вакцинаның маңыздылығын түсінсе екен деймін. Бұл – қоғамның дамуының, халықтың қолайлы өмір сүруіне тиімді жағдай жасалғанының белгісі. Осы орайда мемлекетіміздің де жыл өткен сайын вакцинаға бөлінетін қаржының көлемін арттырып, халыққа қамқорлық жасап отырғанын да атап айта кеткім келеді. Мәселен, биылғы жылы вакцина сатып алуға мемлекеттен 13 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ал 2011 жылы – 8 млрд, 2012 жылы 12 млрд теңге бөлінген болатын.
Атап айта кетерлік жайт – біз вакцинаны сатып ала салып тексермей жатып халыққа екпейміз. Вакцинаны сатып алған соң арнайы зертханада толығымен тексеруден өтеді. Вакцина аурудың алдын алудың бірден-бір тәсілі деуге болады. Осыны білген соң мемлекеттер мүмкіндігінше вакцинадан қаржы аямауға тырысады. Әйтпесе миллиондаған бала өспей жатып, ағзасы түрлі ауруларға төтеп бере алмай дүниеден өтер еді. Мысалы, Қазақстанның ұлттық егу кестесінде соңғы бес жылдан бері Hib инфекцияларға қарсы вакциналар енгізілген. Бұл ауру жыл сайын әлем бойынша егілмеген мыңдаған нәрестенің өмірін қиып отыр. Және бұл сырқатты жұқтырған балалардың арасында мүгедек болып қалған жағдайлар да жетіп-артылады. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында 2010 жылғы 1 желтоқсаннан бастап балаларды пневмококк инфекциясына қарсы кезең-кезеңмен вакциналау басталды. Қазіргі уақытта иммундау республиканың жеті өңірінде: Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүргізіледі. 2012 жылы бір жастағы 264811 бала қамтылды. 2015 жылға қарай балаларды пневмококк инфекциясына қарсы вакцинациялау жалпы республика бойынша жүргізілетін болады. Мысалы, 2012 жылы ДДҰ Қазақстанның «Полиомиелиттен еркін ел» сертификатын растады және «Безгек ауруынан еркін ел» сертификатын берді, қызылша мен қызамық элиминациясының ұлттық бағдарламасын іске асыру ТМД-да және Еуропа елдерінде қызамықпен және қызылшамен сырқаттанушылықтың тез көтерілуіне қарамастан, сырқаттанушылықтың өршуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта иммундаудың арқасында вакцинамен басқарылатын инфекциялармен сырқаттанушылықтың деңгейін одан әрі төмендетуге қол жеткізілді, қызамықпен сырқаттанушылық – 3,4 есеге, қызылшамен – 2,3 есеге, вирустық гепатитпен – 29,5%-ға, көкжөтелмен 35,8%-ға қысқарды, ал полиомиелиттің, дифтерияның жағдайлары тіркелген жоқ.
Мен өз басым ауылдарды іссапармен аралаған кезде халықтың мүмкіндігінше вакцинаны дұрыс түсінуі үшін лекциялар оқуға тырысамын. Біз дәл бүгінгі күнге дейін вакцинаның арқасында көп ауруды жойдық.
– Мәселен, АҚШ-та вакцина егілмеген оқушы мектепке кіргізілмейді екен. Өйткені олардың өздері егілмегенімен қоймай, басқа балалардың денсаулығына қауіп төндіруіне алаңдаған мамандар осындай шешімге келген. Бізде де осындай міндеттеу шараларын жүргізсек қайтеді?
– Әрине, бізді де осындай қадамдар ойландырады. Дегенмен алдағы уақытта тиісті орындарға осындай өтінішпен шығу туралы ойымыз бар.
– Сіздің бастамаңызбен республика бойынша тұңғыш рет балалар және жасөспірімдер гигиенасы зертханасы осы ғылыми орталықта ашылыпты. Бұл зертхананың негізгі мақсаты қандай?
– Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың жетілуі, тәрбиеленуі, дұрыс қалыптасуы – барлығы қадағалауда болуы тиіс. Бала жаны өте нәзік. Айналада болып жатқан әрбір нәрсе оның жан дүниесіне тікелей әсер етеді. Мәселен, дүйсенбі – балалар түгіл, үлкендер үшін де ауыр күн. Сондықтан дүйсенбі күні сабақ кестесіне жеңіл, оңай сабақтар енгізіп, баланың жаңа аптадағы сабақ кестесіне оңай үйренісуін қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ қазір ата-аналар баланы түрлі үйірмелерге, қосымша сабақтарға беріп, оның ағзасына ауырлық түсіреді. Шахматқа, суретке, түрлі тілдерге, спорттық үйірмелерге береді. Нәтижесінде бала жоғары сыныптарға келген соң сабақ оқығысы келмей қалады. Сондай-ақ баланың күнұзаққа теледидарға, компьютерге, ұялы телефонға әуес болуы баланың психологиясына зақым келтіреді. Ұялы телефон әрқашан адамнан 1,5 метр қашықтықта болуы тиісті және оны күніне 15-ақ минут қолдануға болады. Ал теледидарды көп дегенде күніне 1 сағат қана көруі тиіс. Бірақ бүгінгі күні бұл қағидалардың ешқайсысы сақталып отырған жоқ.
Тіпті балалар отыратын парталардың да өзіндік қағидасы бар. Балалар көбінесе партаға қалай болса солай отырады. Ал бұл бала тұлғасының дұрыс қалыптаспауына әкеліп соғады. Негізі, баланың отыратын орындығы үстел астына сәл кіріп тұруы тиіс (3-5 см). Орындықтың биіктігі үстелдің астынан бір шынтақтың көлеміндей (+ 5-6 см) төменде болуы керек. Ал орындықтың арқалығы баланың жауырынына тақалып тұруы тиіс. Бала гигиенасына қатысты тағы бір мәселе – олардың дұрыс тамақтануы. Кейінгі жылдары біз шетелдің тағамдарын көп тұтынатын болдық. Бұл дұрыс емес. Балаларға жергілікті тамақтарды көп беру керек, қуырған тамақты мүлдем бермей және үш сағат сайын құнарлы тамақтануын қадағалау қажет. Біз бүгінгі таңда осы секілді мәселелерді зерттеп қана қоймай, оның мектептерде орындалуына нұсқау береміз. Оған қоса біздің қызметкерлер мектептерде дәрістер және әртүрлі тақырыпқа семинарлар өткізеді.
– Негізгі мамандығыңыз педиатр екен. Осы орайда еліміздегі балалардың денсаулығына қандай баға берер едіңіз?
– Соңғы кездері елімізде ана өлімінің көрсеткіші 22,4%-ға төмендеді. Дегенмен салыстырмалы түрде алғанда балалар денсаулығына қатысты ақсап жатқан да сұрақтар бар. Мәселен, еліміздегі барлық мектеп арнайы стоматологиялық кабинеттермен жабдықталса, мектепке жақын жерлерде бала ағзасына зиянды әсерін тигізетін фаст фуд, газды сусындар сатылмауын тиісті орындар қадағаласа дұрыс болар еді.
– Жақында теледидардан вакцинадан кейін денсаулығына ақау келген баланы көрсетті. Мұндай нәрселердің өзі халықтың вакцинаға деген теріс көзқарасының қалыптасуына түрткі болары сөзсіз. Осы жағдайға қатысты қандай түсініктеме берер едіңіз?
– Вакцинация тұрғындар арасында инфекциялық сырқаттанушылықты азайту жөніндегі ең тиімді және экономикалық тиімді профилактикалық іс-шаралардың бірі болып отыр. Вакцина – бактерия мен вирустардан алынып, жұқпалы аурудың алдын алу үшін, ағзаның иммундық қасиетін арттыру үшін егілетін препараттар. Дегенмен кей жағдайларда вакцина егілгеннен кейін ағзаның жауабы әртүрлі болады. Өйткені әр баланың ағзасы әртүрлі. Сондықтан вакцина егілер алдында бала ағзасы жан-жақты тексерілуі керек. Егер баланың тамағы суықтап немесе тағы бір жері сырқаттанып тұрған болса, вакцина оның ағзасына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан алдын ала бала денсаулығы толықтай тексерілуі тиіс. Мемлекетімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификациясы болуына қарамастан, Қазақстанда енгізу және тіркеу барысында вакцинаның сапасы мен қауіпсіздігі қосымша тексеріледі. Қазақстанда бұл тексеру уникалды және халықаралық стандарттарға сай келетін Республикалық иммунобиологиялық зертханада жүргізіледі. Содан соң ғана қолданысқа жіберіледі. Вакцина сақталатын тоңазытқыштарды да жыл сайын ауыстырамыз. Олардың ауылдық жерлерге де талапқа сай жеткізілуі қамтамасыз етілген. Сондықтан вакцина ұлт қауіпсіздігі үшін қолданылып отырғандықтан, керісінше, біздің вакцинадан бас тартқанымыз қауіпті болмақ
– Қазақ тілінің жанашыры деген атақтың иегері ретінде сіз жұмыс істейтін мекемеде қазақ тілінің мәселесі шешілген деп айта аласыз ба?
– Мен орыс мектебін күміс медальға бітірдім. АММИ-де оқыған кезімде Ленин стипендиаты болдым, аспирантураны Белоруссияда физиология институтында өткіздім. Бірақ кейінгі жылдары қазақ тіліне ден қойып, оңай игеріп алдым. Тіпті Қазақстанда ең алғаш рет докторлық диссертацияны қазақ тілінде қорғадым. Ана тілін меңгермеген қызметкерлердің барлығы бүгінгі күні ана тілін білмеуін Кеңес Одағы кезінде орыс тілінде білім алуымен түсіндіреді. Бірақ бұл – қазақ тілін білмеген адамның сылтауы. Ынтасы бар адамдар қай уақытта да тілді оңай меңгереді. Бірде білімімді жетілдіру курсында Ленинградтың педиатрия институтында оқып жүргенімде дәріс жазып отырып қалып қойдым. Жан-жағыма қарасам, бәрі өз тілдерінде жазып отыр. Алдымда латыш – өз тілінде, жанымда грузин, топ басшысы, отырған, ол да өз тілінде шимайлап отыр. Тек қана менімен белорус ұлтының өкілі ғана орыс тілінде жазып отыр. Сосын сабақтан шыға сала докторлық диссертациямды қайтсем де қазақ тілінде қорғаймын деген ойға келдім. Ол кезде еліміз әлі Тәуелсіздікке қол жеткізбеген кез еді. Қасымдағы белорус досым сол кезде «саған кім қазақ тілінде қорғатады дейсің» деді. Дәл сол кездерде қазақ тілінің мәселесі Жоғарғы Кеңесте көп талқыланып жатқан кезең еді. Сонымен қолыма әліппе алып, қазақ тілін үйрене бастадым. Маған ең қиын болғаны ойымды жеткізіп сөйлеу еді. Күніне бір өлең жаттайтын едім. Қазақ композиторларының әнін жаттап айтатынмын. Өйткені қазақ тілінде ән шырқасаң, тілің тез қалыптасады. Үш жыл күні-түні қазақ тілін оқыдым. Ректорға барып, қазақ тілінде сабақ беруге сұрандым. Сөйтіп, үш жыл дегенде тілді толықтай игеріп, 1994 жылы докторлық диссертациямды қазақ тілінде қорғадым. Басқалар тек қорғап жатқан тақырыбымен айналысса, мен ана тілімді игеруге де қатар дайындалдым. Яғни жүрегінің түбінде ынтасы бар адамдар үшін тілді меңгерудің еш қиындығы жоқ дер едім. Қазір басқарып отырған ұжымыма да осыны айтып отырамын. Ғылыми орталықтағы іс қағаздары да толықтай қазақ тіліне көшті. Ұжым болып айына бір рет М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына барып, қазақша қойылымдар көреміз. Кезінде мен Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет істеген кезімде барлық жиынды қазақ тілінде өткізетінмін. Менің көзімнің жеткені – қазақ тілі өте шұрайлы. Кез келген сөзді иін қандырып қазақша айтуға болғанымен, орыс тіліне аударғанда сол құнарынан айырылып қалады. Өйткені қазақ тілінің сөздік қоры өте бай. Мен айтар едім, қазақ тілін білмейтін адам көп нәрседен қағылады, сөздің мәнін жете түсіне алмайды. Енді қазір екі жылдан бері неміс тілін оқып үйреніп жатырмын. Гетенің шығармаларын түпнұсқасында оқығым келеді. Осы секілді адамда ынта болса кез келген тілді игеруге болады деп ойлаймын.
– Бір кездері Денсаулық сақтау министрлігінде басшылық қызметтерде болдыңыз. Осы саланың қазанында қайнаған маман ретінде еліміздегі медицина саласына болып жатқан өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?
– Бүгінде салада үлкен өзгерістер болып жатыр. Ағымдағы жылы, алдыңғы концепцияның жалғасы болатын, 2011-2015 жылдарға бағытталған Медициналық және фармацевтикалық білімді дамытудың жаңа концепциясы ДСМ бұйрығымен бекітіліп, жүзеге асырыла бастады. Шетелдерде және өз елімізде, шетел мамандарын тартумен, жоғары білім алған қоғамдық денсаулық сақтау мамандарын, денсаулық сақтау менеджерлерін және мейірбикелерді дайындау бойынша белсенді жұмыс басталды. Мысалы, мамандарды даярлау мақсатында 2012 жылы республикалық бюджет шеңберінде отандық білім беру және ғылым ұйымдарында 19 946-дан астам қазақстандық денсаулық сақтау саласының мамандары оқытылып, Германияның, Литваның, Латвияның, Ресейдің, Белоруссияның, Израильдің, Жапонияның, Чехияның, Сингапурдың және Миланның жетекші шетелдік клиникаларына 292 қазақстандық маман бағытталды. Республиканың жетекші ғылыми және білім беру ұйымдарында шетелден жетекші мамандарды тарту арқылы медициналық негізгі басым бағыттар бойынша оқу шеберлік-сыныптары өткізілді, мыңнан астам қазақстандық маман оқытылды. Ғалымдар баяндамалармен конференцияларға шығуға мүмкіндік алды. 2008-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының медициналық ғылымын реформалау концепциясы жүзеге асырылды. Ғылыми-зерттеулер менеджменті, дәлелді медицина, биостатистика бойынша құрылымдық бөлімшелерден тұратын, 2012 жылға жасалған медициналық ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының типтік құрылымы, менің көзқарасым бойынша, дәлелді медицина принциптерін енгізу аясындағы пәрменді құрал болып табылады. Соңғы жылдары медицина саласына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келе жатыр. 2012 жылы біздің саламызға 738,7 млрд-тан астам теңге бөлінді, бұл 2011 жылдағыдан 17%-ға артық және болжамды мәліметтер бойынша ЖІӨ-нің 2,4%-ын құрады. Медициналық құрал-жабдықтарымыз жаңарып, заманауи емханалар мен ауруханаларымыз да көбейіп келе жатыр. Мен денсаулық сақтау саласында басшылық қызметте жүргенімде 40-45 млрд теңге аударылса, қазір бұл қаржы көлемі триллионға жетті. 1999-2000 жылдары елімізде дәрі табу мүмкін емес еді. Аурханаларда айлап айлық бермейтін. Қазір ақшаң болса, дәрі табылады. Қажетті қаржы денсаулық сақтау саласына да уақытымен аударылып жатыр. Мамандарымыз да жиі білім жетілдіру институттарында оқып, шетелдерде тәжірибеден өтіп жатыр. Осының барлығы саламыздың келешекте сапалық дамуына мүмкіндік береді деп ойлаймын.
– Бірнеше күннен соң сіздердің бастамаларыңызбен ұйымдастырылатын халықаралық ғылыми-прктикалық конференцияның басты мақсаты не?
– «Вакциналар және иммунопрофилактиканың тиімділігі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып отырмыз. Басты мақсаты халыққа вакцинаның тиімділігін түсіндіру болып отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Маманнан кеңес
Кез келген адам салауаттылықты алдымен өзінен бастауы тиіс. Мәселен, мен күнде ауырсам да, көңіл күйім төмен болса да, қар жауып, жауын-шашын болып тұрса да, күніне 5 шақырым жаяу жүруді әдетке айналдырғанмын. Үйге жақын жердегі саябақты жаяу жүріп шығамын. Арнайы жағдай талап етпейтін бұл жаяу жүрістің пайдасы өте зор. Ең болмаса осындай қарапайым қағидаларды әрбір адам ұстанып отырса, жеңіл-желпі ауруларға төтеп беріп, денсаулығын нығайтар еді. Салауатты өмір салтын ұстанудың арқасында мен 20 жылдан бері бір салмақта жүрмін. Қазір осы қағиданы өзімнің қызметкерлеріме де сіңіру үстіндемін. Күн сайын жұмыста қызметкерлеріммен бірге дене шынықтыру жаттығуларын жасаймыз. Мен бүкіл халық салауатты өмір салтын ұстанып, әрбір мекемеде ұжым болып, осы қағиданы ұстанса деймін.
Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ