АЛТЫНОРДА
Новости

Қуандық Шамахайұлы. Абай атаған «бес нәрсе»

Адам боламын деген қазаққа кезінде Абай бес нәрседен қашуды, бес нәрсеге асығуды өсиет етіп кеткені мәлім. Бұл сөзге ой жүгіртіп қараған жан оның жеке адамға емес, іргелі елдің тағдырына алаңдап айтқанын анық аңғарады.

Әлем көшіне ілесіп, дамудың жаңаша жолын таңдаған әрбір ел үшін адамзатқа тән озық технологияға ұмылудың, дүниедегі сан алуан байлықтан өз үлесін алудың, ортақ билікке араласуда өзгелермен тең қақылы болудың маңызы айырықша. Сол үшін де халықаралық нарықта өз орнын ойып тұрып алуға және оны сақтап қалуға, пайдасын еселеп, ұпайын түгендеуге барын салады. Өз елінің бизнестік мақсатын әлемдік аренада жүзеге асыру жолында жан аямай күш салуға міндетті тұлғалардың алдыңғы қатарында мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазымдылар тұруға тиіс.

Ол үшін өркениетті әлемде дамушы елдер қатарындағы біз секілді жұрт табиғи байлығымыздың көптігін алға тартып, арзан жұмыс күшімізді артықшылыққа санау бекершілік болмақ. Ең бастысы, өзгелермен бәсекеге түсетін төл өнімдерімізбен, үздік технологиямызбен мақтанып жүрсек, қанеки!

Жуықта ұлттық телеарна журналисі Мәскеу қаласы тұрғындарынан Қазақстанда жасалған қандай өнімдерді білетіндігін сұрап жатыр. Ресейліктер көрші Қырғыз елінде не жасалатынын білетіндігін, ал, қазақтың ешбір тауарын көру тұрмақ естімегендерін жасырмады.

Соған қарамастан, бұрын жасап келген бірдемелерімізді жетілдірудің, алдымен ішкі нарығымызда сұранысты өсіріп алып, кейін экспортқа шығарудың қамын бүгіннен бастап ойластырмасақ, осы күйі әлем елдерінің ішіндегі ең артта қалғандарының өзіне құлдық ұрып, өтімсіз тауарларының тұтынушысы болып қала беретін түріміз бар. Дүниежүзіне ұлттық брендімізбен, өз технологиямызбен ғана танылмасақ, болғанынан боладысы қызық «экспомен» де алысқа шаба алмаймыз. Бұдан бұрын алаулатып өткізген түрлі саммит, форумдардан, «төрағалығымыздан» бүгін не қалды? Әлем бізді танығаны бар болсын, АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысының өзі еліміздің атауын есіне түсіре алмай Қырғызбен шатастырып жатса. Әуелі, атышулы Ауғанстан екен деп ойлап қалмағанына шүкір демеске лажы жоқ.

Жеңіл өнеркәсіп, туризм, тау-кен саласы мен ақпараттық технологияда бәсекеге қабілетті бренд жасауға кіріспей кежегеміз кері тарта берсе, ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдері айтып кеткендей тағы да «ай, қап!» деп сан соғарымыз айдан анық.

Әрине, шешімін күткен мәселе шашетектен. Мамандардың айтуына қарағанда, қуат көздері, жол қатынас секілді инфрақұрылымдардан туындайтын проблемаларды шешу үшін жұмсалатын қыруар қаржыдан бұрын жеке тұлғадан бастап, ұлттық компанияларды, тіпті бүкіл қоғамды толығымен қамтитын жағымды өзгерістер қалыптастыратын тетік қажет екен. Ол үшін он ойланып, жүз толғансаң да айналып келіп, қоғамдық-саяси өмірімізде сол баяғы Құнанбайдың баласы Абайдың айтып кеткен «бес нәрсеге асық болу» туралы өсиетіне келіп тірелесің.

Олай болса, барша қазақтың жеке өмірінде, саяси, қоғамдық, әлеуметтік өмірінде Абайдың сөздерімен тақырыпталған бес қабілеттілікті қалыптастырсақ, мұртымызды балта шаппас деген ойға келдім.

 

Бір. «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояма»

 

Экономикалық, әлеуметтік өмірдің өзектілігін әрі жағдайды дәлме дәл айқындайтын дәйекті де шынайы зерттеуге негізделген ақпарат пен терең тұжырымның маңыздылығы бүгінгі таңда айтарлықтай. Жалпы әлемдік тәжірибеден белгілі болғандай, белгілі бір елдің тұрғындары сапалы әрі нақты ақпаратпен қамтылмаса және халқы оның жақсы-жаманын айыруға қабілетті болмаса ондай жұртты артта қалған керітартпалар қатарына жатқызады екен. Мұндай елдің ақпараттық ағынын тұйықталған, еркіндіктері шектелген топтарға қосып, даму көрсеткіштерін мешеулікке балайды.

Олай болса, әлемдегі «жоғары дамыған, бәсекеге барынша қабілетті отыз елдің» қатарына ену үшін ең алдымен мынаған қол жеткізуіміз керек: Біріншіден,ақпарат алу, оны еркін тарату мүмкіндігін қамтамасыз етумен қатар елде барлық мемлекеттік қызмет ашық жариялы болуға тиіс. Екіншіден, журналистер қандай бір саяси күштердің ықпалынан аулақ бейтарап тұруға тиіс. Жүйелі, әділ ақпарат қоғамдағы әр субъектінің жеке қадамына жағымды ықпал етумен бірге  оның әлеуетін арттырады, ой өрісін кеңейтеді, білімін байытады. Сапалы әрі пайдалы ақпарат жалпыға ортақ сипатта дер кезінде жетіп тұруы еркін экономикалық нарықтың негізін қалыптастыратын шешуші фактор.

Батыста қаржы нарығындағы құнды қағаздардың бағасына әсер етуі ықтимал ақпаратты ресми түрде көпке жарияламай тұрып, алдын ала зұлымдық жолдармен біліп алса және оны жеке мүддесіне пайдаланса, ондай тұлғаларға міндетті түрде қылмыстық іс қозғайды.

Мысалы, Америка бизнес әлемінің жұлдызы саналатын, тұрмыстық заттарын брендке айналдырған  Мария Стюар деген әйелге  бір компанияның атқарушы директорінің көмекшісі маңызды шешімнің қабылданғалы жатқанын телефон арқылы хабарлап үлгереді. Ол өзінің құнды қағаздарын жедел түрде сатып «ішкі сауданы» (insider trading) қыздырғаны үшін алты ай абақтыға қамалған екен. Оның мәні мынада, құнды қағаздың бағасы үш есеге құлдырауынан бұрын үлгеріп, сатқаны өзгелерден артықшылық иелену болып танылған. Ондай жағдайда кім болса да заң алдында жауап береді. Қоғамда ешкімге артықшылық берілмейді.

Ал, бізде болса ше? Министр, әкім, басшы атаулының көбісінің әйел, бала-шағаларының атына тіркетіп қойған жеке бизнестері бары бүгінде ешкімге құпия емес. Мұндай жағдайда ақпарат алу мен таратудағы теңдікті, кәсіпкерлік саласындағы мөлдірлік пен әділеттікті сөз етудің өзі күлкілі болып көрінетін шығар. Дегенмен, әлемдік стандартқа жетуді мақсат еткенімізбен мақтанатын жұртпыз ғой, неге оған өзіміз  сай болмасқа.

 

Екі. «Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас»

 

Жеке тұлғалар мен жалпы қоғам мәдениетінің адамзатқа ортақ бір өлшемі бар. Ол — біліп немесе білмей жасаған қателіктерін ашық жариялы түрде қоғам алдында мойындау және жүктелген жауапкершілік пен айыптауларды қабылдау! Егер бұлай болмаған жағдайда олқылық атаулыдан қоғам ешқашан көз ашпайды, былық-шылықтың бәрі қайта айналып соға  береді.

Бізде толық зерттеліп лайықты тұжырымдалмаудың салдарынан қабылданған шешімдердің қателіктері жүзеге асыра бастаған сәтте-ақ әшкере болып, қоғамда сынға ұшырап жатады. Тіпті кейбір заңдардың шикіліктері әрдайым сыр беріп, қайта қарауға, қосымша толықтырулар енгізуге ұсынылады. Оны айтасыз, жыл сайынғы бюджеттен бөлінген қыруар қаражаттың игерілмей қалатын тұстары да жеткілікті. Бірақ, ол үшін әлде бір шенеуніктің жауап бергенін, қателігін мойындап ағынан жарылғанын көрмейміз.

Шетелдік компаниялармен, инвесторлермен жасалған түрлі деңгейдегі келісім шарттардың қателіктері мен шикіліктері, жергілікті жұмыскерлер мүддесінің аяққа тапталуы, еңбекақы төлеудегі алалаушылықтар үнемі айтылып, жазылып жатады. Сонау жылдары Президент өзі өткізген қауіпсіздік кеңесінің отырыстарында да талай былықтардың беті ашылды. «Қазтелеком» басшысының айлық жалақысы әлемдік рекордқа жеткендігі, ұлттық компанияларда түк бітірмей отырып ақшаны күреп алатындар туралы қоғамды дүрліктірер әңгімелер өртше қаулап өтті.

Қанша жерден пәрменсіз десек те Парламент қабырғасында да неше түрлі қаржы құйтырқылары туралы деректер келтіріліп, депутаттық сауалдар жолданып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалмай жатқандығына алаңдаушылық білдіріліп жатады. Жуықта Кипр банкіне апарып ақшасын тыққан әлдебір олигархтың тағы шиі шығып жатыр. Дағдарысқа ұшыраған жат жұрттықтар оның елеулі бөлігін сыпырып алмақшы.

Жуықта «31 арна» арқылы көрсетілген телехабарда кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы мемлекеттік қызметтерді сатып алулар бойынша тендер өткізетін шенеуніктер бұрын «откат» үшін он пайызды алатын болса, енді елу пайызға ауыз салатын болғанын мәлімдеді. Бұл неткен тойымсыздық? Қылмыстың осыншама ауыр түрін, жемқорлықтың асқынып кеткен қауіпті әрекетін телеарна арқылы біріміз әдеттегі жағдайды таныстырғандай айтып, қалғанымыз шімірікпестен тыңдап отыратын болыппыз. Нағыз дабыл қағатын, бүкіл қоғам болып ойбайға басатындай-aқ  адам төзбес былық қой, бұл дегенің барып тұрған… Ал, мұндайға келгенде бейне бір бәріміз ымыраласып, бөлісіп жеп отырғандай «толеранттылығымыз» ұстап, үнсіз қала саламыз.

Неше түрлі сұмдық пен арсыздыққа етіміз үйреніп алғаны соншалық, сапасыз қызметтің салдарынан туындап жататын көп келеңсіздікті әдеттегі көрініс ретінде қабылдай салатын бойкүйездікке ұрынып барамыз. Тіпті, «Бесоба» тұрғын үй кешенінің құлап түскеніне де көз үйреніп кетер түріміз бар. Ендігі жерде оның әр өңірде қайталана беруіне де «түсіністікпен» қарап масқара болмасақ игі. Егер мұндайға бүкіл ел болып төзбейтін, лайықты түрде тойтарыс беретін ахуалды қалыптастырсақ қана қоғамды тазартуға қомақты үлес қосамыз. «Көп қорқытады, терең батырады» демейтін бе еді.

 

Үш. «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық»

 

Туыстық немесе кландық топтар үстемдік құрған қоғамда шын дарындылар мен өз ісінің хас шеберлерінің де «екі қолына бір күрек» табылмай жатуы аса таңданарлық жайт емес. Билік органдарының өзіне елдегі айтулы азаматтардың таңдалып сайлануы, лайықты орынтаққа тағайындалуы екіталай. Қабылданған заңдар мен мойындалған келісімдердің орындалмауы, жаппай алдап-арбау мен көзбояушылық әдеттегі көрініске айналуы ықтимал.

Қазіргі таңда басқарушы топтардың арасында командалық тәсіл кең етек алған. Сырттай қарағанда, орынды секілді көрінуі мүмкін. Өзара тіл табысатын, ортақ іске бір кісідей атсалысатын, ұтымды ұйымдаса білетін ұжым секілді. Алайда, іс жүзінде көбісінің іскер командадан гөрі сыбайласқан ұры-қарыларға, жемтіктес жыртқыштарға ұқсастықтары қылаң беріп жатады. Оны жоғары биліктегілердің өздері де сынға алып жүргендіктен мен бұл жерде әлде бір ғылыми жаңалық ашып отырған жоқпын.

Мемлекеттік қызмет жөніндегі құзырлы органның да бұл мәселеге назар аудара бастағаны кездейсоқтық болмаса керек. Алайда, дәл қазіргідей қоғамда адал еңбек әділдікпен бағаланбай, әлеуеті биік қабілеті зор жандардың мүмкіндіктері толығымен ел мүддесіне дер кезінде жаратылмаса, парақорлықтың, жағымпаздықтың, жемқорлықтың тамырына балта шабылмайды.

Жемқорлықпен күресіміздің түрін де, мазмұнын да түбірімен өзгерту қажет болып тұр. Дәл қазіргідей лауазымды тұлға тойғанынша ішіп-жеп, жиған-тергенін шет ел асырып тасып болғанынша, сосын, барған жерінен қымбат вилла сатып алып орныққанынша, тіпті барған елінің азаматтығын алғанша күтіп отырып ең соңғы сәтте оған іздеу жариялаудың, сырттай соттаудың қандай мәні бар?!

 

Төрт. «Түбінде баяндысы —  оқу оқып, білім алған»

Әлемдік үрдісте жоғары білім берудің құндылығы — қоғам тарапынан біліктілікке, имандылыққа, танымдылыққа және жеке тұлғаның әлеуметтік орнына, позициясына сай анықталады.

Ал, біз тәуелсіздік жылдарында балаларымыздың білімнен гөрі диплом алуына көбірек назар аударатын ескі көзқарастан арыла алмай-ақ қойдық. Соның салдарынан нарықтық экономиканың қатал заңдылықтарына төтеп бере алатын мамандарға әлі зәруміз. Әр отбасы орта мектеп бітірген балаларының бәрінің жоғары білім дипломын алып шығуына мүдделі. Ал, қолынан не келеді, болашақта ол немен айналысады дегенге бас қатырып жатпаймыз. Диплом алса, бір жөні болар деген деп қана ойлаймыз.

Алған білімдерінің сапасыздығы мен пайымдарының таяздығы салдарынан жеке тұлғалардың қоғам алдындағы жауапкершілігі босаңсып, жат пиғылдағы діни ағымдардың ықпалына түсетіндер, ескірткіге әуестенетіндер тіпті лаңкестер қатарына еніп кететіндер де бой көрсетуде.

Мұның бәрі білім министрлігінің бірер жекеменшік университеттерді жабуымен немесе біріктіріп оңтайландыруымен, атүсті жүргізілген аттестаттаумен шешіле қалатын мәселе емес. Керісінше, бүкіл қоғамның алаңдаушылығын тудыратын күрделі проблема. Сондықтан да, кешенді әрі шынайы реформа талап етіліп отыр.

 

Бес. «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық»

 

Еңбекті қастерлейтін моралдық құндылық дұрыс қалыптаспай жатыр. Тез баюдың, оған оңай жолмен, тіпті зұлымдықпен жетудің қамын күйттеушілер жемқорлықтың көрігін қыздыруларының салдарынан адал еңбекке деген ықылас пен белсенділік босаңсыды. Жұмысқа тұру үшін тамыр-таныс іздеудің түпкі мәні беретін параны жалғастыратын делдал табу екендігі бүгінде құпия болудан қалды. Бос қызметтік орынға жарияланатын конкурстардың әділ етіп жатқандары некен саяқ. Сайлауда дауыс ұрланатынын, оның әділ өтпейтіндігін барша жұрт сезетін, білетін болған.

Соңғы кездері шығармашылық байқаулардың да әділ өтпейтіндігін, оған төреші болған, түрлі қоғамдық комиссияға енгендердің өзі параға сатылатындығын, байқау жеңімпаздарына тағайындалған сыйақыларды астыртын бөлісетіндігі жиі айтылып жүр.  Адал еңбекке деген құрметтің осылайша аяқ асты болуы, мәдени деңгейіміздің тым төменге құлдырауы біздің қоғамдық ортаның моралдық жағынан қатты азғындап кеткендігін көрсетсе керек.

Елдің қамын ойлайды, ұлттың сөзін сөйлейді деген зиялы қауым өкілі саналатын кейбір ақсақалдарымыздың өзі Президенттің қабылдауына барғанда оған орынды-орынсыз мадақ айтып, көпе-көрінеу жағымпазданулары, ретін тауып бала-шағаларына қызмет, пәтер, өзіне атақ-даңқ сұрап қайыршылануға дейін барып ұсақталулары қоғамның жиіркенішін тудырып отыр.

Ел сенген, сыйлаған тұлғаларымыз екіжүзділікпен жоғарыға жарамсақтанып, қарақан басының қамын күйттесе, абыройларын айрандай төгіп «сақалын сатып» жүрсе, еңбегін сатып күн көруге тиіс кейінгі буынға олардың көлгірсіген күлдібадам әңгімесінен не үміт, не қайыр?!

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

халықаралық журналист

Abai.kz