АЛТЫНОРДА
Новости

Мәскеуде Pussy Riot жайлы фильмді көрсетуге тыйым салды

GuytxAcouB8Мәскеудегі Гоголь орталығында бүгінге жоспарланған Pussy Riot туралы фильм көрсетілімі және осы панк-топтың жақында түрмеден шыққан мүшелерімен кездесу өтпейтін болды.

Гоголь орталығының сайтында Pussy Riot мүшелері Мария Алёхина және Надежда Толоконникова қатысады деп жоспарланған кездесуді өткізбеу туралы бұйрықты Мәскеу мәдениет департаменті бергені айтылған.

Гоголь орталығының көркем жетекшісі Кирилл Серебренников Facebook әлеуметтік желісінде мәдениет департаменті бастығы Сергей Капковтың хатын жариялапты. «Қоғамды арандатуға негізделген іс-әрекеті әртүрлі реакция туғызатын адамдардың атымен мемлекеттік мекеме үндесіп кетпеуі тиіс екенін терең сезінемін» деп жазған Капков.

Надежда Толоконникова ресейлік режиссер Максим Поздоровкиннің «Показательный процесс: История Pussy Riot» атты фильмін көрсетуге тыйым салуды «биліктің тиімсіз іс-әрекеті» деп бағалады. Толоконникова бұл фильмді көрерменге жеткізуге талпынатындарын айтты.

Pussy Riot тобының үш мүшесі – Надежда Толоконникова, Мария Алехина мен Екатерина Самуцевич 2012 жылғы тамыз айында діни жеккөрушілік негізінде бұзақылық жасады деген айыппен 2 жылға сотталған. Олар «Құдай, Путинді құрта гөр» атты дұға-әнге клип түсірмек болып Құтқарушы Ғайса ғибадатханасында ән айтып, би билеген еді. Кейін Самуцевичтің жазасы шартты болып өзгертілген.

Надежда Толоконникова мен Мария Алехина Ресейде жарияланған рақымшылықпен 23 желтоқсанда түрмеден бостандыққа шықты.

http://www.azattyq.org/