АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Мажит ОРАЗАЛИН. БАТЫРЛАР ҰРПАҒЫ

pole_bitwy_39ХХ ғасырдағы соғыстар адамзатқа ең үлкен трагедия әкелген, ең көп қырғын болған уақыт ретінде тарихта қалды. Ғасырға жуық уақыт бұрын құрылған Кеңес Одағының құрамындағы елімізді ерлікпен қорғаған аталары туралы мәліметтерді балалары, немерелері бүгінгі күнге дейін тырнақтап жинап жүр. Қазіргі ұрпақ сол кездегі өздерінің міндеттерін адал атқарған адамдардың ерліктері үшін қаншалықты қарыздар екенін жақсы түсінеді. Сондықтан олардың жазған хаттарын, фотосуреттерін жинастырып, жерленген орындарын іздестіріп, зираттарының басына мемориалдық ескерткіштер тұрғызып, есімдері жазылған монуметтер орнатуы заңды. Отан үшін қан кешіп, жанын қиған батырлардың ерліктері ұрпақтан ұрпаққа осылайша жетіп жатады. Ұлы Отан соғысының ардагері Мәжит Қасеновтың Алматыда тұратын ұрпақтары жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында әкелері, аталары жерленген Солтүстік Қазақстан облысына барып құран оқып ас беруді, тірі жүрген соғыс ардагерлеріне сыйлықтар таратуды  дәстүрге айналдырған. Биыл Қасеновтар әулеті өз қаржысына, майдангер әкелері жерленген Қызылжар ауданындағы Шахау ауылындағы Мәжит Қасеновтың атындағы көшеге үлкен мемориал ескерткіш орнатпақшы. Ескерткіште осы ауылдан майданға аттанған 47 адамның аты-жөндері де жазылған. Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды деген осы да…

Ресейде басталған Азамат соғысы Солтүстік Қазақстан жеріне 1917 жылдың аяғында келді. Келесі жылдың 1 маусымында Петропавл қаласында ақгвардияшылар мен қызыләскерлер арасында кескілескен ұрыстар басталды. Бұл кезде өзін «Сібір билеушісімін» деп жариялаған адмирал Колчактың бұл өңірге ықпалы күшті болды. Омбыға бекінген Колчак әскерін Шығыс Сібірге қарай тықсырған қызыләскерлердің бір бөлігі, 13 кавалериялық дивизиясы 1919 жылдың күзінде Солтүстік Қазақстан аумағын қалған ақгвардияшылардан тазарту операциясын бастады. Қазіргі аудан орталығы Келлеровкада тұрған ақ патшаның әскерін талқандады, Сібірге қарай қашқан ақтардың отрядтарын жою үшін өкшелеп ізіне түсті. Жақсы қаруланған, соғыс тактикасын жетік меңгерген ақгвардияшылар да осал болған жоқ, олар Многоцветное, Сухомино, Виноградовка ауылдарында қызыләскерлерді күтіп алып, тойтарыс берді. Осы шайқастарда екі жақтан да адам шығыны көп болды.

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында Чермошиян селолық округіне қарасты Многоцветное ауылында бұдан бір ғасыр бұрын ақгвардияшылармен шайқаста қаза болған 25 қызыләскердің сүйегі жерленген «бауырластар зираты» бар. Бұл жерде 1919 жылдың күзінде Кеңес үкіметін құру жолында жаумен айқаста қаза тапқан боздақтар жатыр. Қызыләскерлер жасағы негізінен осы өңірдің тұрғындарынан құралған еді. Олардың ішінде 31 жастағы жергілікті азамат Қасен Қасымханұлы да болды. Ауылдағы көшелердің бірі Азамат соғысының батыры Қасен Қасымханұлының есімімен аталады. Кейіннен осы кісінің ұрпақтары зираттың басын көтеріп, мемориалдық белгі қойды. Бауырластар зиратында жатқан 16 қазақ азаматына шаңырақ формасында жасалған кесененің төбесіне 16 ай орнатылған, қалған  христиан дініндегі жауынгерлерге қиянат болмасын деген ниетпен 9 крест қойылыпты. Ортасына орнатылған мәрмәр құлпы тасқа «Бұл жерде 1919 жылы Азамат соғыс кезінде Совет үкіметін құру жолында 25 солтүстік қазақстандық жауынгер құрбан болды. Олардың ішінде жерлесіміз, Қызыл Армия комиссары Қасен Қасымханұлы жерленген. Топырақтарыңыз торқа, жандарыңыз жәннатта болсын. Текті ұрпақтарыңыз» деп жазылған.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Шахау ауылының орталық көшелерінің бірі Ұлы Отан соғысының ардагері капитан Мәжит Қасеновтың есімімен аталады. Осы көшенің бойындағы мектептің алдында елінің батыр азаматының туғанына 100 жыл толуына байланысты қойылған мемориал ескерткіш тұр. Осындай құрметке ие болған Мәжит Қасенов деген кім? Тағдыр Мәжит Қасеновке 44 жыл ғана ғұмыр беріпті, алайда ол осы азғана уақыттың ішінде көп нәрсені жасап үлгерген.

Мәжит Қасенов –жоғарыда ерлігі баяндалған қызыл комиссар Қасен Қасымханұлының артында қалған тұяғы. Әкесі күші басым жаудың қолынан ерлікпен қаза тапқанда Мәжит он жаста ғана екен. Әке көрген оқ жонар, демекші жасынан қиындықтарды жеңіп, ауыртпалыққа шынығып өскен Мәжитті алда талай сын сағаттар күтіп тұрды. Ерте есейді, құдай қосқан өмірлік жары Разияны жолықтырып, ерте үйленді. Көп ұзамай Қасеновтар отбасына ұл келді, артынша қыз пайда болды. Әкесі Қасеннің аңсағаны да осы еді, әттең бұл бақытты шақтарға ол жете алмай, соның жолында құрбан болды.

018-kavkaz-sm

Аяқ астынан басталған соғыс елдегі мамыржай өмірді бір күнде абыр-сабырға түсірді. Ауылдың бас көтерер азаматтары жаппай майданға аттана бастады. Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Павлодар облыстарының жұмысшы, шару және интеллигенциясынан құралған 314 дивизиясы жасақталды. 18 ұлттың өкілдерінен тұратын осы дивизияның құрамында Мәжит Қасенов те майданға жол тартты. 1941 жылдың 19-20 тамызында 314 дивизия толықтай жасақталып, Петропавлдан шықты. Мәжит Қасенов алдыңғы екі эшелонның бірімен 6 қыркүйек күні Ленинград облысындағы Лодейное поле қалашығына жетіп, бірден ұрысқа кірісті.

Солтүстік Қазақстан жерінде жасақталған осы атақты дивизияның құрамында Мәжит Қасенов МГА, Синявино станциялары, Волхов қаласы түбіндегі, Свирь өзені маңындағы қиян-кескі шайқастарға қатысты. Ленинградқа ұмтылған фашистерге қарсы тұру оңай болған жоқ, бірде қорғанысқа көшсе, енді бірде өздері шабуылға шықты. Бір күндері тыныш өткен жоқ. 1942 жылдың жазынан қара күзге дейін қазақстандық жауынгерлер Тигода мен Волхов плацдармдарын ұстап тұрды. Келесі жылдың қаңтар айында Ленинград блокадасын бұзу шайқастарына қатысып, қаланың оңтүстік және батысын қоршап тұрған Вермахтың қалың әскерлеріне қарсы шабуылға шықты. Неше ай бойы қоршауда қалып қалжыраған, бірақ берілмеген Ленинградты алуға немістер барын салып-ақ бақты. Осы кездерде екі жақтан да адам шығыны көп болған қантөгістер жиіледі. Мұндай қырғыннан аман қалғандар өзін бақыттымыз деп есептеді. Кезекті бір жан алып, жан беріскен шайқаста Мәжит Қасенов ауыр жараланып, госпитальға түсті. Оның соңғы жарақатына қарап әскери медициналық комииссия әрі қарай соғысуға жарамсыз деген шешім шығарып, жас офицерді еліне қайтарды.

Мәжит Қасенов Берлинге дейін жетпесе де елге үлкен абыроймен оралды. Оның майданда көрсеткен ерліктері мен жаужүректілігін куәландыратын «Қызыл Жұлдыз», «Қызыл Ту», маңызы жағынан «Алтын Жұлдыздан» кейін екінші орында тұратын «Ленин» ордендері және бірнеше жауынгерлік медальдар оның төсінде жарқырады.

Мәжит Қасенов атыс бір сәтке толастамайтын алғы шептен алыстағы тылдан бірақ шықты. Мұнда ол халықтың қолындағы соңғы түйір дәніне дейін майданға жөнелтіп, Жеңіс үшін барлық күшін жұмылдырып жатқанын көрді. Елге келгеннен кейін ол жарақатына қарамай бірден белсеніп іске кірісті. Соғыс кезінде тылдағылардың жағдайлары өте ауыр болғаны белгілі. Жұрт тойып тамақ ішпей, жаппай ашқұрсақ жүрді, жас балаларға дейін таңның атысы кештің батысы бел жазбай жұмыс істеді. Майданға көмектесу үшін уақытпен санаспай еңбек етті. Көп ұзамай капитан Қасенов кеңшардың директоры және партия ұйымының жетекшісі болып тағайындалды. Бұл кездерде ел басқару, жұмысты ұйымдастыру оңай шаруы емес еді. Бұл жағынан оған өмірден алған мол тәжірибесі, майданда шынығуы көп көмек берді. Елде сыйлы, басшыларға абыройлы болды. Ол соғыс біткеннен кейін де осы қызметтерді абыроймен атқарды. Елдегі қариялар оның жетім-жесір қалған отбасыларына көрсеткен мейірімділігін, істеген жақсылықтарын әлі күнге дейін ұмытпай жылы еске алып, айтып отырады.

Майданда алған жарақаты біраз жылдан соң сыр бере бастады. Мәжит Қасенов 44 жасқа қараған шағында, 1953 жылы қайтыс болды. Артында Шәмет, Рахима, Байғабыл, Райхан, Сәрсен, Майра, Құсайын атты үйелмелі-сүйелмелі жеті балаы қалды, Майра екі жасқа енді толған, ал кенжелері Құсайынның туғанына 20 күн ғана болған. Бұларды зайыбы Разия мен шешесі Төпи әже тәрбиелеп, жақсы азамат етіп өсірді. Олардың өздері қазір ұрпақ жайып, үлгілі отбасы болды. Бүгінде Қасеновтар әулетінде архитектор, заңгер, кәсіпкер, қаржыгер мамандықтарын меңгерген 14 немере, 30 шөбере бар. Мәжит Қасеновтың балаларының ішінен мықты дипломат, экономистер шықты, немерелері әлемдік белгілі оқу орындарын бітіріп жатыр.

Өзінің қысқа ғұмырында өнегелі істерді көп жасаған капитан Қасенов жерлестерінің арасында аңыз адамға айналды. Шахау ауылындағы Қасенов атындағы қаз қатар ағаш егілген түзу көше үнемі таза тұрады, түнгі уақытта самаладай болып шам жанады. Жеңістің 70 жылдығына байланысты Мәжит Қасеновтың ұрпақтары осы көшенің басына Отан соғысы батырларының құрметіне үлкен мемориал ескерткіш орнатты. Әкесінен екі жаста қалған қызы Майра Мәжитқызы Шахау ауылында 7 мамыр күні салтанатпен ашылған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке «Вечная слава Сыновьям родных степей!» деп ірі әріптермен жаздыртыпты. Соғыстан кейін тұралаған ел экономикасын көтеруге күш салған капитан Мәжит Қасеновтың кескіні бейнеленген тақтада онымен осы ауылдан майданға бірге аттанған 47 қарулас майдангерлердің тізімі де тасқа қашалып жазылған.

– Мен үлкендердің батасын алған, ақылын тыңдаған, өсиеттерін естіген қайырымды ортада өстім. Әкемнің аруағы жерлестерді желеп-жебеп жүрсін, жаманшылықтар бізді айналып өтіп, елімізде әрқашан бейбітшілік болсын деп тілеймін. Мына бір жүрегімнен шыққан бір шумақ өлеңді айтқым келіп тұр:

Әкенің орны бөлек әр адамға,

Болған, шіркін, араша кім ажалға.

Суретіңе қарасам жас толады жанарыма,

Өзіңді ойлап, әкешім, сағынғанда.

Ата-бабаларымызды естен шығармауымыз керек, бұл біздің қасиетті борышымыз. Отаны, елі үшін кеуделерін оққа тосып жауға шапқан   әкелерімізге тағзым етемін,- дейді Майра Мәжитқызы,

Отанға деген сүйіспеншілік ошақ басынан басталады. Мәжит Қасенов ұрпақтарының осындай өнегелі игі істері басқаларға үлгі болуы керек.