ҰҚК Шекара қызметі академиясын бітіріп, жоғары оқу орнының дипомын алған 200-ге жуық лейтенант еліміздің шекарасын күзетуе аттанды. Академияны үздік бағамен бітірген бес қызыл диплом иегері Астана қаласына барып, алғашқы офицерлік шенді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алу құрметін иеленді. Шекара академиясын бітіріп жатқандардың ішінде Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстаннан келіп оқыған 30 курсант лейтенант шенін, қазақстандық диплом алып өз елдерінің шекарасын күзетуге аттанады. Сондай-ақ, биыл бес офицер докторантураны, 20 шекарашы магистратураны бітіріп отыр.
Алматыдағы Шекарашылар академиясының орталық алаңына жиналған жұрт, алыстан ат арылтып жеткен ата-ана, туған-туыстар академия түлектеріне диплом және лейтенант погондарын тапсырудың салтанатты рәсімін тамашалады. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай, елордамыз Астана қаласының төрінде өткен салтанатты шеруге қатысқан 4-ші оқу дивизионының курсанттары өздерінің қару-жарақты қалай меңгергендіктерін іс жүзінде көрсетті. Білімдерін іс жүзіндегі тәжірибемен байланыстыра білген жауынгерлік даярлық үздіктерінің орталық алаңда көрсеткен өнері де көптің көңілінен шықты. Қазақстан Республикасы ҰҚК Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің Директоры полковник Дархан Ділманов бастаған қолбасшылармен бірге Қазақстан Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімова да жас түлектерге диплом тапсыру үшін арнайы Алматыға келіпті. Арнайы шақырылған қонақтардың ішінде Шекара қызметінің ардагерлері, Х.Беркалиев, А.Москалев, Ш.Утяпов сияқты генералдар да болды.
Жас офицерлерге диплом тапсыру салтанатын ашқан ҰҚК Шекара қызметінің Директоры полковник Дархан Ділманов алдымен, 44 КСРО Батыры шыққан осы білім ордасының тарихына тоқталып, қазір ғана диплом алып шекарашылар қатарын толықтырып жатқан жас офицерлердің рухын көтеріп тастады.
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау – біздің басты міндетіміз. Осы міндетті жас лейтенанттар ойдағыдай атқарады деп сенім білдіремін, -деді Шекара қызметінің басшысы.
Академия түлектерін құттықтауға арнайы келген Ауғанстан Ислам Республикасының бас консулы Саед Моейнуддин Моейн, Алматы әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесі төрағасыныі кеңесшісі Ауғанстан генерал-лейтенанты Дорани Басер Ахмад, Қырғызстан Шекара қызметі төрағасының орынбасары полковник Қалмурат Байдалаев, Тәжікстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері бас басқармасының өкілі полковник Фархад Дусшолиев, Қазақстан Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімовалар құттықтау сөз сөйледі. Жас офицерлер атынан академия түлегі лейтенант Нуртас Құрманғазин мінберге шығып, мемлекеттік шекараны мінсіз қорғайтиындықтарын, халықтың сенімін ақтайтындықтарын айтты.
Шекарашы офицерлерді дайындайтын Шекара қызметінің академиясы еліміздің болашақ патриоттарын тәрбиелеу ісіне қомақты үлес қосып келеді. Академия ұжымы Алматы қалалық № 1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін өздерінің қамқорлықтарына алған. Мерекелік шараларды балалармен бірге өткізуді дәстүрге айналдырған шекарашы ағаларының бүгінгі қуанышына балалар да ортақтасып, концерт қойып берді. Салтанатты рәсімнің соңында жас лейтенанттар сапқа тізіліп ҰҚК Шекара қызметі академиясының Жауынгерлік Туымен қоштасты