Бұл дүниеде адам баласы үшін өзіне жарық дүние сыйлаған анадан қымбат жан жоқ қой. Мен кейде ана туралы небір ғажап сөздерді естіп қалсам, біртүрлі жүрегім ауырып кетеді. Өйткені мен өмірдегі ең қымбат сезім, ана мен баланың арасындағы махаббатты сезіне алмай өстім. Анам мені жақсы көре ме, білмеймін. Бірақ менің анама деген жүрегім жылымай-ақ қойды. Мені біреу түсінер, біреу түсінбес, бірақ мен осы уақытқа дейін ешкімге ақтармаған ішкі жан сырымды «Алаш айнасына» жазуды жөн санадым.
Біз сіңілім екеуміз кішкене кезімізден әкемізді қатты жақсы көріп өстік. Әкеміздің де біз дегенде жаны бөлек болатын. Әсіресе өзімнен 2 жас кіші сіңілім Әсия өте ерке болып өсті, ол не айтса, әкем үшін заң болатын. Ал анамыз көп сөйлемейтін, мінезі біртоға адам еді. Ол бізді қатты еркелетпесе де, біздің бар жағдайымызды жасап, тамағымызды тоқ, киімімізді бүтін қылып, елден қалдырмай өсірді. Біз еркелікпен не бүлдірсек те анамыз бізге дауыс көтеріп, қол тигізген емес. Біраз өсіп мектепке барғаннан кейін әкем біздің оқуымызды өзі қадағалап, тәртібімізбен де өзі айналысты. Кейде әкем бізді қаттырақ жазалап, ұрысса, Әсия анамыздың бауырына тығылып алатын. Сонда әкем: «Қызым-ау, сен үлкен қыз болдың емес пе? Мамаң екеуміз тағы бір кішкене бөпе тауып алайық. Сендер Дәрия екеуің оны бағасыңдар» дейтін. Сонда Әсия: «Жоқ, мамам менікі, басқа бөпенің керегі жоқ» деп жылаушы еді. Сөйтіп Әсия екеуміз мектеп бітіретін жасқа таяп қалғанға дейін анамыз бөпелі болмады. Қашанда әкеміздің көңіліне қарап, біздің жағдайымызды жасаумен болды. Бірақ мен есейген сайын анамыздың бізден жасыратын бір сыры барын сезетінмін. Ол кісі сондай мейірімді, жақсы адам болса да маған біртүрлі бөтен адамдай болып тұратын. Осындай күдікпен жүрген күндерімнің бірінде әкем бізге ұзақ жылдар айта алмай келген сырын ақтарды.
«Дәрия, Әсия, біз мамаң екеуміз сендерді қалай жақсы көретінімізді білесіңдер. Әсіресе мамаларың үшін сендерден артық адам жоқ. Сендер үлкен қыз болдыңдар, көп нәрсені түсінетін жасқа жеттіңдер. Естеріңде болсын, туған анадан баққан ана артық. Мына Әлима мамаларың сендерді кішкентайларыңнан бағып-қағып өсірді. Бірақ Әлима сендердің туған аналарың емес, туған аналарыңмен сендердің кішкене кездеріңде ажырасып кеткенбіз» деді әкем.
Әкемнің әңгімесінен кейін менің көз алдымна балалық шағым киноның лентасындай өте шықты. Біз есейгенше мамамыз санап келген Әлима сонда бізге өгей шеше болғаны ғой. Оның бізден басқа балалары да жоқ. Біз кішкене кезімізде мамамның туыстарымен неге араласпағанымызды, нағашылар жаққа неге бармағанымызды енді түсіндім. Сонда біздің туған анамыз қайда, осы уақытқа дейін бір рет те бізді іздеп, көргісі келмегені ме? Әкем айтқан шындық әсіресе, Әсияға ауыр тиді. Ол бірнеше күн ешкіммен сөйлеспей, тамақ ішпей, бүк түсіп жатып алды. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін екеуміз де ештеңе болмағандай Әлима мамамның құшағына тығылып, еркелеп, бұрынғы қалпымызға түсе бастадық. Ол бізді шашымыздан сипап, көзіндегі мөлтілдеген жасты бізден жасырып, бір күрсініп қойып, бізді құшағына қыса түсті. Байғұс мамам құрсақ көтере алмаса да, бізді өзінің туған балаларындай қарады ғой.
Әкемнің айтуынша, біздің туған шешеміз әкеме дейін де тұрмыста болған екен. Әкеме күйеуге шыққан кезде соңынан бір қызы ере келіпті. Әкем екеуі отбасын құрғаннан кейін араларында екі бала бола тұра, олардың дәм-тұзы жараспай ажырасып кетіпті. Олар ажырасқан кезде мен екіден асқан, Әсия бір жасқа да толмаған кезіміз екен, әкем бізді оған бермей, алып қалған көрінеді. Сонда шешем бізді алып кетсе, үш баламен күн көре алмай қаламын деді ме екен, ешқандай қарсылық білдірместен өзімен еріп келген қызын алып кете барыпты.
Қазір мен өзім де екі баланың анасымын. Осыдан бес жылдай бұрын тұрмысқа шықтым. Менің тойымнан кейін бір айға жетпей әкем жүрек талмасынан қайтыс болды. Ол қайтыс болар алдында «егер туған аналарыңмен кездесіп жатсаңдар, оны жазалап, табаламай, өздеріңнің тәрбиелі екендеріңді көрсетіп, сыйлай салыңдар, кешірімді болыңдар» деген еді.
Мен туған шешеммен кездесетін сәтті ылғи көзіме елестетіп, қалай болар екен деп іштей ойланып жүретінмін. Тұңғыш ұлым дүниеге келіп, бала күтімімен үйде отырғанымда бір күні үйге әкемнің інісі келді. Ол кісі біраз отырған соң, бірдеңе айтқысы келсе де қипақтап айта алмай отырғанын сезіп отырдым. Ананы-мынаны айтып, әр нәрсені сөз етіп отырып, сөз арасында: «Дәриятай, кеше маған Жамал хабарласты. Кім туралы айтып отырғанымды білесің ғой, айналайын. Осы Алматының шетінде бір ауылда тұрады екен. Өзі біраз ауырыңқырап, қалаға емделуге келіпті. Сендермен кездессем дейді…»
Мен туған анаммен әйтеуір бір кездесетінімді біліп жүрсем де, ағамның бұл сөзі маған төбемнен жай түскендей әсер етті. Ішімнен: «көргісі келсе осы уақытқа дейін қайда қалыпты» деп ашуым келіп отырса да, әкемнің сөзін есіме түсірдім де ағама: «онда осы үйге алып келіңіз, келсін» дедім. Кешке келгенде күйеуіме мән-жайды түсіндірдім. Ең қиыны туған анамыздың үйге келетінін Әсияға айту болды. Өйткені ол әкем қайтқаннан кейін мүлде өзгеріп кетті. Ешкімді тыңдамайды, күндіз-түні достарымен қыдырып кетеді, сабағына да дұрыс бармайды. Ол мен тұрмысқа шыққан соң өзімнің қасымда тұрып жатқан. Әлима мамамыз Тараздағы үйде қалды. Бірақ мамамызбен жиі хабарласып тұрамыз. Сонымен Әсияға туған анамыздың келетінін айтып едім, ол «менің бір ғана мамам бар, ол – Әлима, мен басқа адамды танымаймын, танығым да келмейді» деді. Ол бұл сөзді ашумен айтты ғой деп үндемедім.
Сөйтіп ертеңінде менің үйіме бізді ойланбастан тастап кеткен анамыз келді. Есіктен кіре: «Жандарым, Дәрияшым, деп бас салды, Құшақтап ағыл-тегіл жылап, сөйлеп жатыр. Әсияшым қайда» деді бір кезде екінші қызы көрінбеген соң.
Әсия сол күні үйге келмеді, телефонына хабарласып едім, дос қызының үйінде түнейтінін айтты. Ал мен шынымды айтсам, туған анамды көргенде жүрегім еш селт етпеді. Ол мен үшін жай ғана алыстан келген қонақ секілді. Бірақ Әсияның түр келбеті ол кісіге қатты ұқсайды екен. Дастархан басында ол: «Тағдыр ғой, әкеңмен бірге тұра алмадық. Сендерден тірідей айырды тағдыр. Осыдан бір жыл бұрын ауруханада жатқанымда маған тамақ әкеле жатқан үлкен қызымды машина қағып кетіп қайтыс болды. Құлынымнан қапыда айрылып қалдым, соңында екі баласы жетім қалды», деді де біразға дейін өксігін баса алмай жылады.
Біздің үйге біраз үйреніскеннен кейін ол менің бөпемді қолына алып, күйеу баласымен біраз әңгімелесіп отырды. Ол кісі ертеңінде де біздің үйде қалды. Сол күні үйге Әсия келді де, қарсы алдында өзінен аумайтын әйелді көріп біраз қалшиып тұрып қалды, Жамал апай (біз ол кісіні солай атаймыз) құшағын жайып жақындай бергені сол еді Әсия салқын ғана амандасып, өзінің бөлмесіне кіріп кетті.
Міне, соңғы үш жылдан бері Жамал апай біздің үйге анда-санда келіп тұрады. Бірақ Әсия әлі күнге дейін ол кісімен бір дастарханда отырып сөйлескен емес. Мен де туған анамыздың бізді тастап кеткенін әлі кешіре алмаймын. Кешіргеннен бұрын түсіне алмаймын. Қазір өзімнің де екі балам бар ғой. Осы екеуін күйеуіме тастап кетпек түгілі, балаларымды бір сағатқа біреуге сеніп тастай алмаймын. Мен күйеуімді құлай сүйіп тұрмысқа шықтым деп айта алмаймын. Бір-екі көргеннен кейін ол мені алып қашты. Біразға дейін бір-бірімізге үйренісе алмағанымыз рас. Бірақ балалы болғаннан кейін балаларымның болашағын ойлап, олардың толық отбасында, туған ата-анасының жанында өсуі керек екенін ойлап көндіктім. Әйел адам тек өзін ғана емес, ең бірінші балаларын ойлауы керек емес пе? Қандай ана кіп-кішентай балаларын оп-оңай тастай салады. Ондай адамды кешіруге бола ма? Кейде Жамал апайға: «Әкем жаман адам емес еді ғой, неге бірге тұра алмадыңдар? Сен бізді қиып қалай тастап кеттің, осы уақытқа дейін неге бір рет көруге әрекет жасамадың» деп айтқым келеді, бірақ оның ақталғанын да естігім келмейді.
Естуімше, Жамал апай әкемнен ажырасқаннан кейін де бірнеше рет тұрмыс құрыпты, бірақ қазір өзінен үлкен аға-жеңгесінің үйінде тұрады екен. Басқа балаларының бар-жоғын да білмеймін. Үлкен қызы қайтыс болғаннан кейін бізді іздегеніне қарағанда басқа балалары жоқ болуы керек.
Жамал апайға қарап отырып кейде ойлаймын, ол кісі өзін ешқашан кінәлі сезінбейтін секілді. Болған істің бәрін тағдырға жауып, өзін ақтағысы келеді. Бірақ мен туған анамды кешіре алар емеспін. Мен үшін туған анамнан да артық – өзімнің Әлима мамам. Бар өмірін әкеме, бізге арнаған Әлима анамды қатты жақсы көремін. Ата-енемнің үйінде қандай той-тоймалақ, қандай жиын болсын, құдағи болып Әлима мамам келеді. Ол кісі қандай құрметке де лайық. Ал туған анамды бізге жарық дүние сыйлағаны үшін сыйлаймын, бірақ жақсы көре алмаймын.
Автор: Дәрия, Алматы қаласы
Толығырақ: http://alashainasy.kz/otbasy/men-ushn-tugan-anamnan-bakkan-anam-artyik-57291/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі