Астана. 6 қараша. Baq.kz — Кәсіпқой бокстан WBA дәрежесі бойынша әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий Головкин 2014 жылы шаршы алаңда төрт кездесу өткізбек. Күрзі жұдырықты жігіттің келесі айқасы 1-ақпанда Монто-Карлода (Монако) өтеді. Алайда, әзірге қарсыласы кім болатыны нақты анықталған жоқ. Әрине үміткерлер бар. Бірақ Головкиннің еркіне салсақ, әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған аргентиналық Серхио Мартинеспен жұдырықтасуды қалап отыр. Бұл туралы Кертис Стивенсті сабасына түсіргеннен кейін тағы бір мәрте мәлімдеген еді.
Ал, шетелдік баспасөздің бірі Серхио Мартинестің Головкинмен кездесуге дайын екендігін жазыпты. Онда: «С.Мартинес: «Менімен бокстасуды қалайтын барлық қарсыласыммен шығуға дайынмын, оған Головкин де кіреді» деп мәлімдеді», — делінген. Демек, екі мықты келесі жылы бір-бірімен кездесу өткізіп қалуы мүмкін деген сөз. Спорт сарапшылары, белгілі боксшылар кәсіпқой бокста Серхио мен Генаның көшбасшы екенін айтады және олардың күш-қуатын, соққысын, шеберлігін салыстырып, бағаларын беріп жатады. Мәселен, Головкиннің де, Мартинестің де жұдырықтасып, жеңіліс тапқан Мэттью Маклин: «Головкин Серхиодан әлдеқайда мықты қарсылас. Ол — менің қолғап түйістіргендерімнің ішіндегі ең мықтысы. Серхио – мықты боксшы, бірақ Головкин – ұлы боксшы деп айтар едім. Мартинес – қазіргінікі, Головкин – келешектікі. Мартинес келешектікі болу үшін, Головкинмен шығуға келісуі керек», — деген болатын.