АЛТЫНОРДА
Новости

Мұхтар Әуезовтің нақыл сөздері

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің нақыл сөздерін ұсынамыз.

  • Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең. 
  • Маңына ұрық шашпаған жақсылық жапанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалады.
  • Өнерпаз болсаң, өр бол.
  • Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді.
  • Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы.
  • Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып:“Ақырғы  діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық.
  • Жігіт қадірі өнерімен өлшенер.
  • Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет.
  • Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле.
  • Еңбек шыққан жерден төзім де шығады.
  • Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен.
  • Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек.
  • Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік.
  • Адам көркі – ақыл.
  • Жігітті жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады.
  • Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана – шын мәнінде қымбат табыс.
  • Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиеттерінен құралады.
  • Адам баласының жасан құлқы жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен.
  • Тумай жатып – толдым деме, толмай жатып – болдым деме.
  • Қызғаныш – құрт ауруы, мыс қазанда қайнайтын азап оты.
  • Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім.
  • Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек.
  • Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза.
  • Жауға – жалынба, досқа – тарылма.
  • Амал: кіжіну бар, килігу жоқ.
  • Қол жетпес шыңыраудағы су болғанша, пайдасы көпке тиетін жайдақ су болған жақсы.
  • Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар.
  • Тамыр болдың – айтыс жоқ, Қолдан бердің – қайтыс жоқ.
  • Аузымен айды алып, қолымен қосаяқ соға алмайтын жандар бар.
  • Көбікті толқын санама.
  • Әділет тілесе – атаңның болсын айыбын айт.
  • Бас асауға – жез ноқта.
  • Кісінің бір ғайыбын маған айтқан адам – менің жүз ғайыбымды кісіге айтар.
  • Сын – шын болсын, шын сын болсын. 
  • Іздессең – табарсың, алыссаң – аларсың.
  • Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!

Жазбаға «Қазақ афоризмдері» кітабы қолданылды

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

http://massaget.kz/debiet/kkzhiek/15747