АЛТЫНОРДА
Новости

Мылқау спортшылардың мұңын кім тыңдайды?

f44336421111549c60c6e3e8254caba5Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Сурдлимпиада. Төрт жылда бір рет өтетін мылқаулар арасындағы дүниежүзілік спорттық бәсеке биыл 22-нші рет ұйым­дас­тырылмақ. Шілденің 26-сы мен тамыздың 2-сі аралығында Болгария аста­насы Софияда өтеді. Атал­мыш сынға Қазақстан спорт­шылары да жан-жақты дайын­далуда. Алайда билік тарапынан қолдау көрмей отыр­ған жерлестеріміздің бар мұң-шері ішінде. Софиядан жүл­демен оралған жағдайда қолдау көрсетіп, сыйақы бері­ле­тіндігіне күмәнмен қарай­ды. Оған себеп те жоқ емес.

Болгария Сурдлимпиадасына дайын­дық­тарын өз көзімізбен көру үшін жақында балуандарымыздың жиынына бардық. Алматының «Достық» спорт кешенінде жаттығып жатыр екен. Грек-рим және еркін күрес құрамаларының аға бапкерлері Ерлан Мұқажанов пен Мұрадым Мол­да­ға­лиев күтіп алды. Балуандардың жайы­мен таныстырып жүр. Кімге үміт артып, қай­сыларынан алтын күтетініне дейін тізіп берді. Сондай-ақ мылқау балуан­дар­мен қалай тіл табысатынына дейін айтты.

– Өткен жылы Астанада мылқаулар ара­сындағы ел чемпионаты өткен. Сол бірін­ші­лікте көзге түскен балуандарды ірікте­дік. Сөйтіп, 11 спортшыны таңдап алдық. София­ға баратын жігіттердің жетеуі Алма­тының «Дәулет» спорт мектебінде шынық­­қан. Үшеуі – Тараздың, біреуі – Шым­­кент­тің өрені. Енді екі апта жатты­ға­мыз да, София­ға жол жүреміз, – деп Ерлан Мұқа­жанов балуандардың жайын айта бастаған еді, сөзін бөліп жібердім.

– Еркін күресте де, грек-рим күресінде де жеті салмақ дәрежесінен болушы еді. Неге біздің құрамада 14 емес, 11-ақ балуан?

– Иә, мылқаулар арасындағы белде­сулер де жеті салмақ дәрежесінен тұрады. Бірақ бізде кейбір салмақтарда бәсеке­лес­тік соншалықты күшті емес, – деп әңгімеге Мұрадым Молдағалиев араласты. — Сон­дық­тан Сурдлимпиада ойын­да­рын­да ел намысын абыроймен қорғау үшін кейбір сал­мақ­тарда бір балуанды күрестің екі түріне де қатыстыруды жөн көрдік. Мыл­қаулар арасындағы турнирлерде бұған рұқсат етіле береді. Еркін күресте де, грек-рим күресінде де чемпион атанып жат­қан­дар аз емес. Мәселен, бізде 120 келіде Қай­ратхан Шоңқуға тең келер балуан жоқ. Сондай-ақ 60 келідегі Ғабит Есжанов та күрестің екі түрін де жетік меңгерген. 96 келідегі Асылжан Тәжиевті де тәуекелге барып, күрестің еркін түріне де, клас­си­калық түріне де белдестіруді жөн деп шеш­тік. Қаржы үнемдегеннен емес, бұлардың әлеуетін жақсы білгеннен, – деп еркін күрес құрамасының аға бапкері сөзін аяқ­тай беріп еді, Мұқажанов ары қарай іліп әкетті.

– Барлық балуандардың бабын жақсы білеміз ғой. Өз басымыз, «арық сөйлеп, семіз шығуды» көздеп отырмыз. Қайратхан Шоңқуға сенім артамыз. Ол 2009 жылы Тайпейде өткен Сурдлимпиада ойын­да­рын­да қолаға қол жеткізген. Осы жолы жеңістің ең биік тұғырынан көрінуге мүм­кіндігі бар. Әттең, жарақаты кедергі болып тұр. Туды сол ұстап шығу керек, егер ол бабында болмаса, 74 келідегі Дәулет Елубаев бар. Әйтеуір, медальсіз қайтпауға тырысамыз. Балуандарымыздың қай-қайсысы болмасын, жеңіске құлшынып-ақ тұр. Тек бір ғана нәрсе бар, кеудеге өксік тіреп тұрған, – деп аға бапкер үнсіз қалды да, шерін ары қарай тарқатты.

– Орыс тілін білеміз, бірақ өзге елдердің не деп жатқандарын ұқпаймыз. Ал мылқаулардың тілі әлемде біреу-ақ. Барлығы қолдың ымымен бір-бірін жақсы түсініседі. Айтпағым, халықаралық турнирлерде біздің жігіттер өзге елдің балуандарымен шүйіркелесіп жатады. Бір-бірінен, «сендерде мылқаулар спортына қаншалықты көңіл бөлінеді?», – деп сұрайды екен. Түріктер, парсылар, тіпті ресей­ліктер де өздеріне барлық жағдайдың жасалғанын айтып мақтанады ғой. Содан көңілдері түсіп, жігіттер бізге келеді. «Неге бізге сондай жағдай жасал­майды?» – деп ренжиді. Шынын айтсақ, үндей алмаймыз. Тоқетерін айтқанда, біздің спортшыларға да осындай жағдай жасалса дейсің ғой. Тым болмаса, Сурд­лим­пиададан жүлде алған спортшыларға сыйақы беріп, көңілдерін бір көтеріп қойса екен дейміз. Олар да ел намысы үшін сынға түсіп, көк Туымызды желбіретіп жатыр ғой.

– Сонда Сурдлимпиададан олжалы оралған оғландарымызға Үкімет тара­пынан ешқандай сыйақы қарас­ты­рыл­маған ба? – деппін жұлып алғандай. Жүзімнен таңданыстың нышаны білініп қалды ғой деймін, Мұрадым Молдағалиев те әріп­тесінің сөзін қостады.

– 2009 жылғы Сурдлимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларынан жалғыз болып Қайратхан Шоңқу жүлдеге ілікті. Сонда біз оған, «қара да тұр, елге оралғанда сені Мәрід Муталимов, Елена Шалыгина сияқты құрметтеп, сыйақыңды береді», – деп желпіндірдік. Өйткені шынымен өзіміз де солай ойлаған едік. Бірақ елге келгенде Қайратханға ешқандай да көңіл бөлінген жоқ. Ал мәселен Ресейде Паралимпиада, Сурдлимпиада және Олимпиада деп бөлмейді. Бәріне бірдей қарап, Олимпиада атой салған спортшыны қалай құрметтесе, Сурдлимпиада жеңім­пазына да соншалықты қошемет көрсетеді, – деді аға бапкер.

Шынында да, өзге елдермен салыс­тырғанда бізде жағдай басқаша екен ғой. Сол кезде Шоңқуға құрмет көрсетіліпті дегенді естімеген едік, журналистер қауы­мы да осыған аса мән бермей келіппіз. Ал шынтуайтына келер болсақ, Халықаралық Олимпиада комитетінің 2001 жылы Лозан­нада өткен отырысында Паралим­пиада мен Сурдлимпиаданың мәртебесі Олимпиада ойындарының мәртебесіне теңестіру туралы шешім қабылданған. 2009 жылы Ресей үкіметі Сурдлимпиада ойындарында жеңіске жеткен 29 жерлесінің әрқайсысына 100 мың евро көлемінде сыйақы тағайындаған. Күміс жүлдегерлерге – 60 мың, қола жүлде­герлерге 40 мың евродан берген. Міне, құрмет. Ал бізде ше?

Ойымды Молдағалиевтің сөзі бөліп жіберді. Тақырыпты ары қарай өрбітіп жатыр екен.

– Бізде Лалиев, Тигиев сынды легио­нерлер жоқ. Бәрі де – өзіміздің қаракөздер. Халықаралық аренада жеткен жетістіктері аз емес. Бірақ баспасөз беттерінде жазыла бермейді. Енді міне, төрт жылдық дода жақындап қалды. Бірақ жоғымызды түгендеген журналистер, шыны керек, аз. Ал Сурдлимпиада ойындарында жүлдегер атанған спортшыларға сыйақы тағайындау мәселесін 26 шілде күні қарастырып, тал­қыға салады деп естідік. Кім қарастырады, қалай қарастырады, ол жағын білмейміз. Бірақ мәселені шешіп берсе екен дейміз. Өзіміз үшін емес, спортшылар үшін сұрап отырмыз. Алайда, білуімізше, 26 шілде күні қарастырылатын болса, оның шешімі екі айдан кейін бір-ақ шығады екен. Ол уақытта Сурдлимпиада бітіп те қояды. Ал өтіп кеткен доданың жампоздарына сыйақы берілуші ме еді?! Сонда спорт­шылардың соншалықты еңбектері зая кетейін деп отыр ғой, – деп ағынан жарылды Мұрадым бапкер.

Міне, мылқау балуандардың мұңын жеткізген бапкерлеріміз осылай дейді. Әлбетте, орынды сын. Расымен де, спортшыларды денсаулықтарына қарай бөліп, алалау Қазақстан сияқты айбарлы елге жараспас. Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды көкке көтерген барлық спорт­шы­ларымызға бірдей қарағанымыз жөн болар. Сондай-ақ жеңімпаздардың жаттық­тырушыларын да ұмытпауымыз керек. Әйтпесе, жасыратыны жоқ, он екі мүшесі сау спортшылармен жұмыс жасау оңай емес, ал кембағал жандармен жұмыс істеудің машақаты тіптен зор екенін бәріміз де түсінеміз.

 

Сурдлимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан балуандары:

Еркін күрес

55 келі: Ердос Күдербаев (Алматы)

60 келі: Ғабит Есжанов (Тараз)

66 келі: Біржан Тезекбаев (Алматы)

74 келі: Дәулет Елубаев (Алматы)

84 келі: Сүлеймен Таяров (Алматы)

96 келі: Асылжан Тәжиев (Алматы)

120 келі: Қайратхан Шоңқу (Алматы)

Аға бапкер – Мұрадым Молдағалиев

Грек-рим күресі

55 келі: Нұрсұлтан Дүйсенбиев (Тараз)

60 келі: Ғабит Есжанов (Тараз)

66 келі: Бағдат Сәбитов (Тараз)

74 келі: Әбдірахман Оспанов (Алматы)

84 келі: Қайыржан Пернеев (Шымкент)

96 келі: Асылжан Тәжиев (Алматы)

120 келі: Қайратхан Шоңқу (Алматы)

Аға бапкер – Ерлан Мұқажанов

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ

 

http://alashainasy.kz/sport/44292/