Ресейде тергеу изоляторында бір айдан бері аштық жариялап жатқан Украинаның әскери ұшқышы Надежда Савченко «босатпаса, өлімге дайын» екенін мәлімдеді.
Қаңтардың 13-і күні Ресейдегі тергеу изоляторында қамауда жатқан Украина әуе күштерінің ұшқышы Надежда Савченконың аштық жариялағанына бір ай толды.
Ол «Ресей билігі абақтыдан босатпаса, осы жерде өлуге дайынмын» деп мәлімдеді.
«АЗАТ ТУҒАН АДАМ АБАҚТЫДА ӨМІР СҮРЕ АЛМАЙДЫ»
Қаңтардың 12-сі күні адвокаттары арқылы таратқан ашық хатында ол «Азат болып туған адам құлдықта өмір сүре алмайды. Кінәсіз болса, екібастан. Мен өзіме Украинаға қайта оралғанша немесе Ресейде ақтық демім таусылғанша райымнан қайтпаймын деп серт бердім» деп жазған.
Савченконың айтуынша, оны Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер былтыр шілде айында қолға түсіріп, заңсыз түрде Ресейге апарған. Ұшқыш өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарады.
33 жастағы Савченконы Ресей аумағында тұтқынға алдық деген Мәскеу оны Украинаның шығысындағы конфликтіден хабар таратып жүрген ресейлік «екі журналисті өлтіруге қатысы бар» деп айыптап отыр. Ресей заңдары бойынша, ол жалғыз кісілік камераға қамалған.
Савченко Совет заманында диссиденттер абақтысы ретінде аты шыққан Мәскеудегі психиатриялық ауруларды оқшаулайтын Серб институтында сот шешімімен бір ай отырып шықты.
«ХАЛІ ЖАҚСЫ ЕМЕС»
Аштық жариялағалы Надежда Савченконың денсаулығына алаңдаушылар көбейді. Ол 10 килограмға арықтаған деген мәлімет бар. Жылы су ғана ішіп жатқан оның тамырына түрме басшылығы глюкоза еккен.
Қаңтардың 13-і күні ұшқыштың адвокаты Марк Фейгин Twitter-ге «Оның халі жақсы емес» деп жазды.
Қаңтардың 12-сіне дейін созылған жаңажылдық демалыс кезінде Фейгиннің Савченкомен кездесуіне тыйым салынды.
Ресейлік құқық қорғаушы Анна Каретникова осы айда Савченкомен екі мәрте кездескен. Қамаудағылардың жағдайын бақылайтын Мәскеу қалалық қоғамдық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде ол түрмедегі Украина ұшқышымен кез келген уақытта кездесе алады.
Оның айтуынша, Савченко жатқан абақтыдағы ахуал Ресей түрмелерінің көпшілігіне қарағанда жақсы. Ол ешқандай жәбір көріп жатқан жоқ, дегенмен жіберген хаттары екі айдан астам мерзімге кешіктірілген. Бұл – заңға қайшы.
«ӨЛІМГЕ ДЕ ДАЙЫН»
Каретникова «Украина ұшқышының «бостандыққа шығып, Украинаға жетпейінше, аштықты жалғастыра беремін» деген сертінен өлсе де таймауға бекінгенін» айтады.
– Ол «аштықты тоқтат» деген талаптар мен өтініштерге құлақ аспай, соңғы демім қалғанша күресемін деп отыр. Бекініп алған, ешкімнің ақылын тыңдағысы жоқ, – дейді Анна Каретникова.
Сіңлісі Вира «Надежда Савченконың рухы мықты. Жалғыз кісілік камерада отыру оңай емес, ол кейде түңіліп те кетеді. Бірақ Надежда — алған бетінен қайтпайтын адам» дейді. Ол «Савченконың бұл әрекетін өзін-өзі өлтіру деп бағалауға болмайтынын» айтады.
– Бұл – оның қарсылық көрсететін жалғыз мүмкіндігі. Оның наразы болатын себебі: жазықсыз, сондықтан босатылуы керек. Украина барлық дәлелдерін берген және бұлтартпас айғақ та келтірген, – дейді ол.
Савченконың денсаулығына алаңдаса да жақтастары аштық жариялау шарасы Мәскеуді райынан қайтаруы мүмкін деп үміттенеді. Ресейдің саяси дау-дамайды ушықтырмау үшін Савченконы босатуы да ғажап емес.
Надя Савченко — әуе күштерінің ұшқышы ғана емес, Украинаның бұрынғы премьері Юлия Тимошенконың «Батьківщина» партиясынан сайланған парламент депутаты.
Осы партияның атынан сайланған депутат Алексей Рябчиннің айтуынша, Савченконың депутаттық мандаты оған көп септігін тигізіп жатыр.
– Әрине, оның да көмегі көп. Бұған қоса, биліктің барлық тармақтары да жәрдем беріп жатыр. Президентіміз оның жағдайына әрдайым назар аударып отырады. Халықаралық кездесулерде де Савченко туралы айтып жүр. Украина парламенті де, біздің фракция да тегіс қолғабыс жасап келеміз. Тіпті оппозиция да оны босату туралы үндеуге бірауыздан дауыс берді. Бұл мәселе бойынша бүкіл Украина бірлік танытып отыр, – деді Рябчин.
«ТЫМ САЯСИЛАНҒАН ІС»
Украинадағы депутаттығынан бөлек, Савченко Еуропа кеңесінің парламент ассамблеясында (ПАСЕ) Украина парламенті өкілдерінің бірі.
Парламент ассамблеясының келесі сессиясы басталатын күн – қаңтардың 26-сында әлемде Савченконы жақтаушылардың жаппай шеруі ұйымдастырылмақ. Надя Савченко осы сессия отырысына ресми түрде шақырылған қонақтар тізімінде тұр.
АҚШ-та орналақан change.org сайтында Надя Савченконы босатуды талап еткендердің онлайн петициясы жарияланып, оған бір күннің ішінде 700-ге тарта кісі қол қойған. Бұған қоса Twitter-де оны қолдаушылар #FreeSavchenko хэштегін пайдалана бастады.
— Оның ісі тым саясиланған. Сондықтан, бұл – аштық жариялау шарасы нәтиже беруі мүмкін сирек оқиғаның бірі болуы да ықтимал, – дейді Анна Каретникова.
(Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
http://www.azattyq.org/content/france_charlie_hebdo_attack/26790812.html