АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Нармахан

narmakhan-1Оңтүстік – тұрғындарының көп­тігімен де, мінез байлығымен де, жұрты жерді еміп өскен еңбек­қорлығымен де ерекшеленген өлке. Онда бейнеті ауыр «мақта» деген дақыл бар. Қоза өсіп шыққан соң, оларды жекелеп сирететін «же­ге­нелеу» – бастапқы жұмыс. «Жетілгенше жаңбыр шайып, суық­қа үсіп, тамыры шіріп, өз­де­рі-ақ азайып қалады», – деп ша­­­р­уа­­шылықтағы мамандар оны сиретуге ықыластанбай­тын. «Ба­­қы­­лаушылар» байқап қалса, жегенелеуді талап етеді. Сондай жиынның бірінде «Еңбек Ері» ағамыз: «Бие көп болса, құлын да көп», – деп сөйлеп, сөзі афоризмге айналып кетіп еді. Ол кісі «Еңбек Ері» болғандықтан, басшылар қарсыласпай қоя салған.

Сол айтқандай, тұрғыны көп об­лыста газет түрі де жетіп-ар­ты­­лады. Барлығы 250-ден аса басы­лым тіркелген. Солардың ішін­дегі шоқтығы биігі, өз мә­нері, дәстүрі, кеңес билігінің қыс­­­талаңы мен тәуелсіздіктің ер­кіндігін тұтас тартқан тарихы бары «Ордабасы оттары». Бұ­рынғы Бөген, қазіргі Ордабасы ау­да­нының шежіресі десе де бола­ды. Жарыққа шыққанына биыл 80 жыл.

Мамандығым келмесе де, осыдан отыз жылдай бұрын Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы Киров аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқарғаным бар. Бірінші хатшымыз Рашид Нұғыманов бір күні тікелей телефонмен:

– Бегалиевті шақыршы, – деді.

Ондай кісі бізде жоқ еді.

– Кімді дейсіз? – деп қалдым.

– Бегалиевті… ә-ә-ә, жоқ, Шега­лиевті шақыр, – деді.

Шегалиев – біздің аудандық газеттің редакторы. Шақырдым. Екеуміз бірінші хатшының бөлмесіне бірге кірдік. Сонда біздің ауданға Бөген ауданынан ауысып келгеніне екі жылдай болған басшымыз:

– Мен әлі күнге Бөгендегі Бе­га­лиевті айта беремін. Бегалиев атын ұмытатын адам емес қой, сәт­ті шығарған әр газеті үшін рақ­мет айтатынмын, – деді. Бұрын өлең­дері арқылы ғана есімін біле­тін Нармахан ағамен алдымен осылайша сырттай таныстым.

Осыдан 20 жыл бұрын әуелі Ал­матыға, 3 жылдан соң Астанаға қоныс аудардым. Осы мезгілде Нарағамен сыйласпыз. Ғылым док­торлығын қорғауға ізденісте жүргенімде, Ордабасыға арнайы барып, 2-3 күн болып, суармалы жерде шаруашылық жүргізу әдісімен таныстым. Шаруашылық жетекшілерімен, мамандармен сұхбаттастым. Аудандық газет­тің 5-6 жылдық тігіндісін де ақ­тардым. Мазмұнына көңілім тол­ды. Қандай мәселе көтерсе де мұ­қият қарастыратын, жалпы­ла­ма цифр қумайтын, құрғақ сөй­лем құрамайтын, өлі очерктері жоқ көшелі басылым екеніне көз жеткізгенмін.

Қай мекемедегі ұжым да бас­шысына қарап бой түзейді. «Бас­шы», – деген сөздің мағынасы (орыс­ша «руководитель) «руками водить» деген сөзден шыққан. Яғни, басшы қалай ұйымдастырса, іс солай жүреді. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында. Өйткені, кез келген басылымның «өз бе­ті», мәнері, мазмұны болуы тиіс. «Ордабасы оттары» қапысыз қалып­тасқан екен. Сексен жылдық тарихында талай-талай белестен өткен ол облыс көлеміндегі ең мазмұнды, астын сызып оқитын дүниесі көп газет.

«Ордабасы оттарының» отын көсеп жүрген азаматтар кімдер? Соңғы 40 жылдың бедерінде газет­ті кімдер басқарды? Сол тұста жа­сы кәмелетке әлі толмаған жас оқыр­маныңыз бүгінде зейнеткер, олар алғаш газет қарай бастағалы бері бір ғана редактордың аты-жө­­нін біледі. Ол – Нармахан Бега­лыұлы. Газет басшылығында жауапты хатшы және редактордың орынбасары қызметін атқарғанына – 47, редакторлығына 41 жыл то­лыпты. Қандай тұрақтылық?! Нет­кен жауаптылық?! Әртүрлі мінездегі хатшы мен әкім болды ғой сол жылдарда. Біреуі мен­меншіл, біреуі кірпияз…

Нармахан аудандағы ғана емес, облыстағы, тіпті республикадағы тарихи тұлға, социализм мен нарық арасындағы алтын көпір. Екеуіне де бейімделгені үшін емес, бар өмі­рі турашылдықтан, адалдықтан құралғаны үшін ықыластымын. Ойланып отырсам, Нараға туралы алғаш рет 1972 жылы оқыппын. Ты­нышбай Рахым былай депті: «1962 жылы Шымкент қаласында өткен жас ақындардың өлкелік кеңесіне Төлеген Айбергеновпен бірге жүріп, өмір мен өлең жайлы көп сырласқан қазіргі белгілі ақын Нармахан Бегалиевпен арада он жыл өткен соң, 1972 жылы тағы да Шымкентте, республика жас ақындарының басын қосқан II фестивальда танысып, өткен-кеткенді әңгіме еткенде, Төлеген Айбергеновтің әлгі жырының үшінші шумағы түпнұсқада, ақынның өзі бізге оқығанда: «Құ­ла­гер армандарымның, Құла­ғын қайшылайсың сен», – еді», деп, мәң­гі жас ақынды сол жолы да сағына еске алғанымыз есімде».

Нарағаң ізденгіш. Жанкешті. Дәлелдейін. Қазақстанда «Ақындар аллеясы» тұңғыш Ордабасыда ашылды. Ескерткіштер кешені ау­дандық мәдениет үйінің алдына орнатылған. Онда Майлы­қожа Сұлтанқожаұлының, Нұ­р­алы Нысанбайұлының, Орын­бай Тайманұлының, Бейсенбай Кенжебаевтың, Өтебай Тұр­ман­жановтың, Көпбай Омаровтың, Қос­жан Мүсіреповтің мүсіндері қойылып, аты-жөндері, туылған, дүниеден озған жылдары көгілдір мәрмәрға ойылып жазылған. Нар­аға осы ескерткіштерді мемлекеттен қаржы алмай-ақ, ақындар айтысын ұйымдастырып, содан жиналған қаржыны там-тұмдап жеткізген. Қазір Темірланға келген қонақтар «Ақындар аллеясына» соқ­пай кетпейді.

Ордабасы тауын жойылып кетуден сақтап қалғаны ерлікпен пара-пар. Кеңестік кезеңде бүкіл Одақтың теміржолына төселетін қиыршық тас шығаратын зауыттың жұмысын, КСРО-ның тұңғыш президенті М.С.Горбачевқа де­й­ін даусын жеткізіп тоқтатуы жан­кештілік емей не дейсіз? Өз басының қатерге тігілерін білсе де, тарихи орынды қорғауды жо­ғары қойды. Бұл көзсіз ерлік. Әрі өрлік! Ұлтымызда ұмыт бол­ған Қымызмұрындық тойын да жаңғыртқан Нарағамыз. 1990 жылдың 29 мамырында Ордабасы тауына Қазақстанның барлық облысынан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан ақын, жазушы­ларды, өнер қайраткерлерін шақы­рып, аталған мерекені және «Ор­да­басыға оралу» іс-шарасын өт­кізді. Осындай бастамалар Пре­зидентіміздің Ордабасы тауына назарын аударды ғой дейміз. 1993 жылғы 30 мамырда «Ордабасыға оралу» іс-шарасы Елбасы тарапынан ұйымдастырылды. Оған Қа­зақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Пре­зиденттері Н.Назарбаев, А.Ақа­ев, И.Каримов қатысып, мәң­гілік достық жөніндегі құжатқа қол қойды. Сол кездесуден үш ға­сырға жуық уақыт бұрын, дәл осы жерде тәуелсіздік пен туған елдің тұтастығы жолындағы халық бірлігінің туы көтерілгені тарихтан белгілі. Осы қасиетті орында Төле, Қазыбек, Әйтеке билер елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға жи­налған.

Қазір Ордабасы тауында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени, табиғи қорығы бар. Егер де кезінде Бегалыұлы бастама көтермесе, Ордабасы тауы мү­­жіліп бітер ме еді?! Әбден мүм­кін. Азаматтық болмыс деген осы болар бәлкім. Үш жылын сарп еткен, 2008 жылы жарық көрген «Ордабасы» энциклопедиясын алыңызшы. Тұтас бір ғылыми институт айналысатын тірлікті «Ордабасы оттары» газетін шығарып отырып-ақ Нарағаң ұжымы 135 баспа табақтық құнды дүниені көпшілікке ұсынды. Таралымы 1000 дана. Өте аз. Осыны мемлекеттік бағдарлама аясында қайта шығарса, еліміздің бар аймағына таратса, құба-құп боларлық дүние. Отан соғысы жылдарында жауынгерлердің май­даннан ата-аналарына, жар­ларына, бауырлары мен ту­ған-туысқандарына жазған үш­бұрышты хаттарын үйме-үй жүріп тауып, уақытша сұрап алып, бар­лығы 75 хатты жинап, оларды жү­йе­леп, құмырсқаша қыбырлап, газетте жариялады. Тек жариялап қана қоймай, «Ордабасылықтар отты жылдарда» атты екі томдық кітап шығарды. Мұны ерлік десек те, жауынгерлердің рухына тағзым десек те жарасады.

Нармахан Бегалыұлы ақын ғана емес, Афанасий Фетті қазақша тамаша сөйлеткен аудармашы да. Ешқашан көкірек көтермейді, кеуде кермейді. «Даңққа негізсіз иек арту – қорқыныштың шыңға өр­мелеуі, құламай қалмайды», – дейді ол.

Менің бір-бірлеп жинап келе жатқан жүздеген пәпкілерімнің ішінде «Қазақ әдебиеті» газетінің 1993 жылғы 25 маусымдағы нөмірі сақталыпты. Онда «Ақын Нармахан Бегалиев 50 жаста» деген айдармен арқалы ақын Ғафу Қайырбековтің «Оңтүстіктің жидесі» атты мақа­ласы жарияланған. Қаламдас ағасы әріптес інісіне ризашылық сезімін мөлдірете жазыпты.

Бірде жолым түсіп Созақтағы Баба түкті шашты әзіз кесенесінің жаң­ғыртылуына орай өткен үл­кен жиында Нарағаммен бірге жүр­дім. «Бұл баба – біздерді мұсыл­мандыққа мойынсұндыруға келген қожалардан болса керек», – деп қалып едім, ол кісі жұлып алғандай: «Жоқ, бұл өзіміздің текті бабамыз. Орыстардан қорық­қаннан ұлыларымызды «сырттан келген қожа, төре» деуден арылуы­мыз керек!», – деп мені түзетті. Тарихты мектептегі оқулықтан үйренгеннен аса алмай, дендеп айналысуға уақыт қимай жүрген кезім еді, ыңғайсызданып қалдым. Сөзі маған үлкен сабақ болды.

Нармахан Бегалыұлы туралы мына бір пікір дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат: «Турашылдық, байып­тылық, кішіпейілдік, па­ра­саттылық, мәдениеттілік, қара­пайымдылық, білімділік, барлық-барлығы оны қатарынан салиқалы етіп көрсетіп тұр».

«Кешегім – келместе, келешегім – белгісіздіктің бесігінде, мүмкін­дігім де, қуанышым да, бақытым да – бүгінде», – дейтін Нараға бір­­­де үзеңгілес інісі, жақсы жа­зу­­шы Мархабат Байғұттың шы­ғармашылығы жөнінде «Қазақы құнар» деген мақала жазып еді. Сонда маған: «Сол «қазақы құнар» туындыгердің өз бойына да лайық екен-ау», – деген ой келген.

Сарғайған газет тігінділерін парақтап отырмын. Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаң­ғытбаев Нармаханның өлең­­дерін оқыған соң: «Құрт іш­кен­дей құмардан да шықтым!»; Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фа­риза Оңғарсынқызы: «Мен ақын Нармахан Бегалыұлын классик деп танимын», – десе, Мемлекеттік сый­лықтың және бір иегері Темірхан Медетбек «Нармахан Бегалы» деген өлеңінде: «Бірақ сен сөйлесең, Ордабасы, Өгем де, Қазығұрт пен Бөген де Сөйлеп тұрады – Сол кезде адамның басына Тауға жиналған бұлттай Ой кеп тұрады», – деп әлгі тұжырымды шегелей түсіпті.

Қазақтың Қадырына айналған Қадыр Мырзы Әлі «Евразия» газетінде: «Нармахан – менің інім, Поэзия дейтін ару қызыма үйленген күйеу балам да тәрізді», – депті. Көрнекті ақын Өтежан Нұрғалиев: «Оңтүстіктік бір жолдасым еліне алып барғанда маған: «Осында бір тамаша ақын ағай бар, сіз танисыз», – дейді. «Ол кім?», – десем, Нармахан Бега­лиев екен. «Білемін ғой, иә сондай жігіт бар. Қазір аудандық газеттің редакторы болып кетті», – деп естігенмін дедім. Аудандық газеттің редакторының жұмысы ең оңбаған жұмыс, мен солай көремін. Райкомнан да жаман жұмыс қой, бармаймын ондайға», – дедім. Ордабасыны араладым, стадионын көрдім, тап-таза, балалар футбол ойнап жүр. Бір жерінде баскетбол ойнап жатыр. Қала болуға талпынып жатқан ауылды көріп, ішім жылып кетті. Күн жанып тұр. 45 градустай. Ұйымшыл, тәртіпті, осындай бір керемет елді көріп қуанып қайттым, ақын ініммен сә­лемдестім», – деп ырзаланған. Ақын Светқали Нұржанов:

«Нармахан Бегалыұлы ауылда жүріп-ақ шығарма жазып, үлкен әдебиетке сүбелі үлес қосып, соқ­талы олжа салып отыр», – дейді. Иран­ғайып: «Ұлы өнерді ұрандап, Болашаққа баратын – Түркістанда – түмен бап, Темірланда – Нар ақын», – деп түйіндеген.

…Тұңғиығы түпсіз алқаракөк ас­панға, бұлттарға қарайсың. Сонан соң сатирик-жазушы Көпен Әмірбектің: «Нармаханның поэзия­сы қазақтың өз қанындай таза», – деген пікіріне бас изейсің.

Иә, Нарағаңның поэзиясы қан­дай кіршіксіз болса, шығарып отырған газеті де сондай таза.

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Ордабасы ауданы,

Темірлан ауылы.