АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Нұр Отан» партиясы жұмыспен қамтыды

13810-6-detei_ne_ostavili_v_be_ru
«Айқын» газетінің редакциясына Алма­ты облысы Сарқан ауданынан бір күнде үш тұрғын хабарласып, өз­дерінің тұрақты жұмыс табуына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы басшыларының көмектескендігін хабарлап, оларға алғыс айтқылары келетіндігін жеткізді.Телефон шалғандардың бірі – Лепсі ауылының тұрғыны Әлия Рақымжанова. Әлияның айтуынша, төрт баласы бар, күйеуі аурушаң. Соңғы жылдары ұзақ уақыт бойы жұмыс жоқтығынан не істерін білмей дағдарып жүріпті. Содан ол өзін қинаған жұмыссыздықты айтып, «Нұр Отан» пар­тиясының Сарқан аудандық филиалындағы азаматтарға жолығыпты.
– Партияның «Қоғамдық қабылдау» бөлімінде мені Сарқан ауданы әкімінің орын­басары Мұрат Түсіпов мырза қабыл­дап, жағдайымды толық түсінді. Содан ол кісі мені аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жіберді. Бастапқыда олар маған екі ай бойы ақысы төленетін жұмыс берді. Сөйтіп, мен Лепсі ауылын көркейту жұмысына үлес қостым. Бірде осындағы көшелерді қоқыстан та­зарт­сам, енді бірде ағаш егіп, көгалдандыру жұмысымен айналыстым. Осылай екі ай бойы жұмыс жасап, біраз қаражат таптым. Одан соң «Нұр Отан» партиясы Сарқан ау­дандық филиалы басшыларының көме­гімен Лепсі ауылындағы Ушинский атын­дағы орта мектепке жұмысқа орналастым. Міне, мен осылай «нұротандықтардың» көмегі жағдайында тұрақты жұмыспен қамтылдым. Ай сайын тиесілі айлығымды алып, отбасымды қуантуға қолым жетті. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қызметкерлеріне сіздердің басылым арқылы алғыс айтқым келеді, – деді бізге Лепсі ауылының тұрғыны Әлия Рақымжанова. 
Сондай-ақ осы аудандағы Көкжиде ауы­лының тұрғыны, қарамағында үш ба­ла­сы бар жалғызбасты ана Бақытжан Уәлиева да «Нұр Отан» партиясының Сарқан аудан­дық филиалына жағдайын айтып барып, жұмыс тауып беруін өтінген екен. Қара­пайым тұр­ғындардың әлеуметтік жағдайын бірінші орынға қоятын нұротандықтар Бақытжан Уәлиеваны да екі ай бойы уақыт­ша қоғам­дық жұмысқа тартады. Осы уақыт аралы­ғын­да Бақытжан өзіне тапсырылған әрбір істі ыждағаттылықпен атқарып, қолынан іс келетінін көрсете біледі. Содан оған үлкен үміт артқан «Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалының басшылары оны Көкжиде ауы­лындағы дәрігерлік ауруханаға жұмыс­шы етіп орналастырды. Бақытжан болса, өзіне көмек көрсетіп, жалақысы бар тұрақ­ты жұмыс тауып бергені үшін нұротан­дықтарға шексіз алғыс айтуда.
Біз Алматы облысы Сарқан ауданындағы «Нұр Отан» партиясының филиалына теле­фон шалып, аудан әкімінің орынбасары Мұрат Түсіпұлымен әңгімелесіп, партия­ның жергілікті филиалының аудан тұрғын­дарымен байланысы туралы сұрап білдік
– «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы тұрғындармен үнемі тығыз байла­ныста. Мысалы, үстіміздегі жылдың он айы ішінде біздің партия филиалына 103 тұрғын өздерінің ой-толғаныстары мен шағымда­рын айтып келді. Соның ішінде 10 тұр­ғын­ның арыз-шағымы дереу қанағаттан­ды­рылды. Әзірге бір мәселе, толық шешілмей тұр. Ол – Алматы облысына алыс-жақын шетелдерден қоныс аударған оралман ағай­ындарды құжатпен қамту, яғни азаматтық алу мәселесі. Дегенмен, заң талаптарына сәйкес алуан түрлі анықтама жинау үшін уақыт керек. Қазір бұл мәселе жан-жақты пысықталуда. Алдағы уақытта бұл мәселе біртіндеп шешілуге жақын. Тағы бір маңыз­ды мәселе, қазір тұрғындар көп жағдайда бізге жұмыссыз жүргендеріне шағымданып, жұмыс тауып беруімізді сұрайды. Осыны ескеріп, біз қайткен күнде оларды жұмысқа тартуға тырысамыз. Мысалы, елімізде қа­былданған тұрғындарды «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес біз жұмыс­сыз тұрғындарды аудандық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлі­мімен бірлесе отырып жұмысқа тартудамыз. Нәтиже де жаман емес. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық фи­лиалының көмегімен біраз жыл бойы жұ­мыссыз жүрген бірталай адам тұрақты түрде жұмыспен қамтылды. Тағы бір мысал, Лепсі ауылының Макира Мұқатова есімді тұрғы­ны осындағы ауылдық мәдениет үйінің кітапханасына жұмысқа тұрғызылды. Бұған қоса, тұрғындардың арасында өздерінің әлеуметтік жағдайының нашарлығын, тұрғын үйдің әлегін көріп жүргенін айтып, көмек сұрап келетіндер де бар. Мысалы, біз «Нұр Отан» партиясының жергілікті фи­лиа­лында төрт баласы бар, екеуі мектеп оқу­шысы, ал қалған екі баласы жастайынан ауру, жалғызілікті ана Айзада Жексен­баева­ның шағымы бойынша (тұрғын үйі тұруға қолайсыз, құлауға жақын екен) Лепсі ауы­лы­ның тұрғындары мен жергілікті кәсіп­керлердің қолдауымен әлгі адамға 500 мың теңгеге үш бөлмелі тұруға қолайлы үй сатып әпердік. Жалғызбасты ана Айзада Жексен­баева бізге шексіз алғысын айтып, айрықша қуанышқа бөленді. Бір сөзбен айтқанда, «Нұр Отан» партиясының басты мақсаты – қарапайым тұрғындардың арыз-шағым­дарын қысқа мерзімде қарап, нақты шешім қабылдау болып табылады. Сондықтан біз әлеуметтік жағынан аз қорғалған тұрғын­дар­ға әрдайым қол ұшын беруге дайынбыз, – дейді «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасары Мұрат Түсіпұлы.

Жомарт Молдахметұлы

«Айқын» газеті