АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Қайыржан ТӨРЕЖАН.АМЕРИКАНЫ КІМ АШТЫ?

20130917-00092030«Американы Колумб ашқан» — бұл әрбір мектептің оқушысына белгілі. Колумб 1492 испан королінің тапсырмасымен Америка құрлығында болды. Оны неге Христофор Колумб деп атайтыны белгісіз, ал Испания мен Португалияның тарихында бұл саяхатшы Кристобаль Колон деген атпен қалған. Колумбтың 1492 жылғы экспедициясы үш кемемен шыққан 90 адамнан тұрды. Алайда еуропалықтар мен қытайлар, норманндар мен арабтар Америка жағалауына бұған дейін де жүзіп барған екен. Бірақ Колумбтың саяхаты орталық және оңтүстік Америкаға барған ең алғашқы, нақты дәлелденген экспедиция болып саналады.

 

Колумб ашқан құрлыққа оның есімі берілген жоқ, тек оның орталық бөлігіндегі кішкентай ғана ел Колумбия деп аталады. Өйткені ол өз өмірінің соңына дейін Индияға баратын жаңа теңіз жолын аштым деп есептеді. Саяхатшының қателесуі Америка континентінде тұратын жергілікті халықтың бүгінге дейін үндістер деп аталуына себеп болды. Арада жеті жыл өткеннен кейін Колумб барған жерге басқа бір атақты теңізші – Испания мен Португалияның теңіз қызметінде жүрген  Флоренция азаматы Америго Веспуччи жетті. Ол басқадай тұжырым жасады. Бұл жер Индияға мүлде ұқсамайды, бұрын бізге белгісіз болған континент деп жариялап, оған Жаңа Жер деген ат беруді ұсынды.  Бірақ Америго Веспуччи де жаңсақ айтып, қателескен, бұл жерде еуропалықтар сол кездің өзінде тұрып жатқанын бүгінгі археологтар дәлелдеп отыр.

 

1507 жылы Лотарингиялық картограф Вальдзмюллер құрлыққа  Веспуччидің құрметіне Америка деген ат қойды. Осылайша жаңа ашылған құрлық 15 жылдан кейін бүгінгі күндегі географиялық атауына ие болды. Еуропадан барып қоныстанғандар «америкалықтар» деп аталды, ал жергілікті халықтың атауы «үндістер» болып қала берді. Біз білетін тарих осындай, бәрі де дұрыс сияқты. Бірақ бүгінгі заманның зерттеушілері Жаңа Жерге Колумбтан да бұрын барып өмір сүрген деген пікірде. 

1215084213_ccefca7aef8bf438d8ee6e0c57d943ed_full[2] 

 «Бұл жерде Лейв болды»

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында Солтүстік Америка құрлығының шығыс жағалауларынан археологтар бұдан 800-1000 жыл бұрын осы жерлерде Еуропаның солтүстігінен келген викингтер немесе норманндар тұрғанын дәлелдейтін заттарды тапты. Атлант мұхитының жағалауларынан табылған тас ғимараттар мен бекіністердің орындары, жартастарда қашалып жазылған руна жазулары, ыдыстар, қарулар мен киімдердің фрагменттері сияқты археологиялық жәдігерлер мұнда мұхиттың арғы жағынан келген еуропалықтардың ұзақ уақыт өмір сүргенінің дәлелі болып табылады.   Демек, Колумбқа дейін 500 жыл бұрын еуропалықтар мұнда келіп өмір сүрген. Мұны америкалық ғалымдар да мойындап отыр. 1964 жылы Конгресстің айтуымен АҚШ президенті Линдон Джонсон жыл сайын 9 қазанда Лейв Эйрикссонның күнін атап өту туралы  заңға қол қойды. Ежелгі скандинав аңыздары мен жылнамалық деректерге сәйкес, Ньюфаундленд аралының солтүстік шетіне – қасиетті Виландқа сол күні келіп қоныстанған екен.

         Скандинавтардың іздері Флорида мен Мексика жағалауларынан да табылып жатыр. Зерттеушілердің көпшілігі Анд тауының етегінде, қазіргі Боливия аумағында орналасқан ежелгі Тиауанако қаласын викингтер салған деген пікірде. Бұл мәселені ғалымдар XIX ғасырдан бастап зерттеп келеді.

bolivia0012[3]

1975 жылы Буэнос-Айрестегі антропологиялық институттың директоры, француз ғалымы, профессор Жак де Майе сенсациялық жаңалық ашты. Еуропадан келген викингтер Амазонка бассейнінде өмір сүрген, тіпті оңтүстікамерикалық құрлықтың алыс түпкірі – Бени мен Мадейра салаларына дейін өрістепті. Бразилияның Пиауи штатында ғылыми экспедиция тым ертеректе салынған храмның биіктігі он метр болатын  қабырғаларына кезіккен. Ондағы рундық жазулар ежелгі дат-норвег тіліне келетіндігі, тастан қашалған статуялар викингтердің скандинавиялық дәуіріне жататындығы белгілі болды. Жак де Майе Оңтүстік Америка құрлығындағы «ақ нәсілді үндістер» тайпасын 20 жылдан астам уақыт зерттеп, осындай жаңалық ашты.

 

Америкаға алғаш барған арабтар ма, қытайлар ма?

Америка жағалауларына алғаш табан тіреген викингтер болмауы әбден мүмкін. Мысалы, Теннесси және Джорджия штаттарындағы жартастарда қашалған жазуларға қарап бұдан үш мың жыл бұрын осы жерде еврей халқы тұрған деген тұжырым жасауға болады. Сондай-ақ, Американы ашқан араб теңізшілері деген болжам да бар. Ортағасырлық араб аңыздарында Америкада ғана өсетін өсімдіктер мен жануарлар туралы айтылған. Аңыз бойынша арабтар қазіргі Морокконың Касабланка қаласы тұрған жерінен алыс сапарға аттанып, ғажайып жерге дейін жеткендігі баяндалады. Ал Еуропада бұдан жүздеген жыл бұрын Америкаға бірінші болып қытайлар барған екен деген сөз бар. Пекиндік бір профессор 1962 жылы тарихи зерттеулерінде былай деп жазыпты: «біздің дәуірімізге дейін 459 жылы будда монахы бастаған алты теңізші Мексика жағалауына түсті…» Бұл жерде ол ежелгі қытай аңыздарына, мифтеріне, нумизматикаға арқа сүйеп, ацтектердің мәдениетінен қытайлық қолтаңбаларды іздейді.

1975 жылы Америка эпиграфиялық қоғамның бірнеше ғалымдары тағы бір жаңалық ашты. Олардың айтынша, бұдан 2500 жылдай бұрын Америка континентінің солтүстік-шығыс жағалауына Солтүстік және Орталық Еуропаны мекендейтін кельттер келіп қоныстанған екен. Олар да жартсстарға қашап белгі қалдырған. Ондай жазулар Нью-Хэмпшир және Вермонт штаттарында кездеседі. Ежелгі заманның тастағы жазуларын зерттеген Гарвард университетінің профессоры Барри Феллдің мәлімдеуінше, оны жартасқа қашаған адам біздің дәуірімізге дейін VII және III ғасырларда өмір сүрген. Демек, Америкаға еуропалықтар Колумбқа дейін 2000 жыл бұрын келіп алған болып шықты.

         Мысырлықтар да мұнда келіп-кеткен деген гипотеза бар. Феллдің болжамы бойынша, біздің дәуірімізге дейін 231жылы мысырлықтар Тынық мұхитын (!) жүзіп өтіп, қазіргі Сантьягодан 200 шақырым оңтүстікке қарай Чили жеріне түскен. Бұл сөзге дәлелді Техас университетінің ғалымдары тапты. Кордильер тауындағы Каса-Пинтада үңгіріндегі Птолемей мысырға билік жасағанына 16 жыл (ол б.д.д. 246 жылдан бастап Мысырға патша болды) болған деп белгіленген жазуда:  «…оңтүстік жағалау шекарасы Мавиге дейін жетеді… Флот осы оңтүстік шекараға дейін жетті. Теңізшілер бұл жерлерді Мысыр патшасы, патшайымы және оның ұлы үшін иеленеді», деп жазылған. Әрі қарай осы жерлерді нақтылап суреттейді. Ғалымдар Феллдің айтқандарымен осы жазулардың дәл келетіндігіне қайран қалып отыр. Ливияда табылған жазу және полинезиліктердің жазуларындағы сөздер де тура осыны айтады. Онда Ежелгі Мысыр, қазіргі Ливия тұрғындары Полинезия аралдары арқылы Тынық мұхитпен оңтүстік Америка жағалауларына дейін жеткен.

   Америка құрлығына кімнің аяғы бірінші тигенін біз ешқашан да біле алмаймыз. Егер бұл құрлықтың негізгі халқы үндістер деп алатын болсақ, онда Американың алғашқы тұрғындары азиялықтар болып табылады. Үндістер деп жүргеніміз бұрынғы Азия құрлығының тұрғындары, бұлар өте ертеде Беринг бұзағы арқылы Азиядан Аляскаға өтіп, әрі қарай ұрпақ жайып тарала берген. Оны да ғалымдар дәлелдеп жатыр. Олардың тұрмыс-тіршілігінен қазақтарға көптеген ұқсастық табуға болады. Соған қарағанда олардың түп-тамыры бір кездерде бүкіл Сібірді жайлаған түркі халықтарымен бір болуы керек. Осы жағынан алсақ Америкаға ең алғаш барғандар викинг те, араб та емес, еврей де, қытай да емес, түркілер деп қарауға болады.