АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Нұрбек БЕКБАУ. Қазақ хандығы қалай және не себепті құрылды?

291178_1395053590_300_262_0Бұл сұраққа 15 беттік дәптер тарихымыз бүй дейді: «Қыпшақ Қобыланды батыр арғынның Ақжол биімен сөзге келісіп қалады. Бұл араздың соңы әуелгінің кейінгіні мерт етуімен аяқталады. Ол кезде Әбілхайыр хан қыпшақ руына көбірек арқа сүйейді екен. Керей мен Жәнібек сұлтандар арғын жұртына жақтасып, қыпшақ батыры тиісті жазасын алсын дейді. Әбілхайыр хан көнбейді. Ренжіген екі сұлтан соңынан 20 мың түтінді ертіп, Моғолстанға көшіп кетеді. Содан…»

…содан Қазақ хандығы құрылыпты-мыс. Сеніңкіремей сөйлеудің де себебі бар. Себеп сол, әлем тарихында ешқандай мемлекет екі адамның ренжіп қалуынан пайда болған емес. Шынын айтсақ, Әбілхайыр хан әлгі екі сұлтанның ренішін басуға шамасы жетіп артылатын. Кезінде Керей руы да бұлқан-талқан боп ашуланып, Сырдариямен төмен көшіп бара жатқанда Абылай хан Бұқар жырауды жұмсап, көштің басын кері бұруға көндірген болатын. Екі сұлтанның ренішін басып, қайта ханына адал етуге Әбілхайыр сол заманның абызы Асан Қайғыны жібере алар еді. Бұл аздық етсе, алтын-күміс арқалаған керуен жіберіп, болмаса қызын беріп те, бетін бері қарата алар еді. Жоқ, хан мұның біреуін жасаған жоқ. Яғни, әңгіме реніште болмаса керек.

Шыны сол, біздің қолымызда жүрген дәптер іспеттес 5-6 парағы бар тарих кітабына сене беруге болмайды. Бұл тарихты оқып отырсаң, қазақ мемлекеттік құрарда сепаратизмге барған деген астарды санаңа тықпалайды. Керей мен Жәнібек біртұтас халықты бөліп ап, өздері жеке билегісі келген. Содан оңтайлы сәтті күткен. Қобыланды мен Ақжол бидің дауы бұрқ еткенде, оны өршіте түскен. Арғынның батырын жоқтаған боп, ел ішіне бүлік салып, жұртты бөліп ап, кетіп қалған. Тарихымыз осылай дейді.

Стоп! Ақжол биді өлтіргенді әділ жазаға тартпадың деп қос сұлтан қатты ренжіпті. Мақұл, сендік. Бірақ, Керей мен Жәнібек ренжіді екен деп, соңынан қалай ғана 20 мың түтін немесе 200 мың адам еріп кетті екен? Арғын руы ғой, олардыкы түсінікті. Қаза болған кісі – қандасы. Ал өзге руларға не жорық? Керей, Уақ, Үйсін… Олар не үшін Дешті-қыпшақты тастап кетті? Жоқ, Керей мен Жәнібек сұлтандар ханға ренжігеннен кеткен жоқ. Халық олардың соңынан «бір реніш» үшін ерген жоқ.

Қос сұлтан көшпелі жұртқа керемет идеяны жайды. Халық сол идеяның соңынан ерді. Ол не идея еді? Стоп. Бұл сұраққа жауап бермес алдын, сол заманда, дүние жүзінде не болып жатыр еді? Еске түсірейікші. Туыстас түріктер кеше ғана Ыстамбұлды жаулап алған еді, енді империяға айнала бастады. Ал Еуропада тігін станоктары һәм кітап басу құралдары пайда болып, бұл құрлық қазіргі тілмен айтқанда «индустрия ғасырына» аяқ басып жатқан-ды. Жердің ең шетінде отырған испан мен португалдар жаңа жер іздеп, ашық теңізге шыға бастады. Көп өтпей,Христофор Колумб дейтін саяхатшысы Американы ашқанын білесіз.

Ал кіндік Азияда сол жылдары не болып жатты? Ештеме! Әуелде кез-келген жаңалық осы Орталық Азиядан, көшпелі жұрттан шығушы еді. Талай ғасыр әлемді алақанында шыр айналдырған көшпенділер дәл осы заманда тоқырады да қалды. Жығылған үстіне жұдырық деген. Әбілхайыр билік ететін көшпелі өзбектер армиясы сол жылдары босып жүрген қалмақтардан үсті-үстіне бірнеше рет жеңілді. Масқарасы сол, бұл жұрт ол заманда әлімемлекеттік құрып үлгермеген еді. «Кеттік пе, кеттік» дейтін ұранмен бастары біріккен қалмақ жігіттеріненӘбілхайырдың армиясының жеңіліп қалуы нені білдіреді?

Бұл дегенің көшпелі өзбектер мемлекетінде жағдай мүшкілденгені сонша, армияға қарауға уақыт жоқ деген сөз.Солтүстікте Мәскеу кінәздігі күш алып, бұрынғы Алтынордаға тиесілі болған жерлерді жаулап ала бастады. Оған әй деуге қауқар жоқ-тын. Күн шығыстан Қытай басын қылтита бастады. Парсылар да пасық пейілі барын байқатты. Иә, қаңғыбас қалмақтан быт-шыт болып жеңілгенде, империяға айналған Қытай, Парсы, Орысың көшпелілердітұяқ серпуге де мұрша берместей етер еді. Бұлай жалғаса беруге болмайды! Жағдайды өзгертпесе, бір кездері әлемнің қожайыны болған көшпелілер кім-көрінгеннің қолжаулығына айналардай еді. 

Керей мен Жәнібек осыны көрді. Сөйтті де, халыққа ұлы идея ұсынды. «Алтын Орда империясын қайта қалпына келтірейік» деген ұранды көтерді. Жұрттың күткені де осы еді. Қайран болмаған ханды тастап, ел-жұрт қос сұлтанның соңынан ерді. Империя, өркениет құрғысы келді. Айтпақшы, өркениетке ұмтылған халықтың иелігіндеқалалар мен шаһарлар болуы шарт. Себебі мәдениет деген сөздің өзі арабтың «мәдина» — қала деген сөзінен шыққан емес пе? Мәдениет, білім-ғылым, өндіріс осы қалаларда пайда болады, осы қалалардан таралады. Бұлбұлжымайтын заңдылық.

Не керек, Шу өңіріне жеткесін, Керей мен Жәнібек қала салуға кірісті. Тарихи деректерге сенсек, қос сұлтан 50 шаһар соғыпты. Қала салу бар да, оның өміршеңдігін қамтамасыз ету деген бар. Жәнібек пен Керей жаңа шаһарларына сауда жолдарын тартудың амалдарын ойластыра бастады. Мұғулстанның һәм Үндістанныңкөпестеріне көп тарту-таралғы берді. «Еуропаға шыққың келсе, біздің қалалардың үстімен жүр» деген ұсыныстарын айтты. Десе де, сауда пәленбай ғасырлық ескі соқпақпен жүргенді хош көрді. Керей мен Жәнібек Алтын Орда империясын қайта тірілткісі келсе, Әбілхайыр хандығының жырындысы, тоғыз жолдың тоғысар тұсында жатқан Мәуренахр (Сыр мен Әму арасындағы қалалар) өлкесін өзіне қаратуы тиіс еді. Бұл бір жағынан,сауда жолына иелік етуге алып келеді. Кім сауданың жолын иеленді екен, сол баю мен дамуға бет алатыны бар. Екінші жағы бар: дәурені өткен, бүгінінен қайран жоқ мемлекетті – жас, амбициясы орасан хандық тарихтан ысыруы керек. Сөйтіп, бір кездері бір ұлт болған халықты қайта біріктіру керек. Көптің ойы да осы еді.

Не керек, Шайбанидтер әулетімен 400 жылға созылған қиян-кескі шайқас басталды. Екіге жарылған бұл халық қашан бір ұлтқа айналады? Бұл енді болашақтың еншісі…

http://www.jaqsy.kz/