АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Нұрлан Өтепұлы БАЛҒЫМБАЕВ

Nurlan-Balgimbaev-2Қазақстан жұртшылығы ауыр қазаға душар болды. 68 жасында Қазақстан Республикасының көрнекті саяси және мемлекет қайраткері Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев дүниеден озды.

Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев 1947 жылғы 20 қарашада Гурьев қаласында дүниеге келді. 1973 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тәмамдады, 1992-1993 жылдары Массачусетс университетінің тыңдаушысы болды.

Еңбек жолын 1964 жылы моторист көмекшісі болып бастады. 1973-1977 жылдар аралығында «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің ұңғымаларды жерасты жөндеу, мұнай өндіру операторы, шебері, ауысым басшысы, аға инженері болып жұмыс істеді. 1977-1994 жылдары «Ембімұнай», «Ақтөбемұнай», «Басмұнайгазөңдеу» бірлестіктерінде, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінің мұнай өңдеу жөніндегі бас басқармасында басшы лауазымдық қызметтер атқарды.

1994 жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып тағайындалды, 1997 жылғы наурызда «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ басшысы болды.

1997 жылғы қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Н.Ө.Балғымбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды және екі жыл бойы Қазақстан Республикасының Үкіметіне басшылық жасады.

1999-2007 жылдар аралығында «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» ЖАҚ, «Қазақстанның мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ-ты басқарды.

2007 жылғы желтоқсан мен 2011 жылғы қараша аралығындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі лауазымында болды.

Н.Ө.Балғымбаев соңғы кездері «ҚазМұнайГаз» салынып жатқан кәсіпорындары дирекциясының» бас директоры болып жұмыс істеді.

Нұрлан Өтепұлының ел алдындағы еңбегі 2-ші дәрежелі «Барыс» орденімен, көптеген медальдармен және құрметті атақтармен атап өтілген.

Қазіргі Қазақстанның қалыптасуына, отандық мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев елеулі үлес қосты. Ол өз елінің нағыз патриоты, пәрменді басшы әрі жоғары дәрежедегі кәсіпқой маман еді.

Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі

Елдікке еңбек еткен

Ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық төл ұғымымызға айналып үлгерген мұнай деген сөз ойға оралса, алдымен еске түсетін санаулы шаңырақтардың бірі Балғымбаевтар әулеті еді.

Бұған дейін бұрғы мен ұңғыға бауыр басып қалған қалың қауым алға қаздай тізіліп, қатар адымдап алда жүретін ағалы-інілі Өтеп, Салтанат, Мақаш дейтін әйгілі әріптестерінен айы­рылып, орны толмас қазаға ұшырап, қапы соғып қалған-ды.

Сонда атақты ұрпақтың әке орнын бала, аға орнын іні басып, еңбектерімен көгерген көсегелері бір мысқал да ортаймап еді.

Бұл жолы тек Балғымбаевтар шаңырағындағы жас буын, жаңа ұрпақ қана емес, бүкіл қазақ экономикасы, еліміздің атын шығарып, абыройын асырып отырған мұнай өнеркәсібі, күннен күнге өркендеп өсіп жатқан ғылыми-техникалық ойымыз ауыр қазаға ұшырады.

Арамыздан тепсе темір үзетін дер шағында Нұрлан кетті. Жастайынан ол өз әулетінің жолын қуып, дәстүрін жалғастырды. Жем, Жайық, Маңғыстау далаларының тұңғиықтарына бойлап, жаңа кен орындарын тапты. Туған жердің қазына байлықтарын зерттеп, ғылым докторы атанды. Әлемдік тәжірибеге де дер кезінде құлаш сермеді. АҚШ-та тәжірибеден өтті. Әлі бейтаныс нарық экономикасын тереңдеп бойға сіңіруге күш жұмсады.

Аса ауыр жылдарда мұнай өнеркәсібі министрі, ұлттық мұнай және газ компаниясының президенті болды. Ұлттық үкіметімізді басқарып, көпсалалы дербес экономикамыздың ойдағыдай қалыптасуына аянбай еңбек етті. Елорда төсінде жаңа Астана орнығуына үлес қосты.

Елдікке еңбек еткен аяулы азаматымыз, көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ халқының маңдайы жарқыраған тамаша ұлы Нұрлан Балғымбаевтың абзал бейнесі есімізден кетпек емес.

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Еңбек Ері.

Балгимбаев-4Адамгершілік қалпынан айнымаған жан

Нұрлан Өтепұлы үлкен азамат еді. Біз еліміздің тағы бір көрнекті қайраткерінен, баршамыз ерекше қадірлейтін бауырымыздан айырылдық. Сұм ажал айтып келеді деймісің. Десе де, халқымыздың жайсаң да жанашыр жігітінен осылай қапылыста көз жазып қаламыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Нұрлан бауырымыз Үкіметті де, мұнай саласын да басқарды, министр де болды. Қандай үлкен қызметте жүрсе де шіренген емес, адамгершілік қалпынан айныған жоқ. Үлкенге – іні, кішіге – аға бола білді. Жаны таза да жайсаң, көпшіл әрі қарапайым, қадірлі де адамгершілігі мол жан еді.

Абзал азамат ешқашан алдымызды кесіп өтпеді. Жан дүниесімен әдемі әрі әзіл-қалжыңы да жарасып тұратын. Менімен бірде күйеу, бірде балдыз болып қалжыңдасатын.

Нұрлан бауырым бүкіл өмірін еліне адал қызмет етуге, мұнай өндіруге арнады. Батыс Қазақстан өлкесі бүгінде жайнап, байлыққа кенеліп жатса, сол Нұрлан секілді мұнайшы әулеттердің арқасы. Араласатынбыз, сыйласушы едік, амал не. Жатқан жерің – жайлы, топырағын торқа болсын. Ел-жұртың, отбасың аман болсын, бауырым Нұрлан. Қош, алдыңнан жарылқасын!

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.

Жарқын бейнесі жадымыздан өшпейді

Нұрлан Өтепұлы… жаны жайдары жан болатын. Ол еліміздің Премьер-Министрлігіне таға­йын­далғалы бері бірге қызмет істедік. Қандай жағдайда да бір сөзді, айтқанынан қайтпайтын, ойындағысын үлкен ыждағатпен жүзеге асыра білетін білікті маман болды. Үкіметті қиын кезеңдерде басқарып, мемлекетті экономикалық дағдарыстан абыроймен алып шықты. Ешбір жерде екі сөйлегенін көрмеппіз. Үнемі айтқан сөзін мүлтіксіз орындауға тырысатын табанды басшының бірі болды. Жаңа мыңжылдықтың қарсаңындағы қиындықтарда Мемлекет басшысының қасынан табылып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына көп еңбек сіңірді.

Шындығын айтқанда, Үкіметке үлкен жауапкершілік артылған сол жылдарда кейбір елдердің «көреген» саясаткерлерінің бірқатары қазақтың мемлекет құра алатынына күмәнмен қарап, жеңіл сөздер айтқаны мәлім. Сол жаңсақ пікірлерді жоққа шығарып, қазақтың қайратты әрі парасатты ұлт екенін сөзімен де, ісімен де толық дәлелдеп берген тұлғалы қайраткерлеріміздің бірі осы Нұрлан Балғымбаев десек қателеспейміз. Өзі кәсіби мұнайшы болған соң, сол жылдары экономиканы көтеріп жіберуге сол саланы дұрыс пайдалана білгені рас.

Өкініштісі, өзіміз жақсы көретін, білетін Нұрлан Өтепұлының қазасын есту бәрімізге де ауыр соғып тұр. Марқұмның иманы салауат, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын. Оның жарқын бейнесі ешқашан жадымыздан өшпейді.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ.

Ажалдан ғана жеңілген азамат

Халқымыз нар тұлғалы азаматынан айырылды. Мемлекет қайраткері, дарабоз мұнайшы Нұрлан Балғымбаев 68 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Нұрлан Өтепұлы тәуелсіздігіміздің кешегі қиын-қыстау кезеңінде ел жүгін Елбасымен бірге көтеріскен ірі тұлға болатын. Мұнай-газ өндірісінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Премьер-Министр қызметінде жүргенде қуатты реформалардың жүзеге асуына барынша күш салды.

Қай лауазымда жүрсе де ұлттық мүддені алғашқы орынға қоятын. Шетелдік компаниялармен қоян-қолтық жұмыс барысында Нұрлан Балғымбаевтың ұлтжандылығы сезіліп тұратын.

Ауыр қайғы қазақ халқының қабырғасын қайыстырды. Атырау жұрты асыл азаматын азалап жатыр. Кесек мінез, кескекті ердің сойы еді. Жаратылысы жеңілу дегенді білмейтін. Ажалдан ғана жеңілді.

Оның азаматтық келбеті, іскерлігі мен жан шуағы жадымызда өшпестей сақталады.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

Атырау облысының әкімі.

Бақұл бол, іні-дос!

Біз бір ауылда туып, бірге өстік. Әке-шешелеріміз де бір-бірін жақсы білуші еді. Ол да мұнайшылар әулетінің өкілі болатын. Балғымбай қарияның тұңғыш ұлы Қойшығара да, одан кейінгі Өтеп пен Өтәлі де, Салтанат пен Мақаш та мұнайшылық кәсіпті жетік меңгерген жандар-тын. Олар ел экономикасының жетекші буы­нына айналған мұнай-газ саласының өркендеуіне бар білімі мен білігін сала еңбек етті. Балғымбай қарияның мұнайшы ұлдарының шежірелі жолын жалғастыруды мақсат тұтқан Нұрлан да осы кәсіптің иесі болуды қалады.

Бала күнінен алғыр да зерек, білімге құштар ол мұнай институтын бітірді. Алғашқы еңбек жолын Атыраудағы кен орнынан бастап, алдыңғы толқын мұнайшылардың тәлімінен, тәжірибесінен үйренді. Ақ алмастай жарқылдаған мінезді азамат еді. Одақтық мұнай-газ министрлігінің басшылары да онымен ақылдасып, санасып отыратын. Білімділігімен сала басшыларын, ғалымдарды мойындатқан ол одақтық мұнай-газ министрлігінде жауапты қызметтер атқарды. Сол жылдары «Теңіз» мұнай кенішін игеруге жетекшілік етіп, «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құруға атсалысты.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста Қазақстанға оралып, отандық мұнай-газ өнеркәсібін өркендетуге бел шеше кірісті. Республика мұнай-газ өнеркәсібін қарқынды дамытуға білімін де, күш-қуатын аямай жұмсады. Әр мұнайшымен сырлас еді. Тек өзі қалаған саланың ғана емес, тәуелсіз елінің кемел келешегі үшін аянбай, адал еңбек етті. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылығы, экономиканы басқара білетін менеджерлігі Премьер-Министр лауазымында болғанда қандай жарқырай көрінді десеңші. Қатардағы мұнайшыдан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне дейінгі өмір жолында Отанына деген адалдықтан айныған жоқ.

Бір-бірімізді бала күнімізден жақсы білген болсақ, өмір белестерінде бір салада еңбек еттік. Көңілі қазақтың кең даласындай дарқан, парасат пен пайымы жоғары азамат едің. Достыққа адал едің ғой, Нұрлан ­бауырым!

Бақұл бол, іні-дос!

Равиль ШЫРДАБАЕВ.

Тәуелсіздік тудырған тұлға

Қазақ мұнайына қыруар еңбек сіңірген Балғымбаевтар әулетінің маңдайына басқан ұлы Нұрлан Өтепұлы дүниеден өтті. Ол – Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі көрнекті тұлғалардың бірі. Нұрлан Балғымбаев соңғы 20 жылдың ішінде Қазақстан өнеркәсібінің өркендеуіне бір кісідей еңбек сіңірген адам. Ол Мемлекет басшысының ең сенімді көмекшілерінің бірі бола білді.

Біз білетін Нұрлан Балғымбаев өте әділ, досқа қамқор, бір сөзді, уәдеге берік азамат болатын. Басқасын айтпағанда, Нұрлан Өтепұлы өзінің еңбек жолында Доссор, Мақат секілді мұнай кен орындарының көркеюіне, ондағы инфрақұрылымның дамуына ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ, туған қаласы Атырауда да оның қамқор қолының ізін анық көруге болады. Аталған облыс орталығындағы заман талабына сай жабдықталған үлкен спорт кешендері осы Нұрлан Өтепұлының қолдап, қуаттауымен бой көтерген еді.

Ол кісі өнерді, әдебиетті қатты құрметтейтін, жанына жақын тұтатын. Сондықтан да, еліміздің рухани өмірінің дамуына үлес қосып жүрген отандастарына көмек қолын созуды өзінің азаматтық борышы санайтын.

Қазақстанның дамуы жолында аянбай еңбек еткен Нұрлан Балғымбаевтың жарқын бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталады. Жаны жәннатта болсын.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,

жазушы.

Алматы.

Қазанат еді қайырылмай шапқан артына

Алаштың ардакүрең тұлғасы, қазақтың біртуар перзенті, елорданы Сарыарқаның беліне, туған елдің төріне көшіріп қондыруда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың оң қолы болып он сан қызмет атқарған, сенімді серігі болып, сардарлық қолтаңба көрсеткен Нұрлан ағамыз өмірден өтті деген ызғарлы хабар бойды қарып, болмысты тоңдырды. Ажалдың ақиқатына тосқауыл қояр тарихат, мұңыңды ашар мағрипат қайдан болсын. Тек қана: «Бұл өлім қайда жоқ, жарқыраған айда жоқ, күркіреген күнде жоқ, өтері өтіп кеткен соң, мың теңгелік қайғыдан, бір теңгелік пайда жоқ», деген бабалар сөзін малданып, жан-жағыңды қарманып, сәулелі сөзге алданып, орнында бар оңалар деп өзіңді өзің жұбатасың. Бабалар сөзіне бап қосып қайтеміз, дегенмен, «мың теңгелік қайғының миллион теңгелік салмағы» бар екенін осындай кезде сезінесің.

Бұдан екі жылдай уақыт бұрын Нұрлан ағама сәлемдесе барғанымда әншейінде жанары жарқылдап, жағасы жайлауда отыратын ол кісінің жүзіндегі нұр сәл солғын тартқандай көрінді. Қазбалап сұрасаң қағып тастайтын мінезін білгендіктен, орағытып сөз бастап едім, «Мен ауырып қалдым, анау-мынауға бой алдырмайтынымды білесің ғой, біле жүр, алда аяусыз шайқас, алапат күрес тұрған секілді» деп салқындау жымиды. «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың деген ғой, аға» деп көңіл ауанына қарай көлденең тартып едім, «Жасыратын не бар, болары болар, бояуы сіңер» деп қысқа қайырды.

Осыдан үш аптадай бұрын Атырау жақтан тағы бір салқындау сөз жеткен. Ағамыз туған топырағына табан тіреп, ағайын-туманың көңілін қобалжытып жатыр деген соң, Жайық бойына жедел жеттім. Қайсар мінезді қайран аға, қабағын ашып, бауырына басып, жарқылдап сөйлемесе де, жасымай қабылдап, бетімізден сүйіп, төргі үйінде тік отырды. Қуанып қалдық, тіпті әп тұрып, арғымағына қол созып, құйрық-жалын төгілтіп, құйғытып шауып кетердей көріп, көңілді бірлеп, тойға шақыруға да рет таптық. Тек қоштасар сәтте, орнынан баяғы әдетінше жеңіл ырғып тұрып, залдың ортасына жете бере: «Өтеген, бері кел, айтар сөзім бар», деп шақырғанда тойға келіп қалар деген дәме көңіл бас көтеріп, көңіл аспаным күлімсіреп қалып еді. «Бауырым, мен шаршадым, жеңілмейін деп күрестім, жеңе алмайтынымды сездім, сенің тойыңды ашамын деген уәдем бар еді, Алланың ісіне адам не істей алады? Алыстан хабар алып, аңдап жүргейсің. Ешкімге ешнәрсе демей-ақ қой, менің құлпытасыма жазылар бір шумақ өлең жаз, ұзатпай жібер» деп, жаутаңдап қарай берген мені бауырына тартты. «Құдай қуат берсін, аға, әлі-ақ тұрып кетесіз», дей бергенімде, «Болды, жолдарың болсын, балаларың бақытты болсын, тапсырманы тез орында» деп қысқа қайырды. Ағаның мінезін білгендіктен енді ештеңе айта алмадым. Тұңғиық ойға батып, тұнжырап аттандым.

Арада 3-4 күн өткенде телефонмен хабарласып едім, қысқа амандық-саулықтан соң: «Тапсырмам не болды?» деп қадала сұрады. Сол күні жаным жабырқап отырып, бір шумақ жыр жаздым да: «Аға, тапсырмаңызды орындамасқа амалым қайсы», деп интернет арқылы жазғанымды жолдауға мәжбүр болдым. Алып, хабарласты. Ұнады, ұнамады деген сөз болған жоқ.

Бірақ, көңілімде Нұрекең ауруға бой бермей тұрып кетер деген үміт бір сәтке де үзілген жоқ. Қаралы хабар жеткенде де сене алмай отырған жайым бар. Өлімге қияр адам емес еді. Одан өмірдің ерке шуағы әрқашан есіп тұратын. Көргенде күлімсіреп, бауырына тартып, ағалық мейірімін ақ нұрға орап жеткізетін оның нұрлы жүзін енді көре алмайтынымыз қандай өкінішті.

Нұрекең маған құйрық жалы төгіліп, еңіске қарай емініп, шаңы шаңқан көрініп, бауырын жазып, беріліп бара жатқан ақ жал арғымақ, қайырылмай шапқан қазанаттай көрінетін еді. Ақыреттік кермесі Алланың жәннат бағынан тартылып, Пайғамбардың шапағатына бөлене бергей.

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы», деген абыз Абайдың мәңгілік сұрағына: «Өлмейтін ісі, өшпейтін ізі бар бір адам Нұрлан Өтепұлы болар», деп көңіл жұбатып, туған-туыстарына, бауырларыма көңіл айтамын.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ.

http://egemen.kz/