Әлем аумалы-төкпелі кезеңге килігіп, жаһаннан тыныштық кетіп тұрған қазіргі заманда Қарулы күштердің қуатты болғаны керек. Өкінішке қарай, коррупциялық жанжалдар қазақстандық әскери мекеменің қадірін арттырмайды.
Кеше жедел-стратегиялық кеңес өткізген Президент, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтен еліміздің Қарулы күштері қатарында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оны жою бағытында пәрменді шаралар қабылдауды талап етті. Ел қазынасынан бөлінген әр теңге мемлекеттің қауіпсіздігін күшейтуге қызмет етуге тиіс.
– Еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға орасан зор қаржы бөлінуде, – деп атап көрсетті Елбасы. – Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы деңгейде қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл ретте жемқорлық фактілері мазасыздық туғызады, әскердің беделіне «дақ» түсіреді, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Қорғаныс министрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын шаралар қабылдауы қажет.
Кез келген тәуелсіз мемлекет, тек екпіні мен тепкіні қатты, қуатты Қарулы күштері болса ғана, өзінің жарқын болашағына сенімді болары сөзсіз. Қазақстан тәуелсіздік жылдары бойында өз әскерін қазіргі заманғы озық техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз етуге көңіл бөліп келеді. Осылайша сардарлар мен солдаттарға ел алдындағы өз борышын адал атқаруға жағдай жасалуда.
Қазақстан өз алдына миллиондық ауқымды әскер құруды мақсат тұтпайды, қазақстандық әскер ықшам әрі ұтқыр болуға тиіс. Жоғарғы Бас қолбасшы мемлекетіміздің қорғанында білікті мамандар мен ұлтына шын берілген азаматтар тұруға тиістігін нықтады: «ХХІ ғасырда Қарулы күштер мамандардан, патриоттардан және ары таза азаматтарымыздан құралуға тиіс!» деп міндеттеді Елбасы. Әскерден қашанда темірдей тәртіп, заманауи техниканы мінсіз меңгеру және ұдайы ұрысқа дайын болу талап етіледі. Мемлекет басшысы айтқанындай, жеріміздің шекарасын айнала достас елдер қоныстанғанымен, әлемде бас көтеріп жатқан жаңа қатерлерге ел әзір отыруы, тойтаруға қабілетті болуы қажет.
– Біз армиямызды әскери-техникалық жарақтандыруды және отандық әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысын нығайтуды жалғастырамыз. Ұйымдастырушылық-штабтық іс-шаралар санын қысқарту керек. Олардан тек мемлекет қаражаттарын қажетсіз шығындаудан басқа пайда жоқ, – деді Мемлекет басшысы. Кеңес кезінде Елбасы Н.Назарбаев елдің қорғаныс қабілеттілігін нығайтуға бағытталған басқа да нақты тапсырмалар берді.
http://www.aikyn.kz/news/view/44171