АҚШ-та Конгресс мүшелерін сайлауға дауыс бергелі жатыр. Сарапшылар бұл жолы сенатта республикалық партия басымдылыққа ие болып, алдағы екі жыл Ақ үй әкімшілігіне қиынға соғуы мүмкін екенін айтып отыр.
АҚШ азаматтары 4 қараша күні конгресс мүшелерін сайлауға дауыс береді. Сайлау нәтижесі президент Барак Обаманың қалған екі жылдағы қызметіне тікелей әсер етпек. Сауалнама қорытындылары демократиялық партияның сайлаушылар қолдауынан айрылып бара жатқанын көрсетеді. Егер республикалық партия қоғамның наразылығын өз мақсаттарына тиімді пайдаланып, сенатта басымдыққа ие болса және өкілдер палатасындағы ықпалын бұрынғыдан да күшейтіп алса, Ақ үйдегі қалған екі жыл Обама үшін аса ауыр кезең болатын түрі бар.
Бір жағынан 2014 жылғы аралық сайлау – биліктен кететін Барак Обаманың өз партиясына дем беріп, сенаттағы басымдығын сақтап қалуы үшін күресер соңғы мүмкіндік. Бір қызығы, АҚШ президенті өзінің осыған дейін жүргізген саясаты осы сайлауда таразыға түсетінін жасырмай айтты.
– Бұл жолы менің атым бюллетеньде жоқ. Бұған Мишель қуанып жүр. Бірақ қателеспеңіздер. Біздің жүргізген әрбір саясатымыз бюлеттендерге жазылған, — деді Обама.
Президенттің өз саясатына бұлайша күмәндануы республикалық партия атынан сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың құлағына майдай жағады. Мәселен, Солтүстік Каролинада қазіргі демократ сенатор Кей Хэганның орнына таласып жатқан республикалық партия өкілі Том Тиллис осы жайтқа ерекше мән береді.
– Егер президент Барак Обаманың сәтсіз саясатын әрі қарай жалғастырам десеңіздер Кей Хэганға дауыс беріңіздер, — дейді Тиллис.
Әдетте екі партия итжығыс түсіп жататын немесе республикалықтар басым түсетін басқа штаттардағы сияқты Хэган да партиясының беделін сақтап қалу үшін президенттен және оның жүргізген саясатынан іргесін аулақ салуға тырысып жатыр.
– Тиллис бұл сайлауды президент төңірегіндегі дода жасағысы келеді. Ал бұл – Солтүстік Каролина штатынан кім өкілдік етеді деген жарыс емес пе? — деді Хэган.
Республикалық партияның президент Обаманы нысанаға алып, төмпештей беру тактикасы қазірдің өзінде жемісін беріп жатыр дейді Америка кәсіпкерлік институтының саяси шолушысы Норм Орнштейн.
– Кандидаттар әртүрлі, олардың арасында тым әлсіздері де бар. Мұндайда халықтың өкіметке наразылығы артып, «үкімет жұмыс істеп жатқан жоқ, жағдайды бақылаудан шығарып алды, президенттің шамасы жетпейді» деген көзқарас белең алып тұрған тұста сайлауды ұлттық деңгейге көтеріп жіберген өте тиімді, — дейді ол.
ДЕМОКРАТТАРҒА НАРАЗЫЛАР КӨБЕЙДІ
Президент Обаманың рейтингі бұрын болмаған деңгейге дейін құлдырап кеткен. Сондықтан демократтардың көбі одан іргесін аулақ сала бастады.
Гэллап қоғамдық пікірді зерттеу ұйымының сарапшысы Франк Ньюпорттың айтуынша, халық президенттің экономиканы басқарудағы, халықаралық мәселелерді шешудегі қабілет-қарымына күмәнмен қарай бастады. Оларды әсіресе Таяу Шығыстағы «Ислам мемлекеті» ұйымының күшеюі толғандырады.
– Америкалықтардың 25 пайызының ғана елдегі саясатқа көңілі толады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Демек халықтың төрттен үші өкіметтің саясатына наразы деген сөз. Жалпы халықтың көңіл-күйі жақсы емес, — дейді сарапшы.
Америка кәсіпкерлер институтының қоғамдық пікірді бақылайтын сарапшысы Кэрлин Боуманның айтуынша, бұл жолы сайлаушылар елдің экономикасы мен болашағына пессимизммен қарап отыр.
– Халықтың пассивті наразылығы байқалады. Бұл – үлкен рецессияның және 2008 жылғы қаржы дағдарысының жаңғырығы болса керек. Бұрындары болғандай қоғамдық пікірдің жақсаруын мүлде байқамадық, халық өзінше оқшауланып қалған, — деді ол.
Боуманның айтуынша, жұртшылық осы аралық сайлауда елдің даму бағытына, президенттің мәселелерді шешу мүмкіндіктеріне деген наразылығын білдіріп қалуға тырысады.
– Әрине, бюллетеньдерде оның есімі болмайды. Әдетте, сұралған он адамның алтауы өздерінің дауыс беруіне президенттің қатысы жоқ екенін айтады. Алайда, халықтың басым бөлігі бұл сайлауды президентті қолдау үшін емес, оған қарсы дауыс беру үшін пайдаланады, — дейді сарапшы.
ЭЛЕКТОРАТТЫҢ ӨКПЕСІ
Эбола індетінің өршуі, «Ислам мемлекеті» терроршыларының күшеюі сияқты мәселелер сайлаушыларды алаңдатып отыр дейді Brookings институтының сарапшысы Томас Манн.
– Мұның барлығы халықтың жалпы көңіл-күйіне әсер етеді, президент мұны бақылауда ұстай алмай отыр, — деді ол.
Президент Обама Демократиялық партияға бүйрегі бұратын Иллинойс және Мэриленд штаттарында үгіт-насихат жүргізді. Мұндай басқосуларда ол «елді тығырыққа тіреді» деп Республикалық партияны айыптауға бейім тұрады. Жақында Демократиялық партия атынан губернаторлыққа түсіп жатқан Энтони Браунды қолдап сөйлеген сөзінде ол осы әдетіне басты.
– Олардың маған қарсы екенін білесіздер. Мұны бәріміз білеміз. Мен бір ұсыныс тастасам олардың міндетте түрде қарсы шығатынын және білесіздер, — деді Обама.
Bipartisan Policy Center зерттеу орталығының сарапшысы Джон Фортьердің айтуынша, биыл президент пен оның партиясы аса қиын жағдайда тұр.
– Біріншіден, аралық сайлау президентке қарсы жұмыс істейді. Екіншіден, президент туралы қоғамдық пікір де аса жақсы емес. Халықтың 40-42 пайызы ғана ол жақсы жұмыс істеп жатыр деп санайды, — дейді сарапшы.
Сайлау науқанына бірінші ханым Мишель Обама, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон және оның күйеуі, бұрынғы президент Билл Клинтонның қатысуы демократтардың жұмысына біраз серпін берді.
Жақында Иллинойста өткен кездесуде Билл Клинтон бұл аралық сайлауды президент Обаманың саясатына баға беретін референдум деп түсінбеуге шақырды.
– Басқа партиядағы әріптестеріміз президентті төпелей сынап, бұл науқанды президент қатысты референдумға айналдырып жіберді. Бұл – референдум емес. Бұл – сіздер және сіздердің болашақтарыңыздың мәселесі, — деді Клинтон.
ИТЖЫҒЫС ЖАЛҒАСАДЫ
Brookings институтының сарапшысы Манның айтуынша, сенатта Республикалық партияның басым болуы Капитолий сарайындағы партиялық итжығыстың сақталатынын айғақтайды.
– Партиялық поляризация тым айқын білінген кезеңдерде екіге жарылған үкіметтің билік етуі тайталасқан саясат пен итжығысқа алып келеді. Бұл – жиіркенішті, ыңғайсыз әрі нәтижесіз итжығыс. Жағдай бұдан әрі қаншалық нашарлауы мүмкін? — дейді ол.
Саяси сарапшылардың көбі бұл сайлауда Республикалық партия сенатта басымдыққа ие болады деп болжайды. Олай болса, президент Обама билігінің соңғы екі жылында АҚШ конгресінің екі палатасы да оған қарсылас партияның бақылауында болмақ.
– Сенат Республикалық партияның бақылауына өтетін сияқты. Олардың нақты саны неше болады және нақты қай адамдар сайланады, барлығы соған байланысты болмақ, — дейді Этика және қоғамдық пікір орталығының сарапшысы Генри Олсен.
Демократтар сенаттағы басымдығымызды сақтап қаламыз деп әлі де болса үміттеніп отыр. 10-нан астам штатта екі партия өкілдері бір-бірін өкшелеп келеді, яғни сауалнамаларда да қателік кетуі мүмкін деген пікір бар. Сондықтан олар Солтүстік Каролина, Колорадо, Айова, Арканзас, Джорджия және Луизиана штаттарында ақырына дейін күресе бермек.
Сенатта басымдыққа ие болуы үшін республикалықтар Демократиялық партия иеленіп отырған қосымша 6 орынды алса жеткілікті. Сайлаудың қарсаңында өткізілген сауалнама нәтижелеріне қарасақ, республикалықтар ең шешуші деген штаттардағы додалардың көбінде жеңіске жетуі мүмкін. Дегенмен, кандидаттар арасындағы алшақтық онша үлкен емес.
Гэллап сарапшысы Ньюпорттың айтуынша, сенат республикалық партияның бақылауына өткен жағдайда биліктегі тепе-теңдік өзгеріп, қос партия арасындағы итжығыс тіпті күшейеді.
– Республикалық партия сенаттағы орындардың басым бөлігін иеленсе, онда президентке конгресс арқылы өз ұсыныстарын өткізу тіпті қиынға соғатын болады, себебі парламенттің екі палатасы да оппозицияның бақылауына өтеді, — деді сарапшы.
Америка дауысы радиосы тілшісі Джим Мэлонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
http://www.azattyq.org/content/respublicans_frame_midterm_election/26673363.html