2022 жылғы қысқы Олимпиада өткізуге үміткер Норвегияның Осло қаласы күзде өз кандидатурасынан бас тартуы мүмкін, деп хабарлайды «Спорт-Экспресс».
Басылымның мәліметі бойынша, бұл қаланың басшылары елдегі экономикалық жағдайларға байланысты өз кандидатурасынан бас тартуға мәжбүр. Егер, Осло ресми түрде Олимпиада ойындарын қабылдауға үміткерлер қатарынан шығып қалатын болса, онда бұл байрақты бәсекені қабылдауға үш үміткер қалады. Олар — Алматы (Қазақстан), Львов (Украина) және Бейжің (Қытай).
Украинадағы саяси жағдайдың тұрақсыздығына байланысты бұл тізімде Львов қаласы анық аутсайдер. Тіпті бұл қала да алдағы уақытта өз кандидатурасынан бас тартуы мүмкін. Сондықтан да 2022 қысқы Олимпиада ойындарына басты талас Алматы мен Бейжің арасында өтеді.
Дегенмен, Қытай астанасы 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындарын қабылдағанын ескеретін болсақ, Халықаралық Олимпиада комитеті бұл елге қысқы ойындарды өткізу құқығын бермеуі де мүмкін. Сондықтан да 2022 жылғы қысқы ойындарды қабылдауға Алматының мүмкіндігі мол. Оның үстіне ХОК-тың тапсырыс беру құжаттарының қорытындысы бойынша оңтүстік астанамыз қарсыластарынан 40 саты жоғары тұр екен.
Еске салайық, өткен аптада қала тұрғындарының наразылығына байланысты Польшаның Краков қаласы ресми түрде өз кандидатурасынан бас тартқан болатын.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада комитеті 2022 жылғы Олимпиада ойындарын қабылдайтын қаланы 2015 жылдың 31 шілдесінде Малайзияның Куала-Лампур қаласында айтады.
http://alashainasy.kz/sport/51372/