АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Өмірбек Биқұмар: Моңғолдар қысып жатыр деген – лақап әңгіме

Таяуда отандық БАҚ-тарда Моңғолиядағы қандастарымызға қысым жасалып жатқаны туралы ақпараттар жарияланғаны белгілі. Бұл шындыққа жанаса ма, әлде жалған мәлімет пе? Баян-Өлгийде тұратын қандасымыз, тарих ғылымының докторы Өмірбек Биқұмардың сөзіне құлақ түрелік.

– Моңғолиядағы қазақтар ешқандай қыспақ көріп жатқан жоқ. Баян-Өлгийде қазақтардан өзге моңғолдың ұранқай, дүрбіт, тұба сияқты тайпалары бар. Билікке, басшылыққа соларды тағайындағаны үшін кейбір азаматтар осындай әңгімені шығарып жүрген шығар. Әйтпесе, ел тыныш, басшы қызметтерде қазақтар да бар.  Бұл – лақап әңгіме, кейбір адамдардың іріткісі.

Моңғолия үкіметі әрқашанда қазақтарға оң көзбен қарап келеді. Негізгі заң бойынша, қазақтар басқалармен тең құқылы. Қазақ елінде мұндай ақпаратты кім таратты екен?!

– Ол жақтағы қандастар, әсіресе, жастар жағы ана тілдерінен, дәстүрінен ажырап жатқан жоқ па?

– Ол да негізсіз. Қазір бәріміз қазақша сайрап жүрміз. Тіл, салт-дәстүр еркіндігі де заңда көрсетілген. Баян-Өлгийде 100 мыңға тарта қазақ бар. Бәрі қазақша сөйлейді. Астана Ұлаанбаатарда біраз қиыншылықтар бар. Бірақ Білім министрлігі қазақ балаларына арнайы кафедра аштырған.

– Қазақша оқу құралдары тапшы емес пе?

– Қазақша оқулықтар бар. Өзіміздің ғалымдар да жазып жүр. Біз Қазақстан мен арада рухани байланыс күшейгенін қалаймыз. Бұл жақта қазақтың көне тарихы бар. Соны қазақ ғалымдары зерттеу керек.

– Қазақша бұқаралық ақпарат құралдарына зәру емессіздер ме?

– Моңғолияның, Қытайдың телеарналарымен қатар, қазақ елінің біраз арнасы көрсетеді. «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Ел Арна», «Балапан», «Жетісу», «Астана», «КТК», «31-арна» тағы басқалары бар. Баян-Өлгийде ғана емес, Ұлаанбаатарда да көрсетіп тұр.

– Қазақстанға қоныс аударғысы келетін қандастарымыз көп пе?

– Бұрын көп болатын, соңғы жылдары саябырлап қалды. Себебі квота дұрыс бөлінбей жатыр ғой. Азаматтықты 5 жыл күту қиынға соғады. Моңғолияның ақшасы құнсыз, Қазақстанға барғанда пұл болмай қалады. Бауырларымыз барған соң жұмысқа орналасу жағынан қиындық көреді.

Сол жақта жастарымыз оқып жатыр. Олар мүмкін қазақ елінде қалар. Басқа адамдарға көшу үшін көптеген проблемалар бар.

– Өзіңіз атамекеніңізге көшкіңіз келмей ме?

– Жоқ, менің ата-бабам осында. Біз қайда жүрсек те Тәуелсіз Қазақ елі жүрегіміздің төрінде. Табысымен, жетістігімен мақтанып жүреміз. Ал Моңғолия көне мекеніміз. Қазақ әлемнің 44 елінде өмір сүріп жатыр ғой, Моңғолияда да қандастарыңыз болсын. Қазақ пен моңғол туыстас халықтар. Бұл жер ежелгі қазақ жерінің бір пұшпағы, тарихи мекеніміз. Тарихи мекенге ие болуымыз керек. Қайта қазақ пен моңғол елдерін байланыстырып тұратын көпір болсақ, сол да сіздерге көшіп барғанмен бірдей болар еді.

Өмірбек Биқұмарұлы –Моңғолиядағы мұғалімдер жоғарғы мектебін тарих-әдебиеттанушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Моңғолия Ғылым академиясының Баян-Өлгий аймағындағы бөлімшесі Қоғамдық-экономикалық зерттеу орталығының тарих және тіл бөлімінің меңгерушісі. Сондай-ақ, ғалым Биқұмар Камалашұлы атындағы «Түркітану» ғылыми-зерттеу ұйымының төрағасы.  

Айбын АҚПАТША

http://aynaline.kz/