Амал не?! Бұл сөздерді өткен шақпен айтқалы отырмыз. Соған мәжбүрміз! Мынау жарық дүние туралы, өңін бермес қызыл-жасыл бояулы өмір жайында шүйіркелесе сырласып, анау бақтың ішінде бірге жүргеніміз кеше ғана еді. Енді, міне, өзегімізді өртке шалдыра естелік айтып отырмыз…
Қазақтың асыл сөздерінің бірі: «Туған жер – тұғырың, туған ел – алтын бесік», деп айтылады. Иә, туған жері Төкеңнің – Төлепберген Әбенұлы Тобағабылдың тұғыры, алтын бесігі болды. Дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап, алтын бесік болып тербетті, еркелетті, тұңғыш табан тіреген тұғыры болды, ержеткізді. Туған жерінде топшысын бекіткен барлық перзенттер тәрізді қолына алғаш қалам ұстағаннан бастап темірқанат жырларын атамекеніне арнауы соның белгісі болатын.
Солардың бірі «Тереңөзегім» деп аталған жыр жолдары. Бір қызығы, туған жеріне деген осы бір жүрек лүпілін өзінің туған інісі Кеңесбай Әбенов жерге түсірмей қағып алды. Қағып алды да әсем сазбен өріп, ән етіп әуелетіп әкетті. Сөйтіп, ағалы-інілі екеуінің атамекенге деген перзенттік махаббатына толы сыршыл сезімі Тереңөзек жастарының сүйікті әніне айналды:
Оңаша шығып бірауық,
Тасытып шабыт өзенін,
Өзіңе ғана жыр жазып
Беремін, Тереңөзегім, –
деп асқақтай көтерілген перзенттік жүрек лүпілі Сырдың бойын шарлап кетті.
Туған топырағы құнарлы, сусындаған бұлағы мөлдір болған Төлепбергеннің енді соған сәйкес айтары бар айдарлы азамат болып өспеске қақысы жоқ еді. Төкең сол биіктен көріне білді. Әуел баста әдебиет табалдырығын «Баспалдақ» атты тырнақалды дүниесі 1955 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көріп, содан бергі уақыт ішінде «Тағдыр», «Жазира», «Тағы бір күз», «Түсінсең еді мені», «Жүрегім соғып тұрғанда» секілді кітаптары жарық көріпті. Олардың әрқайсысы – бір-бір әлем, бір-бір шежіре. Қазіргі сәт оларға жеке-жеке тоқталып жатуға уақыт шіркін мүмкіндік бере бермейді. Біз сондықтан оның шығармашылық, адами болмысына қысқаша ғана шолу жасап өтпекпіз.
Төлепберген Тобағабыл Қазақ мемлекеттік университетін бітірген бойда еңбек жолын «Қазақстан пионері» газетінде бастап, кейінірек бөлім меңгерушісі болды. Бірер жылдан соң Қазақ радиосына қызметке ауысып, онда отыз жылдан астам уақыт еңбек етті. Оның іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде қалыптасқан кезі, елі үшін сіңірген еңбегі осы кезде байқалды. Қазақ радиосының редакторы, Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде бас редактор, «Қазақтелефильм» студиясының сценарий жөніндегі алқа мүшесі, Қазақ радиосында бас редактор, халықаралық «Тұран» радиосының бас редакторы, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінде бөлім бастығы болды.
Мұнда ол тағдырдың түрлі толқындарының әсерімен шетел асып кетуге мәжбүр болған қазақ бауырларды атамекеннің тыныс-тіршілігімен жан-жақты таныстырып отырса, Қазақ радиосы Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясын басқарған жылдарында «Қаламгер» әдеби студиясы мен эфирдегі «Қазақстан» радиотеатрынан берілген шығармалар легі арқылы рухани байлығымызды арттыра түсті. Бұл жылдар көлемінде Төлепберген Тобағабылдың басшылығымен әдебиет, өнер, театр, қоғам, ғылым қайраткерлері тәрізді халқымыздың көптеген біртуар тұлғаларының дауыстары Қазақ радиосының алтын қорына қабылданып сақталды. Олардан өзге көпшілік ықыласына бөленген деректі телефильмдердің авторы болды.
Төлепберген Тобағабыл туған елі мен халқының мүддесі тұрғысынан келгенде, өзіне де, өзгеге де биік талаптар тұрғысынан қарады. Онысы елеусіз қалған жоқ, әрине! Ондай қайтпас, қайсар қайраты, мақсатын орындау жолындағы бірбеткейлігі ең алдымен қаламдас әріптестері мен достары тарапынан жоғары бағаланды. Солардың қатарында, нелер тамаша жыр маржандарын тудырған, Қазақстанның халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың лебізі жүрек тебірентпей қоймайды. «Оны көргеніме де отыз жылдай болып қалыпты. Биік бойлы, маңдайы кере қарыс жігіт ұяла, имене кірді біздің үйімізге, – дейді абыз ақын Төкеңнің алпысқа толған мерейтойына орай айтқан жүрекжарды сөзінде. – Сырдың суын ол да ішіпті, мен де ішіппін. Мен баяғыда ішсем, бұл менен отыз жылдай кейін ішкен екен. Сыр әңгіменің арқауы болды да өзара өлкеміздің ақындары әңгіме болды. Асқар ағаның ақындығын мақтастық. Нартайдың нарлығын, Тұрмағамбеттің «Шаһнамасын» шамдай биікке көтердік. Ол жай радиожурналисінен гөрі білікті, білгір жазушыға, алғыр ақынға ұқсап кетті. Зерделі жасқа, зерек көңілге сүйіндім. Алғашқы кездесуіміз соңғы кездесулерге жол ашты. Ақырындап Төлепбергеннің әңгімелерін, повестерін, пьесаларын оқи бастадым. Дарын дархандығын сезіндім. Бірте-бірте терезесі тең адамдай тебірене сөйлейтін болдық».
Төлепберген Тобағабылдың талантына, рухани биіктігіне, алмас қылыштай кесіп түсетін өткірлігіне өзге замандастары мен әріптестері де талай рет тәнті болған. Қазақ жырының жампозы, шығармашылық үндестігі шынайы сыйластыққа, достыққа ұласқан Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевтің жүрек лүпіліне назар салыңызшы:
«Шындықпен шытымырды жарып өткен,
Жан-жағын шұғыладай жарық еткен.
Қуаныш әкеледі көңіліме,
Осындай бір досымның бары көптен.
Күреске жүрек байғұс жарар қанша,
Жұлқысты жан берісіп, жан алғанша.
Жалғандықпен күресті ол жалғыз өзі,
Қою шаш қара бұйра ағарғанша», – деп ағынан жарылады.
Төлепберген еңбегі қоғам мен Жазушылар одағы тарапынан да лайықты бағасын алды деп толық сеніммен айта аламыз. Ол КСРО Телевизиясы мен радиосының үздігі, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.Қазақ КСР-інің еңбегі сіңірген мәдениет қайраткері.
Туған жері мен елінің еңсесі биік болуын өмірлік мұраты еткен, соның жолында тамшылатып тер төккен, шежірелі сырларын оқырмандары мен тыңдаушыларына ұсынған Төлепберген Тобағабыл өзінің кіндік қаны тамған Тереңөзегінен басталған махаббатының ауқымын, ер жете, есейе келе кеңейте түсіп, бүкіл қазақ жерінің, егемендік алып мәртебесі асқан еліміздің деңгейіне дейін көтере білді. Соның бірі – әнін Ескендір Хасанғалиев шығарған «Жасай бер, қазақ!» деп аталады:
Әлемге айдай асырған даңқын,
Ұл-қызы әсем, жүздері жарқын.
Еңсесі биік, елдігі ғажап,
Жасыма, жайна, жасай бер, Қазақ!
Осынау асқақ, жігерлі, көңілге мақтаныш толтыратын ғажап әннің өлеңін Төлепберген Тобағабыл жазған. «Жаса, Қазақстаным!» деп аталатын тағы бір тамаша ән одан әрі асқақтата, тыңдаған жанның мәртебесін биіктете, көңілге ел мен жер үшін қуаныш пен мақтанышты еселеп арттыра түседі. Кеудеңіз күмбірге толып сонау қиырларға көз саласыз, болашақтарға сеніммен қадам басасыз. Ол ән көмейіне бұлбұл қондырған қазақ әншісі, әлемдік операның жарық жұлдызы, Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың орындауы кезінде қандай асқақ естілді десеңізші!
Алатау мынау ақиық асқар,
Атырау анау айдыны аспан.
Арқаңыз әне, астықтың селі,
Алтайың ару – алтынның кені.
Сұраңдар күннен, сұраңдар айдан,
Осындай жерді таба алар қайдан.
Құстардан сұра, сұраңдар жерден,
Байлықты мұнша жоқ шығар көрген.
Рухы биік, жігері асқақ. Бүкіл Қазақ елі, Қазақстан Республикасы аталатын еңселі ел сән-салтанатты байлығымен, биік мәртебесімен болашаққа батыл қадам жасап барады. Солардың дулы да думанды ортасында Төлепберген Тобағабыл да батыл адымдап бара жатқандай. Ендеше, оның рухы қазағымен, Қазақстанымен бірге жасайды, алыс болашақтарға бірге барады.
Кемелбек ШАМАТАЙ,
КСРО Телевизиясы мен
радиосының үздігі,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
АЛМАТЫ.
http://egemen.kz/