АЛТЫНОРДА
Новости Шымкента

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН ​

img-20151023-wa0033Оңтүстіктегі бюджеттік мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлер жылу маусымына дайын. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ОҚО филиалында 2015-2016 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы брифингте облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының өкілі Батырша Маханов айтты.
Сала маманының мәліметінше, облыстағы 3256 бюджеттік мекеменің жылу жүйелері бүгінгі күнге 100 пайыз, ал орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 2247 көп қабатты тұрғын үйдің 2240-ы, яғни 99 пайызы жылуға қосылуға толықтай дайын. Қатты және сұйық отын қоры да жеткілікті. Атап айтқанда, облыстағы бюджеттік мекемелерге 168 мың тоннадан астам қатты отын бөлінсе, 1 441,5 мың литр сұйық отын қаралып отыр. Дайындық барысына жалпы көлемі 3458,1 миллион теңге қаралған. Атап айтқанда, «3-Энергоорталық» АҚ өз инвестициясы есебінен 2,7 шақырым магистралды жылу жүйелері мен 10,1 шақырым ішкі орамдық жылу жүйелерін қымтаса, Шымкент қаласы бюджетінен қаланың «Оңтүстік» бөлігіндегі ішкі орамдық 9,2 шақырым жылу жүйесі күрделі жөндеуден өтіп, 2,4 шақырым жылу жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Ал ұлттық қордың қаржысына 5,3 шақырым жылу құбырлары толық орнатылды.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Кентау қаласындағы 8,8 шақырым магистралды жылу жүйесі қайта құрылса, Арыс, Түркістандағы орталық қазандық күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен.
Талаптарға сәйкес, көп қабатты тұрғын үйлерге жылу беру ауа температурасы бес күн бойы +8 градустан төмен болған жағдайда беріледі дейді сала мамандары. Жылу беру маусымы 26 қазаннан басталып, 151 күнге жалғаспақ.
Айта кететін жайт, 1 қарашадан бастап облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасы жанынан «бірыңғай байланыс орталығы» желісі жұмысын бастамақ. Өңір халқы кез келген коммуналдық мәселелер бойынша 24-75-64 телефонына хабарласуына болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі