АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОҢТҮСТІК – ӨРКЕНДІ ІСТЕРДІҢ ОРДАСЫ

????????????????????????????????????

Аймаққа инвестиция салуға шетелдіктер қызығушылық танытуда Жақында іссапармен Мақтаарал ауданына бардық. Күзгі жиын-теріннің соңы. Жол жиегінде ақ алтын шашылып жатыр. Ақ алтын дегеніңіз ақ мақта. Мақталықтан трактор тіркемесіне үйіп артады. Шоқалақ ұшырады, ерке жел желпіп ұшырады, жол жиегінде қар жауғандай жайнап жатуының мәнісі осы. Бұрын диқандар Ливерпуль мақта биржасына өңештерін созып қарар еді. Үміттеніп. Бірақ, мақта бағамы төмен күйінде қалып, еткен еңбек, аққан тер еш болып көңілдері құлазып жүрер еді. Биыл қарын тоқ, көңіл көк дөнен. Мақта бағасы 100 теңгеден әрі асып жығылып тұр. Диқанның үй-іші көңілді. Жақсы біткен мақта, жақсы баға үйге құт-береке әкеліп жатыр. – Облыстың жаңа әкімінің аяғы құт болды. Өзі де баязы, мінезі ашық азамат екен, – деп қояды шаруалар. Жаңа әкім деп отырғандары Елбасының Жарлығымен тағайындалған облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов. Бұрынғы әкім, бүгінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов туралы да жылы айтады. Аграрлық облыстың бау-шуын жөндеп, талай іргелі істерге бастамашы болып кеткен азаматқа Елбасы лайықты баға берген. Әдетте, көптеген әкімдер өзінің алдындағы жұмыс жасаған азаматтың бастамаларын толық қолдай бермейді. Шамасы келсе сиырқұйымшақтандырып сағыздай созып, ұмыттырып жіберуге тырысады. Бейбіт Атамқұловта осындай жаман қасиет жоқ. Жұмысты тоқтаған жерінен әрі қарай жалғастырып жатыр. Жоспар көп, тиянақты орындалу керек. Шардара – Оңтүстіктің ең алыс нүктесі. Жол көңіл­дегідей болса алыстық оншалықты әсер ете қоймас па еді, көлік көп, автоапат көбейіп тұр. Жуырда облыс әкіміне арнайы кірген­біз. Біраз ойларымен бөлісті. Соның бірі Шардарадан ұшақ ұшыру мәселесі ше­шімін табатынға ұқсайды. Болашақта жағдай келісіп жатса теміржол да тартпақ ниетте. Өйткені, шалғайда жатқан Шарда­раның туристік әлеуетінің артуына, облыс бюджетіне қаржы түсіретіндей мүмкін­діктері көп. Жақында бір досымыз мақтаулы Ыстык­өлге отбасымен барып келген. Бәрі әдемі дейді. Аяғыңды салсаң судың мөлдірлігінен түбіндегі ұсақ тастарына дейін анық көрі­неді. Жағдайы келіскен пансионат, Шыңғыс Айтматовтың көлді кеуделей жүзетін «Ақ кемесі» бәрі бар. Бірақ, көңіл, ыстық ықылас жетпейді дейді. Кісі елінде жүргенің көрініп қалады. Бішкек үкіметі туристердің маңдайына шыбын қондырмаймыз дегенімен ұсақ бұза­қылар қалт еткен кезіңді бағып жүреді екен. Ал Атамқұловтың ойындағы Шардара туризмі көңілге әбден қонады. Шардара су қоймасына 5 млрд. текше метрден астам су сияды. Тянь-Шань тауларындағы бұлақ, қар суынан жиналған тәтті суды шардаралықтар бертінге дейін тазаламай-ақ ішіп келген. Осындай тұщы суда өскен Шардараның құлаштай сары сазанының даңқы Қазақ­станнан асып кеткен. Шымкенттің өзінде балық жегіштер Шардара балығы тұрғанда Балқаш, Атырау сазандарына қол созбайды. Әулие көретін Ыстыкөлдегі шомылу маусымы екі-үш ай. Суы тұщы Шардара көлінде де осындай мерзім. Жағасы алтын құм, алтын жағалау. Еспе құм дегеніңіз – ем. Бойында жел-құзы бар адамдарға жақсы ем. Шардарадан далаға аттап шықсаңыз қызылдың құмы басталады. Жел тиіп қи­ралаңдап жүре алмай жүрген адамдар құм әбден піскен кезде осында ағылады екен. Құмды тереңірек қаздырып кеудесіне дейін көмдіреді-ай. Мерзімді уақытына дейін жатып, жылы оранып күтінеді. Бірер күннен соң аяғын кирелеңдеп басып жүрген кісіңіз құр атқа мінгендей құлдыраңдап кетер екен. Алтын құм – радикулиттің емі. Судың қасиетін айттық. Ұшақ ұшса, пойыз қатынаса Астана, Атырау, тіпті, суының мұздайлығынан шекеңнен өтетін Алтайдан туристер Шардараға ағылар еді. Салған қаржы қайтарылады, ал азаматтарымыз суға түсем, тіземді қыздырам деп шетел асып, қаржысын сол елге инвестицияға салмайды. Ақ мақтаның отаны Мақтааралда үш жүз мыңның үстінде ел тұрады. Көршісі – таңертеңнен кешке дейін кетпенін көтеріп, егістіктен шықпайтын өзбек диқан­да­ры болғандықтан мақтааралдықтар да еңбекқор. Мақтадан бөлек көкөніс, бау-бақша өнімдері мол. Жыл он екі ай өнім алатын шаруашылықтары көп. Осынша тауарлы аймақта жатқан Мақтааралды бергі бетпен Сырдария үстіне Елбасының тапсырмасымен салынған жалғыз жол байланыстырады. Жүк тиеген алып машиналар тоқтаусыз жүріп, былтыр салған жолыңды қоңыр күзге дейін қамырдай илектеп береді. Қып-қызыл шығын. Облыс әкімінің жоспарында Мақтааралға пойыз жолын тарту бар. Бұл – мемлекеттік мәселе. Көрші Сарыағашқа пойыз ағылып келіп жатыр. Екі ортаға жол тартылса Мақтааралдың тау-тау өнімдері Қазақстаннан асып, Ресейді көктей өтіп, Еуропаңа барар еді. Бүгінгі күні шаруа үшін өзекті мәселе – тауарын тиімді саудалау осылай шешілмек. Құдайға шүкір, Қазақстанда егістік жері де, бақшалық, жайылымдық жер де жетеді. Басшылықтың алдындағы міндеттің үлкені – әлемдік дағдарыс жағдайында шекесін ұстап, төмен қарамай ілкімділік танытып, бюджеттің қаржысын еселеу, әлеу­меттік мәселелерді шешу. Кәсіпкерлікке кең өріс ашу сияқты мәселелер болып келеді. Киіз туылдырықты қазақты ел қылған қазақтың жақсы жайсаңдары мәңгі тыныш­тығын тапқан киелі Түркістан – туризмнің бір шыңы. Түркістанға жыл сайын 800 мыңдай турист келеді. Түркітілдес халықтардың рухани орталығы болған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне мұсылман әлемінен мыңдаған адам келіп тәу етеді. Жақында 30 млн. теңгеге жуық қаражатқа жеке инвестиция есебінен қонақүй пайдалануға беріледі. Қажылыққа аттанар азаматтар үшін ішінде шығыс моншасы бар ірі орталық салынуда. Сарапшылар айтқандай, әлемде әрбір тоғызыншы жұмыс беруші – туризм саласына байланысты екен. Облыс әкімі Түркістанда туризм саласын дамытудың іс-жоспарын қайта қарап, жаңа шаралар белгілеп жатыр. Көрші Өзбекстан Ташкенттен бөлек Бұхара, Хиуа, Самарқанд қалаларындағы тарихи ескерт­кіштерімен қыруар қаржы тауып отыр. Бізде Түркістаннан басқа өркениеттің алтын діңгегі болған Отырар бар. Көне қала Сауранға жаңғырту жүргізіліп, қорғаныс шаралары қолға алынса шетел туристерін магниттей тартатыны анық. Оны Шыңжаңдағы Тұрфан қаласының ескі орнынан байқағанбыз. Консервацияға алынған ескі қалашықты көруге еңкейген қартқа дейін мыңдаған туристтер келеді екен. Сауран да сондай туризм орталығына сұранып тұр. Облыс әкімі аграрлы аймақтың тынысын ашатын, халықты жұмыспен қамтитын бірегей жоба – индустриялық аймақтардың жүзеге асуына салмақ салуда. Оңтүстіктің бұл бағыттағы жұмыстары республикаға үлгі. Жас болса да осындай іргелі істерге бас болып жүрген облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, бір Шымкент қаласындағы индустриялық аймақтардың мүмкіндігі кейбір облыстар­дағы осы бағытта атқарылған жұмыстардан асып түседі. Сөзіміз жалаң болмас үшін Оңтүстіктің экономикалық әлеуетіне сараптама жасап көрейік. 2015 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған 137 жобаның 130-ы жобалық қуаттылықтың 90-100 пайызына шықты. Бұл маңызды көрсеткіш бойынша жоба санының көптігіне қа­рамастан (үдемелі индустриялық-инно­ва­циялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында іске қосылған әрбір бе­сінші жоба облыс үлесінде), өңір респуб­ликада алдыңғы қатарда. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру өңдеуші өнеркәсіптің өркен­деуіне оң ықпалын тигізуде. 2008-2014 жылдардағы аймақтар бойынша өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлеміне жасалған талдау бойынша облыста 2008 жылы – 158 млрд. теңге ал 2014 жылы – 414 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 2,6 есе өскен. Бұл аймақтар арасында өсу қарқыны бойынша үшінші орын. Сонымен бірге, осы жылдар аралығында жеңіл өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша да облыс көш бастап тұр. 2015-2019 жылдарға арналған Ин­дус­трияландыру картасының екінші бес­жылдығы бекітіліп, оған жалпы құны 851 млрд. теңге, 19,2 мың жаңа жұмыс орнын құрайтын 104 жоба енгізілді. Оның ішінде 36 жоба 2015 жылдың үлесінде. Бүгінге жалпы құны 17,7 млрд. теңгені құрайтын 4 жо­ба іске қосылып, 1190 жұмыс орны ашылды. Бүгінде Шымкент қаласындағы «Оң­түс­тік» индустриялық аймағында (337 га) 45 кәсіпорын жұмыс істеуде, 3,3 мың­ға жуық жұмыс орны ашылып, 19,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. 27 жобаның құрылысы жүргізілуде. Жалпы, аймақта 76,8 млрд. теңге, 72 жоба, 6699 жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде, бюджеттік 1 теңгеге 13,2 теңге жеке инвестиция тартылған. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде бұл аймақ ең үздік және толыққанды істеп тұрған жоба ретінде бағаланып көрсетілді. Сонымен бірге, Шымкент қаласында көлемі 89 га құрайтын екінші «Тассай» индустриялық аймағы құрылды. Аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесі, ЖСҚ әзірленіп, инфрақұрылым құры­лысына 800 млн. теңге қаралып отыр. Бұл жерде құны 19,0 млрд. теңге, 4438 жаңа жұмыс орындарын құрайтын 16 инвестициялық жоба бекітіліп, жұмыстар басталуда. Атап айтқанда, «Elimmed» ЖШС – «ин­фузиялық ерітінділер шығаратын фар­мацевтикалық зауыт» (3,0 млрд.тг., 144 жұмыс орны), «НПО Зерде» ЖШС – медициналық мақсаттағы бұйымдар мен санитарлық-гигиеналық құралдарын шығаратын цех құрылысы (1,2 млрд.тг., 40 жұмыс орны), «Фармасинтез Зерде» – дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикалық зау­ыт (1,3 млрд.тг., 50 жұмыс орны), «Marai E7 Group» ЖШС – медицинаға арналған бұйымдар шығаратын зауыт құрылысы (500 млн.тг., 45 жұмыс орны), «Asiatrafo» АҚ – қуаттылығы 110-220 кВ трансформаторлар өндірісі (5 млрд.тг., 400 жұмыс орны), «Жібек жолы транс логистик» – тігін бұйымдарын шығару (1,8 млрд.тг., 3000 жұмыс орны), «Мега Смарт» ЖШС – жылтыр МДФ плиталарын шығару (413,6 млн.тг., 29 жұмыс орны) және жиһаз фабрикасы (200 млн.тг, 40 жұмыс орны), «РАМ» ЖШС – «элиталы жиһаз шығару өндірісі» (450 млн.тг., 200 жұмыс орны), «Казтехникас» ЖШС – светодиодты шырақтар өндірісі (230 млн.тг, 40 жұмыс орны), «Вали Пласт» ЖШС – полиэтилен құбырларын шығару (583 млн.тг, 35 жұмыс орны), «Ди Oil gas» ЖШС – алкогольсыз сусындар шығару (844 млн.тг, 100 жұмыс орны), «Astana LRS пласт» ЖШС – алюминийден жасалған бұйымдар өндірісі (1,2 млрд.тг, 140 жұмыс орны), «Шымқай» ЖШС – жиһаз өндірісі (750 млн.тг, 25 жұмыс орны). Нәтижесінде, бюджеттік 1 теңгеге 14,6 теңге жеке инвестиция тартылатын болады. Шымкент қаласының халықаралық әуежайы қасынан 50 га жерге үшінші ин­дустриялық аймақ (қазақ-түрік) құрылды. Биыл инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 1,8 млрд. теңге бөлініп, құрылысы басталды. Бүгінгі таңда, құны 9,8 млрд. теңге, 646 жұмыс орнын құрайтын 3 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Madeyra-Company» ЖШС – панельдік, жұмсақ және кеңселік жиһаздар шығару (3,7 млрд.тг., 496 жұмыс орны), «Emek boru Kazakhstan» ЖШС – болат құбырларын шығару (5,6 млрд.тг.100 жұмыс орны), «TurKaz ffp» ЖШС – фибро және фомбетон өндірісі (473 млн.тг., 50 жұмыс орны). Бұдан бөлек, жалпы құны 14,9 млрд. теңгені құрайтын қосымша 8 жобаның іске асырылуы жоспарлануда. Нәтижесінде, бюджеттік 1 теңгеге 13,7 теңге жеке инвестиция тартылатын болады. Қазақ-түрік индустриялық аймағына іргелес жатқан аумақта төртінші Бадам индус­триялық аймағын құрып, 153 га жер телімінде құны 47,5 млрд. теңге, 1550 жұмыс орнын құрайтын 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде ағымдағы жылы «KAZKIOTI» ЖШС – корейлік Daedong компаниясымен бірлескен тракторлар өндірісінің бірінші желісі іске қосылды. Екінші желісі қосылып жатыр. Сонымен қатар, аталған индустриялық аймақта «РТ-Оңтүстік Энерго» ЖШС – өнеркәсіпте пайдаланылатын насостар шығару зауыты (3,3 млрд.тг., 300 жұмыс орны), «Арт Тек Кран» ЖШС – Камаз базасындағы арнайы техника шығару (874 млн.тг., 100 жұмыс орны), «Karlskrona LB AC» ЖШС – болат балқыту зауыты (26,5 млрд.тг., 400 жұмыс орны), «Центрально-Азиатский автомобильный завод» ЖШС – жеңіл автокөлік шығару (5,1 млрд.тг., 300 жұмыс орны) инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуы жоспарлануда. Нәтижесінде 1 теңгеге 26,4 теңге жеке инвестиция тартылатын болады. «Оңтүстік» ИА-ты қоспағанда, облыс­тағы барлық аудан, қалаларында индус­триялық аймақтардың құрылысына 1013,5 га жер телімдері бөлінді. Қазіргі таңда, Түркістан қаласындағы (103 га) және Созақ (50 га) аудандарындағы индустриялық аймақтар іске қосылды. Сонымен қатар, алты ауданда (Мақтаарал, Қазығұрт, Шар­дара, Түлкібас, Бәйдібек аудандары мен Кентау қаласы) индустриялық аймақтың құрылысы 2015 жылы аяқталатын болады. Аудан, қалалардағы индустриялық аймақтарда жалпы құны 92,5 млрд. теңгені құрайтын 71 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Онда 8 341 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 12,3 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 547 жаңа жұмыс орны ашылды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 21 жоба мақұлданып, оның 8-і іске қосылды (инвестиция көлемі – 22,0 млрд. тг., 1450 жұмыс орны). Шетел инвесторларын тарту мақсатында облыста жыл сайын инвестициялық форум өткізу жөнінде шешім қабылданған. Шымкент қаласында 2014 жылы өткізілген бірінші халықаралық форумда 865 млн. АҚШ долларын құрайтын бірлескен ин­вестициялық жобаларды іске асыру бойын­ша 17 келісімге қол қойылды. Іскерлік сапарлардың және қол қойыл­ған меморандумдардың нәтижесінде, 1,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын 29 шетелдік жобалар іске асырылуда. Бүгінгі таңда іске асырылып жатқан ірі жобалар: — «KIOTI» (Оңтүстік Корея) – брендімен жасалынып жатқан трактор шығару жобасы, 40 млн. АҚШ доллары; — «KazKoreanTextile» (Оңтүстік Корея) – кешенді тоқыма фабрикасының құрылысы жобасы, 30 млн. АҚШ доллары; — «Зерде» МЕҰ» және «Фармасинтез» (Ресей) бірлескен жоба дәрі-дәрмектер өндірісі бойынша фармацевтикалық зауыт құрылысы, 30 млн. АҚШ доллары; — «Promondis Kazakhstan» (Германия) – 100 МВт қуаттылығымен күн электр­стансасының құрылыс жобасы, 275 млн. АҚШ доллары; — «Green energy компани» (Германия) – 50 МВт қуаттылығымен күн электр­стансасының құрылыс жобасы, 95 млн. АҚШ доллары; — «Gold Aluminium» (Түркия) – аллюминий профильдерінің өндірісі, 6,5 млн. АҚШ доллары. Сонымен қатар, баламалы энергия көздерін қолдану мақсатында жалпы қуат­тылығы 760,8 МВт құрайтын, құны 219,3 млрд. теңге 28 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қаласындағы (92 га) «Сауда-логистикалық орталығында» 8 ірі жоба жүзеге асырылуда. «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы бойынша 1,5 млрд. теңгеге ин­фрақұрылым жүргізілді. Орталықта жо­баларды іске асыру үшін 24,3 млрд.тең­ге көлемінде жеке инвестиция тартылды. Бірінші кезеңдегі нысандар ағымдағы жыл­дың қыркүйек айында іске қосылды. Орталықтағы қойма алаңдарының жалпы аумағы 230 мың шаршы метр, жүктерді қабылдау қуаттылығы жылына 1,5 млн.тоннаны құрайды. Облыс әкімі бүгінге дейін аудан, қалаға іссапарға шығып, әрқайсысының жағдайымен жақын танысты. Атқарылып жатқан салаларды таразылады. Қол жеткен жетістіктер көп. Кежегесі кейін тартқандары да жоқ емес. Елбасы Бейбіт Атамқұловты Оңтүстікке басшы етіп тағайындағанда оның шетелдерде көбірек жұмыс жасағанын алға тартқан. Яғни, шетелден инвестиция тарта аларына сенген. Бейбіт Бәкірұлы осы мемлекеттік мә­селеде ілкімділік танытып, табысқа жетіп келеді. Кешегі елшіге әріптестері арнайы келіп, облыс кәсіпкерлері мен өздерінің ірі бизнес орталықтарының арасында алтын көпір болуда. Мәселен, Индонезияның Төтенше және өкілетті елшісі Фостер Гултом кәсіпкерлермен кездесуде өз мемлекетінің ауыл шаруашылығы, тоқыма, тамақ және құрылыс саласында бірлесіп жұмыс жасауға бейіл екендігін білдірді. Оңтүстік Қазақстан облысы Польша бизнесі үшін Орталық Азия өңіріндегі базалық алаңға айналуы мүмкін. «Польша бизнесінің Орталық Азия өңіріндегі базалық алаңына айналу үшін Оңтүстік Қазақстан облысының барлық мүмкіндіктері бар. Ал біздің өңірде агроорталық құру жөніндегі идея облысты ірі көтерме сауда орталығына айналдырып, делдалсыз қызмет ұсынуға мүмкіндік береді. Демек, баға жергілікті тұрғындар үшін қолжетімді болмақ», дейді облыс басшысы. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов 2015 жылдың 23 қа­занында Шымкентте өтетін ІІ халықаралық инвестициялық форумға неміс кәсіпкерлерін шақырды. Облыс басшысы Германияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Гидо Херц мырза­мен кездесуі кезінде бұл басқосудың өңірге үлкен қаржыны тартуға мүмкіндік беретінін айтты. «Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы, мұнай және мұнай өнімдері, құрылыс материалдары мен тоқыма өнеркәсібіне, уран мен металл өндіруге бейімделген аймақ. Оң­түстік Қазақстан трансформатор жасау мен мақта талшықтарын шығаруда көшбасшы өңір. Облыс аймағында респуб­лика көлемінде өндірілетін дәрі-дәрмек құралдары мен жанармайдың жартысына жуығы өндіріліп, шығарылады. Өңірдің өндірістік, экономикалық әлеуеті жоғары. Неміс инвесторларының қатысуымен аймақта жаңа жобалар іске қосылып жатса, біз оған тек қуанамыз», – деді облыс басшысы. Кездесуде тараптар өзара тиімді әріптестік пен аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайын сөз етті. Бүгінгі таңда ОҚО аймағында жалпы құны 52 млрд. теңгені құрайтын, неміс инвесторларының қаржысына салынған 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оңтүстік өңірге Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкі­летті елшісі Шон Перри Стайл мен Малайзияның техникалық кәсіптік білім беру орындарының төрағалары да келді. Оңтүстік Қазақстан облысының ин­вес­­тициялық мүмкіндіктері канадалық кәсіпкерлерді қызықтырып отыр. Шетелдік компаниялар мұнай-газ, машина жасау саласына бірқатар тың жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Екіжақты кездесуде Бейбіт Атамқұлов аймақтың ауыл шаруашылығы саласындағы жоғары әлеуетін алға тартты. Тамақ өнеркәсібі саласындағы кез келген жобаға жан-жақты қолдау көрсететінін де айтты. Малайзиялықтар Оңтүстік Қазақстанда техникалық білім беретін колледж салуға ниет білдіріп отыр. Енді Оңтүстік Қазақстанда халықаралық стандартқа сай, әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алатын, жоғары сұранысқа ие мамандар дайындалады. Күн сәулесінен қуат өндіріп, электр энергиясын тартатын ең ірі станса Сайрам ауданында салынады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында оңтүстіккореялық кәсіпкер Ли Кюн Су мәлімдеді. Шетелдік инвестор күн сәулесін пайдаланып, облыста электр энергиясына деген тапшылықты жоюға болатынын айтады. Облыс халқы тұтынатын электр энер­гиясының 50 пайызы сырттан әкелінеді. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрине. Енді түстік өңірді жарыққа деген тәуелділіктен арылтатын нақты жобаға қомақты инвестиция тартылмақ. «MJM INVESTMENT LTD» компаниясының төрағасы Ли Кюн Су мырза осы жоба жүзеге асса, құны 50 млн. доллар болатын құрылғылардың көмегімен жылына 200 МВ электр энергиясын өндіруге болады дейді. Әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі Қытай­мен іскерлік байланыс жолға қойы­лып келеді. Жыл басында инвестиция тарту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ делегациясы Қытай Халық Республикасына іскерлік сапармен барған. Шаньси, Хэбей және Шандунь провинцияларындағы ірі кәсіпорындарында болып, келіссөздер жүргізді. Облыстық әкімдікте өткен екіжақты келіссөздер барысында Шымкентте Қазақ­стан – Қытай индустриялық аймағын ашу және қытайлық инвесторларды өңірге тарту мәселелері бойынша келісімге қол жеткізілді. Кездесу қорытындысы бойынша пекиндік Қазақ-Қытай бірлескен инвес­тициялық компаниясы мен «Оңтүстік» индустриялық аймағы басқарушы компаниясы» ЖШС арасында ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылды. Ұлыстың ұйытқысы болған, қазақ қиналғанда арқасын тірейтін Оңтүстікте осындай ірі жобалар іске асып жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерімен Қазақстанды түгелдей қамтамасыз ете алатын аймақта инвестиция салатын, өндірісті жандандыратын жұмыстар жеткілікті. – Қазір бүкіл әлемді дағдарыс теңселтіп тұр. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы Қазақстанды дағдарыс толқындарына ұрындырмай, экономикалық қуатын еселеу­ге серпін берді, – дейді Бейбіт Бәкірұлы. – Мемлекетіміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу, Мәңгілік Ел болу міндетін абыроймен орындап келеді. Ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстікте осы мемлекеттік мәселеге сүбелі үлес қосуда. Елбасы тапсырмасы аймақта тиянақты орындалып жатыр.

Ақпарат көзі: egemen.kz