АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Оңтүстікқазақстандықтар Астана аспанын әнге бөлеуде

fed0f1817f083adaa1e129026948c1ff_xlБүгіннен бастап Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Астана қаласында кең ауқымдағы түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Торқалы тойға ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстік өңірінен де 150-ден астам ел қаймақтары аттанып, ұлтымыздың керегесі кең, терезесі тең елге айналуын армандап кеткен бабаларымыздың рухын ұлықтауға ат салысып жатыр. Қыркүйек айының 11-13 күндері өтетін Елордадағы салтанатты шарада Оңтүстіктің өнер майталмандары бірнеше бағдарламамен аттанған болатын. Мәселен, бүгін, бас қаладағы «Қазақ елі» алаңында орналасқан этноауыл қалашығында Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің мерекелік бағдарламалары және «Атамекеннің терең тарихи сырлары» атты көрмесі өтті. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ежелден дәстүрге бай Оңтүстік Қазақстан облысының көне ортағасырлық Отырар, Түркістан, Сидақ, Ордабасы, Мәртөбе, Сауран, Сайрам, Шымкент сынды шаһарлары, Қаратау мен Алатаудай таулары, Созақ пен Қазығұрттай сырға толы жазиралы далалары, Мырзашөл мен Қызылқұмдай берекелі құмдары, Сырдария мен Арыс сияқты өзен сулары баршаға мәшһүр болған. Дархан даланың тарихи кезеңдерінен шежіре тарқататын жергілікті қылқалам және қолөнер шеберлерінің Қазақ тарихы мен Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арналған туындыларынан, сондай-ақ, Оңтүстік өңірінің тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерден арнайы жобамен жасақталған көрме жұртшылыққа ұсынылып, таныстырылды. Ал бұл кезде, этноауылдың сол жақ қапталында зергерлік, былғары, ағаш, керамикалық басқа да ұлттық бұйымдар жасау, жүн түту, алаша, кілем тоқу, ұлттық киім және қыз жасауын тігу бойынша шеберлік дәрістер ұйымдастырылады. Орталығы мен оң жақ қапталында қолөнер шеберлерінің ұлттық нақышта жасалынған бұйымдары халықтың назарына ұсынылды. Астанадағы «Тәуелсіздік» сарайының алдындағы сахнада да Күнгейдің көне қаласы жайлы бейнефильм көрсетілді. «Түркістан – көне қала» туындысын тамашалаған қонақтар мұнан соң облысымыздан барған оғландардың бұқа тартыс, арқан тартыс, асық ату, қой көтеру, тоғызқұмалақ, қол күрес сынды спорттық жарыстарда топ жарып жатқандарына куә болысты. Ал түс мезгілінде «Сиқырлы тұлпардағы саяхат» іс-шарасы аясында «Өскен өңір» Оңтүстік Қазақстан облысының тарихына арналған деректі фильм мен қойылымның көрсетілімі өтті. Жалпы, үш күндік той-думанда Оңтүстіктен барған делегат өзге де іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап қойған. Атап айтсақ, таңертең сағат 9:00-де Елордадағы Абай көшесі мен Кенесары көшесінің қиылысында Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен мерекелік концерт өтсе, түс мезгіліне қарай этноауыл қалашығында Оңтүстік Қазақстан облысының киіз үйінде Қарағанды облысының делегациясын қарсы алу болжанып отыр. Ал түс ауа, «Тәуелсіздік» сарайының алдындағы сахнада Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің мерекелік концерті өтеді. Сонымен қатар, ертең кешке Оңтүстіктің өнер шеберлері «Мәңгілік ел» әнімен Гала-концертіне қатысады. 13 қыркүйек күні Оңтүстік Қазақстан облысынан барған азаматтар «Қазына» би ансамблінің «Сиқырлы би әлемі» би фестиваліне, «Бірлігіміз жарасқан» халықтар достығы концертіне қатысады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі