АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Оралдық келіншек 12 жасар қызын ертіп Сирияға аттанды

571“Бұл оқиға оқушылардың күзгі демалысында болды. 7 «а» сыныбында оқитын Әділова Ділнәздің дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын анасы Бақытжамал Хасанғалиевамен бірге із-түссіз жоғалып кетуі бізді қатты қынжылтуда. 4 қарашада күзгі демалысқа кетіп, 12 қараша күні сабаққа келмеген Ділнәздің анасымен сынып жетекшісі хабарласты. Алайда екеуінің де телефоны сөндірулі болды. Қыздың әкесі Жеңіс Хасанғалиев Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істейтін еді. 13 қараша күні әкесі мектепке келіп, қызы мен әйелінің жоғалып кеткенін айтып, етегі жасқа толып жылап, бізден көмек сұрады. Біз БҚО ішкі істер департаментіне хат жазып, оқушымыздың жоғалып кеткенін хабарлап, іздеу салуын сұрадық. Олардың анықтауы бойынша, күні бүгін Ділнәздің анасымен бірге Қазақстан аумағынан шығып кеткені белгілі болып отыр. Бірақ қай елге кеткені бізге белгісіз. Бұл оқиға бізді қатты алаңдатады”, — деді мектеп директоры Тамара Мұсақызы мектепте өткен «Отбасы, мектеп және қоғамның ұрпақ тәрбиесінде игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында.

№37 мектепте 1200 оқушы білім алуда. Соның 39-ы – дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын оқушылар (ата-аналарының саны – 24). Олардың ішінде 14 қыз бала хиджаб жамылады.

“Мен ата-ана ретінде қатты алаңдаулымын. Қоғамда болып жатқан неше түрлі сорақы жағдайларды естіп те, көріп те отырмыз. Ділнәзбен қызымыз бір сыныпта оқыды. Діни ағымдағы ол қыздың менің қызыммен хабарласып, оған кері әсер етпесіне кім кепіл? Балалар ғаламтор арқылы хабарласып жатады. Ділнәзда барлық сыныптасының телефон нөмірі бар. Ол қызыма, әлде басқа сыныптасына скайп арқылы шығып, «Мында керемет» деп суретін жіберіп, көңілдерін бұзып, алаңдатса қайтеміз? Қызым Ділнәздің жоғалып кеткенін жүрегіне ауыр алды. «Мама, Ділнәз жоқ, жоғалып кетіпті» деп мектептен уайымдап келді. Бұл оқиға жалғыз оған емес, барлық сыныптастарына қатты әсер етіп отыр. Қызымның телефонын тексеріп, кімдермен сөйлескенін бақылап отырамын. Алайда ата-аналардың көңілінде  үрей, қорқыныш басым”, – дейді Айымгүл Қазиева есімді ата-ана.

Жиында тәртібі, оқу үлгерімі жақсы оқушысын жоғалтып отырған ұстаздар қауымымен қоса ата-аналар да бұл оқиғаға қатты алаңдайтындықтарын білдірді.

Кейін құқық қорғау органдары Бақытжамал Хасанғалиева қызымен бірге Мәскеу арқылы Сирияға өтіп кеткенін анықтады деп жазады Уральская неделя.

http://www.nur.kz/