Бұған дейін де әлемнің небір ғұламалары өз еріктерімен мұсылмандықты қабылдағанын білеміз.
Олар – дүниені дүбірге бөлеген, адамзатты ақылға, иманға, әділеттілікке, қайырымдылыққа шақырған исламның ізгіліктерін көзімен көріп, қолына Құранды өз еріктерімен ұстағандар. Ал намазға жығылған өзге дінді ұстанушы қарапайым адамдарда тіпті шек жоқ. Олардың барлығы да Алла үйінен естіген азанға ұйып, белгісіз бір құдіреттің жүректерін баурағандықтарына қайран қалады. Біз тілге тиек еткелі отырған бір мысал да сондай…
Норвегиядан Түркияға отбасымен қыдырып келген қонақтар Мармарис қаласындағы мешіттердің бірінен қасиетті Құран мақамына елтіп, биылғы жылдың Рамазан айының қарсаңында ислам дінін қабылдапты. Отбасы мүшелерінің бірі қалмай шәһадат айтып, тілдерін кәлимаға келтірген. Осыдан кейін 34 жастағы Норвегия азаматы Мария Выструп Ниман есімін Айша деп өзгертсе, 31 жастағы отағасы Фроде Андре Сыгвартсен Әли деген есімдi таңдаған. Олардың үш баласы ендігі жерде Әсма, Әлиф және Айхан есімдерін иемденді.
Әли исламды қабылдамай тұрып атеист болыпты. Олар мешіттің маңынан өтіп бара жатып, қасиетті Құранның қалай оқылатынын өз құлақтарымен естіп, таң-тамаша қалып, тәнті болған екен. Әлидің отбасы орман шаруашылығымен айналысады. Айша исламды қабылдағаннан кейін шариғат шәлісін жамылды.
Міне, қарапайым мысал, болған оқиға. Әлемнің әр бөлігінде асыл дінімізді қабылдап жатқандар қаншама. Мұндай бастамалар Рамазан айында тіпті көбейіп кететін көрінеді. Соның барлығын ой елегінен өткізіп отырсаңыз, қасиетті дініміздің қаншалықты құрметке бөленіп жатқанын жүрекпен сезінесіз. Небір озық ой, үлгілі іс, тамаша тәлім, баянды бастама, бәрі-бәрі Рамазан айында өзінен-өзі туындап жататындығы да адамды жақсылыққа жетелейді. Мәселен…
Рамазан айында Біріккен Араб Әмірліктеріне туристер көбінесе кәрі құрлықтан немесе Парсы шығанағы елдерінен келеді. Осыған байланысты Дубайдың сауда-саттық және фестивальдер мекемесі арнайы бағдарлама жасады. Аталған бағдарламаға орай сырттан келген қонақтар Әмірліктердің мәдени және рухани мұраларымен әрі құндылықтарымен танысып, бұл ел туралы жан-жақты ақпарат ала алады.
Мекеменің атқарушы директоры Лейла Сухайлдің айтуынша, биылғы жылы «Дубайдағы Рамазан айы» деп аталатын бағдарлама үшінші рет өтіпті.Меймандар дәстүрге айналған ислам өнерінің көрмесін, сауда-саттықты және жәрмеңкені тамашалап, қасиетті Құран курсына қатысты. Сондай-ақ «Рашидийя» мешітінде тарауық намазы кезінде уағыз тыңдап, Рамазан айының 19 күні наным-сенімі өзге адамдарға бір күн ораза ұстап көру жөнінде де ұсыныс жасалған.
Енді мына қызыққа назар аударыңыз, Біріккен Араб Әмірліктерінде Рамазан айында «Әлем бойынша бір миллион баланы киіндірейік» деп аталатын қайырымдылық науқаны басталды. Бұл шараға Дубай әміршісі әрі БАӘ вице-президенті, шейх Мұхаммед бин Рәшид әл-Мақтұм өзі бас-көз болыпты.
Рамазан айы басталғалы бері бес күн ішінде осы мақсатта 19,5 млн дирхам (5,4 млн доллар) жиналған.
Бұл қаражатқа 500 мың мұқтаж баланы киіндіруге болады. Осынау қайырымдылық шарасына атсалысып, сауап алғысы келетіндер осы уақыт аралығында бір баланы киіндіруге кететін 40 дирхамды (11 долларды) садақаға беруіне болады. Аталған акцияға аса ірі супермаркеттер, ұялы байланыс операторлары, сауық-сайран саябақтары атсалысуда. Дубайдың Ұлттық банкі науқанға өз үлесін қосу үшін 20 млн дирхам (548 мың доллар) аударған. Қазақ жұртын да елең еткізген тамаша бастама көтерілді. Бір Аллаға жалынып, жаман әдеттен арылған ағайын Қадір түнінде көпшілік алдында аты аталып, дұғаға қосылады.
Рамазан – рухани әлемге өзгеріс әкелетін ай. Себебі адам ашығу арқылы қан тамырымен жүретін шайтандардың жолын бөгеп, жамандыққа үндейтін аты жаманның аяғына тұсау салып, жат әдеттерден бір табан болсын кері шегінеді. Осы себепті де Ғаламның Рахым Нұры Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан – шайтандар кісенделетін ай» деген. Әрине, бұған ең әуелі адамнан берік ниет, темірдей төзім, шамалы сабыр керек. Сонда ғана адам хайуани сипаттан періштелік рухқа қадам басады. Өйткені Пайғамбарымыз нығметтің ниетке сай берілетінін айтады.
Рамазан – жат әдеттерден арылуға қолайлы ай. Мәселен, күндіз аузы берік жандарға темекі тастау мүмкіндігі мол. Тек кешкісін ауыз ашқан соң сабырлық танытса болғаны. Осыған орай былтырғы мүбәрак Рамазан айында «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жақсы бір бастамаға мұрындық болған. Бұл бастама биыл да жалғасты.
Бас имам жұма мінберінен: «Алла разылығы үшін Қасиетті Рамазан айында темекіден, сол секілді басқа да жаман әдеттен арылуға үндеймін. Кім бұл үндеуіме қолдау көрсетіп, темекісін тастайтын болса, Қадір түнінде сол азаматтарымызды Рамазан айында өміріне бір өзгеріс жасағаны үшін, жаман әдеттен жақсыға қадам басқаны үшін мыңдаған жамағаттың алдында аттарын атап, дұға-тілектерімізге қосамыз» деді.
Нигерияның ауқатты адамдары мен қайырымдылық қорлары Рамазан айында қайырымдылық танытып, жағдайы төмен адамдарға ауызашар ұйымдастырып, қасиетті айда 200 мың адамды тегін тамақтандыруды өз міндетіне алды. Нигериялық саясаткерлер де қайырымдылық жасаудан қалыспай, түрлі деңгейде ауызашарлар ұйымдастырды. Мысалы, сенат мүшесі Букола Сараки өзінің ұйымдастырған іс-шараларын әлеуметтік желі арқылы жариялаған.
Палестина автономиясында ислам соттарының жетекшісі, шейх Юсуп Идейс Рамазан айында Құдай қосқан қосағымен ажырасқан ерлі-зайыптыларға неке бұзу туралы сертификат бермейтіндігін мәлімдеді.Тек айрықша жағдайларда Жоғарғы сот бюросынан растайтын құжатты ала алады.
Бір ерекшелігі, мұндай бастама өзінің пайдасын да тигізетін көрінеді. Мәселен, былтыр Ораза айында да осындай шешім қабылданып, бір ай бойына шаңырағы шайқалғандар болмаған. Ел ішінде тыныштық орнаған. Тіпті мамандардың сөзіне қарағанда, осы шараның арқасында ерлі-зайыптылардың арасында ажырасу деректері былтырғыдан азайғаны байқалған. Дәл осындай шешім Қазақстанда да жүзеге асырылса, біздің елімізде де шаңырағы шайқалған оқиғалар болса азаяр даусыз еді.
Иә, мұсылмандар мұратына жетудің амалы – өзгенің бар жақсы қасиетін жоғары бағалап, рухын көтеру. Біреудің тарапынан қолдау мен көмек көрген кісі өзі де жақсылық жасауға бір табан жақын тұрады. Сондықтан ізгіліктің иірімдерін қазақтың да жан-жақты үйреніп, жыл сайын Рамазан айында өзгелерге шарапатын тигізудің тамаша тәжірибелерін іске асыруды үйренгені жөн. Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемдік тамаша тәжірибелерді жинақтап келер Рамазанға мықтап дайындалғанымыз жөн.
Жолдасбек ӘШІМХАНҰЛЫ