23 жыл бойы Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп, қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін әлі күнге дейін сезінбегендерге не істеуге болады?!! Таңертең апайым қоңырау шалды. «Кеше маған «Қазжол» деген бір мекемеден звондап, жылуға қатысты қарыздарың бар екен, соған орай сізді келіп жауап беруге шақырамыз, деді. Қолыма соңғы екі жыл бойы төлеген түбіртектерімді алып, бардым. Ол Гоголь және Наурызбай көшелерінің қиылысында орналасқан екен. Менің түбіртектерімді көрген ол әлдебір қағаздарға қол қой деп ұсынды. Қарасам, орысша екен. Мен ешқандай орыс тіліндегі құжаттарға қол қоймаймын, қазақшасын әкел деп едім, айғайлап ұрсып берді. Орыс тілін әлі ешкім «отменить» етпеді деп айтты. «Заңға қарсы шықты, құжаттарға қол қоюдан бас тартты» деген құжат дайындай бастады. Мынаған заңды түсіндірші» деді ол кісі. Мен телефон тұтқасын алып едім, ол адам менімен орысша тілдесті. Сосын, сіздерде іс-қағаздары неге қазақша жүргізілмейді? деп сұрап едім, «Бұл іс қозғалғанда бізге түскен шағым орыс тілінде түсті, сол себепті де біз бүкіл құжатты орысша толтырдық. Ол кісіге беретін құжаттарымыз да тек орыс тілінде болмақ» дейді ол. Ал сізге келіп тұрған адам орысша жақсы түсінбейді. Және орыс тіліндегі құжаттарға қол қоямын деп аузы күйген. Мен журналист екенімді пайдаланып сіздердің іс-қағаздарыңызды қай тілде жүргізіп жатқандықтарыңызды тексеруге бара аламын. Сол себепті ол кісінің сұраған құжаттарын қазақ тілінде беріңіз» деп едім ол жұмсарып сала берді. «Түсіндім, түсіндім» деді. Кейін әпкемнен не болғанын сұрап едім, «олардың бастығы келіп түбіртектерімді көріп ешқандай қағазға қол қоюымның қажеті жоқ екендігін айтты, ал бір орыс жігіті бәрін қазақша түсіндіріп берді. Ал маған айғайлаған қазақ жігіті тілін жұтып қойғандай үндемей қалды» деді.
Негізі заң бойынша, бүкіл іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіліп, талап етілген жағдайда орысша қызмет етілу керек еді. Бізде бәрі керісінше, ең өкініштісі, жиырма жылда қазақ мемлекетінде өмір сүріп отырғанымызды сезіне алмағанымыз… Қолда бар заңды жұмыс істете алмағанымыз…
Есенгул Кәпкызы
http://www.turkystan.kz/