АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ТӘЖИН ҚЫЗМЕТІНЕН НЕГЕ КЕТТІ?

1390299305_1«Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы қызметінен босатылды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлайды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы міндетін уақытша атқару жүктелді», – деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі. Сондай-ақ, Ғалым Ізбасарұлы Оразбақов Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Әлеуметтік желілерде пікірталас көрігін қыздырғандар түрлі болжам айтады. Алдымен тым жақсы жұмыс істеп жүрген Тәжиннің қызметтен неге кеткені туралы айтсақ. Елімізге танымал журналистердің бірі Дәурен Қуат өз парақшасына: «Тәжин мемхатшылық қызметінен босады. Неге? Біріншіден, ол аталған лауазымды қызметке тұрған бойда БАҚ-тың кәсіби қызметін өзіне қайтарып беру туралы бастама көтерді. «Баспасөз – идеологияның жалаң құралы болып қалмауы керек», – деді. Екіншіден, бүгінгі қазаққа қатысты тарихи деректерді әлем елдерінің бай мұрағаттарынан іздеп, 23 мемлекетке тарихшы, деректанушы, мәдениеттанушы ғалымдарды аттандырды. Олардың дені олжалы оралды. Үшіншіден, Баһадүр хан бабамыз Абылайдың асын Көкше жерінде беруге мұрындық болды. Сөйтіп «тарихты базарға айналдырды» да кетті. «Базар – базардан азар» деген – осы. Мәкең қызметсіз қала қоймас, бірақ игілікпен басталған іске обал болды»,  – деп жазыпты.

Кейбір сарапшылар оның қызметі жоғарылауы мүмкін екендігін айтады. Мәселен, тағы бір журналист Ержан Сүлейменов те өзінше болжам айтыпты: «Тәжин мен Мәсімов туралы оқығанда алдымен келген ой: БАСТАЛДЫ!!! Сосын қайта ойландым, басталған… ештеңе де басталған жоқ қой… Мүмкін ол жоғарылап кеткен шығар?».

Тағы бір сарапшылардың пікірінше, Тәжин Ресейдегі елшілікке төтенше және өкілетті елші боп тағайындалуы мүмкін.

Әншейінде саяси жорамал айтудан қамшы салдырмайтын саясаттанушылардың өзі абдырап қалған. Сонымен, Тәжин қызметінен неліктен кетті? Қандай лауазымға бекітілмек? Мәсімов Мемлекеттік хатшы міндетін уақытша атқара ма, әлде тұрақты түрде осы міндетті мойнына ала ма?

 

Нәзия Жоямергенқызы

http://www.turkystan.kz/