АСТАНА. 8 мамыр. Baq.kz- Кейбір мекемелерде қазақ тілін менсінбейтіні соншалық, орысша білмегендерді жұмысқа қабылдамайтын болған. Ал ондай адам алда-жалда жұмысқа қабылдана қалса, әлгіні мүйіздеп, ақыры жұмыстан қуып шығады. Бұл адам құқын бұзушылықтың, мемлекеттік тілдің мәртебесін аяққа таптаушылықтың айқын белгісі. Өкінішке қарай мұндай жайттар аз кездесіп жатқан жоқ. Өмірімізден орын алып отырған осы әділетсіздіктерді түп-тамырымен жойып жіберуге ешқандай құзырлы органдардың пәрмені жетер емес. Өзекті өртеп бара жатқан бұл мәселеге адам құқын қорғаумен айналысатын көпшілік қоғамдық ұйымдар да бейжай қарайды. Өйткені, олардың құлқынын тек ақша ғана тесіп тұр. Оларға қазақтың тілі, қазақтың мемлекеті керек емес, қазақтың ақшасы ғана керек.
Өз елінде өгейлік көріп, жаны жылаған байғұс қыз былай деп мұңын шағады: «Аттестациялау бойынша № 41, №325 т.б бұйрықтар және жұмыс нұсқаулары мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде болды. Өзім оралман болғандықтан, маған орыс тілінде жауап беру қиынға түсті. Сондықтан, аттестацияда толық жауап бере алмағандықтан, мені жұмыстан шығаруды бұйырды. Сөйтіп, орысша білмегендіктен жұмыстан шығарды. Ал мен орыс тілін үйренуге тырысып жатырмын. Мен бас дәрігердің орынбасары Айгерім Базарбайқызынан аттестациялық сауалдардың қазақ тіліндегі нұсқасын сұрағанда, «өзің аударып ал!» деді.
Мен сол аттестацияға екі рет кірдім, білгенімше жауап бердім. Бірақ өткізбеді. Ал кейбіреулері жауап бермесе де өтті. Мен өз жұмысымды жауапкершілікпен істеймін. Жұмысыма қатысты шағымдар болмаған. Осы өтінішімді қарастыруыңызды және бір шара қолдануыңызды сұранамын. Осы жұмыс арқылы отбасымызды асырап отырмын»,– депті Бақытгүл.
Міне, біздегі жағдай. Алыстан атажұртым деп аңсап келген өз қазағымызды өкпеге теуіп, жұмыстан шығарамыз. Ал бөтен мемлекеттің тіліндегі сайрауықтарға бар жағдай жасап береміз. Басқа тілде сөйле, басқа тілді үйрен деп талап қоятын мекеме, бастықтар басқа қайда бар?!
Бақытгүл ханым, министрдің жауабын көп тосып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан ештеңеге қарайламай сотқа арыздана беруіңізге болады. Заң сіз жақта.
Дәулетқали Асауов