Атақты «Дудар-ай» әнін кім білмейді? Бәріміз білеміз. Бірақ ән авторы Үлебайдың кім екенін білеміз бе? 1920 жылы Затаевич ел аузынан «Дудар-ай» әнінің он шақты нұсқасын жазып алған. Бір нұсқасын Ғани Мұратбаев беріпті.
Біреуін Әміре Қашаубаевтың аузынан жазып алған. Бүгінде орындалып жүрген нұсқа – осы Әміре берген нұсқаға барынша жақын. Ендігі әңгіме әннің шығу тарихы. Ән тарихы ұзақ жылдар бойы көмескі болып келді. Мәриям Жагорқызымен (1887-1950) Алматыда кездескен музыка зерттеушісі Б.Ерзакович те әннің тарихы жөнінде жұмған аузын ашпапты.
«Дудар-ай» әнінің шығу тарихына алғаш ғылыми әрі әділ баға берген – қазақ музыкасының жанашыры, «Дудар-ай» операсын жазған атақты композитор Евгений Брусиловский. Ол өзінің «Дүйім дүлдүлдер» деген хикаясында: «Бұл ән талассыз Арқа композиторларының біреуінің әні екеніне сенемін, өйткені ән табиғаты кең тынысқа, шалқар диапазонға құрылғаны өз-өзінен көрініп тұр. Ендеше, бұл әнді басқа ұлттың өкілінің шығаруы мүмкін емес» деп жазған. Бұл ойды кейін музыка зерттеушісі, композитор Ілия Жақанов, сондай-ақ марқұм жазушы, сыншы Бекділда Алдамжар да өзінің «Дүдәмалды «Дудар-ай» атты мақаласында тілге тиек еткен.
Кеңестік заманда ұлтаралық саясатқа байланысты «Дудар-ай» әнін Мәриям Жагорқызы, яғни Рекина Мария Егоровна шығарды деген жаңсақ дерек тарады. Бұл күнде ол әннің авторы Үлебай Әнетұлы екені нақтыланды, оған ешкім күмән келтірмейді.
«Айқын» газетіне Қорғалжын ауданының Өркендеу ауылынан хат жазған Рақымберген Қозыбағардың айтуынша, «Үлебай ақын 1966 жылы өмірден өткен. Оқымаған, хат танымаған. 1954 жылы кіші баласына кейінгі еңбектерін дәптерге жаздыртқан. Ол дәптерді 1955 жылы ақын Қалижан Бекхожин сұрап әкеткен, одан кейін хабар жоқ. Үлебайдың шағын өлеңдерін білетін адамдар өмірден өтіп кеткен. Мен Үлебайдың кіші баласымен бірге өсіп, бірге жүргем, содан білемін. Естуімше, Үлебай ақын өлеңін Мәриямға басы бүтін бергені үшін ол кісіге сыйлық беріпті. Оны кез келген адамға айта бермейтін». Үлебай ақын туған Өркендеу ауылының тұрғыны осылай дей келіп, бұл өлеңнің сөзін кейін біреулер заманға сай өңдеп, түзеткенін айтады.
Ал Астана қаласының Көктал тұрғын алабының Жаңақоныс көшесінде тұратын жасы сексеннен асқан Сағындық Байұзақұлы деген ақсақал «Айқын» газетіне былай деп хат жазады:
«Үлебай Әнетұлы тұратын Өркендеу ауылы мен біздің Жұмай ауылының арасы сегіз шақырым жер. Әкем жылқышы болған, бие сауып, қымыз дайындайтынбыз. Бір күні Үлебай бір жүрмейтін көк атын арбаға жегіп келіп әкейге: «Маған бір жақсы ат бер және атқосшыға мына балаңды бер» деп мені қоса сұрап алды. Содан Үлебай екеуміз «Сталин» колхозының бастығы Қали деген молдаға бардық. Ол шамамен сегіз-тоғыз шақырым жер. Қалиға жолыққан соң ауылдағы Әйтілеу қожаның үйіне түстік. Кешкі ас дайын болғанша Әйтекең «Мәриямның» хикаясын басынан аяғына дейін айтқызды. Сонда өз аузынан естігенім: Дүйсен деген әнші, домбырашы дударбас жігітпен екеуі дос болып, сол аймақтағы ойын-сауықтың гүлі болыпты. Бір күні екеуін Садырбай деген жерге алтыбақанға шақырып, Ұялы ауылынан төтелей өтіп бара жатқанда, алдарынан шыққан 15-16 жастағы орыс қызы Мәриямға кез болады. Қызға екі замандастың көңілі бірдей ауып, бірнеше кеште бірге болған соң, ақырында екеуі ақылдасады да, қыз қайсысын таңдаса соған келіспекші болады. Сөйтіп, қызға сөз салғанда ол Дүйсенді таңдайды. Дүйсен үйленейін десе, ағайындары қарсы болады. Бірақ табандылық танытқан Дүйсен қосағын тастап, Мәриямға үйленеді. Көп ұзамай, Дүйсенді ағайындары ұрып-соғып алып кетеді. Осы арада екеуінің арасында хат тасушы Үлебай болады. Ол екеуінің хатын да өлеңмен өріп жеткізеді. Міне, «Дудар-ай» әні осы кезде туады. Үлебай ол әнді ағайындары Дүйсенді екінші қайтара алып кеткенде Мариямның атынан шығарған. Кейіннен ислам дінін қабылдаған Мәриям, тағдырдың бұйрығымен бірнеше рет күйеуге шыққан. Ал Дүйсен сол соққыдан ауыр науқасқа шалдығып, қайтыс болады».
Ал Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Сабынды ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, зейнеткер Қазкен Оспанов «Айқын» газетіне былай деп хат жолдайды: «1986-89-жылдарда мен сол өңірде, яғни «Коммуна» кеңшарында партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезімде, «Дудар-ай» әнінің шығу тарихынан мағлұмат алған болатынмын. «Құмкөл» ауылының байырғы тұрғындары Сақыпұлы Әбдіғали, Алдоңғарұлы Алдажар, Жағыпарұлы Дүйсен, Жетпісұлы Ашу, Сыздықұлы Өміртай, Нақыпұлы Қасым, Төлеуұлы Жұмажан ақсақалдардың «Дудар-ай» әніне қатысты әңгімелеріне қанық едім.
Арқалы азаматтар Дүйсен мен Үлебай осы Қорғалжын елінде мекен еткен Қарпықтың Тінәлісінің төл балалары болатын. Дүйсен Әжіке руынан болса, Үлебай Дәулет руының баласы.
Үлебай Әнетұлы 1886 жылы қаңтар айында Қорғалжын ауданы, «Өркендеу» елді мекенінде дүниеге келген. Үлекең жасынан бойына біткен табиғи дарынының арқасында ақындығы-әншілігімен ел аузына ерте ілінді. Ол бала кезінен ауыл молдасынан хат танып, 13-14 жасынан өлең шығарумен айналысқан. Осы өңірде өмір сүрген Құлтума, Тоқа, Жақып сияқты атақты ақындармен бірге жүрген, солардан тәлім-тәрбие алған. Үлекең шығарған әндер халық арасында кең таралған. Той-думандарда өлең айтып, халық арасында сыйға бөленіп отырған. Үлебайдың Ұлы Отан соғысына қатысушы баласына арнап жазған «Жаным, балам», «Ізтілеу мен Қазанбайға», «Қасқырмен айтыс», тағы басқа көптеген өлеңдері жарық көрмегенімен ел аузында қалған.
Ел аузындағы әңгімеге құлақ түрсек, Мәриям Үлекеңе «менің атымды алашқа әйгіледің» деген екен. Тіпті 1948 жылы Алматыда Мәриямның иығына жамылған ақ шапан Дүйсен мен өзінің ақ махаббатының белгісіндей Үлебай ақынға тарту-жоралғы болғандығы да аңызға айналған.
Үлебай 90 жастан асқан шағында өмірдің рахатын да, бейнетін де көріп дүниеден озды. Бұл күндері Үлебай мен Дүйсеннен, Мәриямнан тараған ұрпақ ата қоныс – Қорғалжын өңірінде еңбек етуде. Сондықтан жергілікті және республикалық деңгейдегі телеарналар Үлебай мен Дүйсеннің, Мәриямның ұрпақтарының басын қосып, үлкен бір тәрбиелік мәні бар шара өткізсе, нұр үстіне нұр жауар еді деп есептеймін». Жөн-ақ сөз! Тіпті Мәриям Жагорқызының қызы Ырсалдыдан тарайтын ұрпақтары Астана қаласында да тұрады деп естиміз. Ендеше, біз де Қазкен ақсақалдың соңғы бәтуалы сөзіне қосыла отырып, мақаламызды қорытындылаймыз.
Төреғали ТӘШЕНОВ
http://www.aikyn.kz/