Тарихтың еншісінде кеткен қиын-қыстау шақтарда қазақ аспанының астынан пана тапқандар аз болған жоқ. Ешкімді шетқақпайламадық. Осы топыраққа қазығын қаққан орыс, неміс, украин, татар сынды түрлі ұлт өкілдері бүгінде тегі басқа болғанымен теңдігі бір, мүддесі ортақ біртұтас халыққа айналды. «Біздің Қазақстан» деп сөйлейді қазір.
Орысша білмейтін украин қызы
Мен Жаннамен концерттердің бірінде таныстым. Қазақша тақылдап тұрған қараторы қыздың украин ұлтынан екенін естігенімде еш сенбедім. Ол жүргізген кешке бір рет барып көрсеңіз, сіз де сенбес едіңіз.
Жанна Верещак – Баянауыл өңірінің тумасы. Бұл өлке өз төсінде өмірге келген әрбір адамның бойына талант пен дарынды аямай-ақ дарытады екен. Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Жұмат Шанин, Шәкен Айманов секілді қайраткерлер шыққан қасиетті жерде туылғанын Жанна мақтанышпен айтады. «Табиғат-Ана мені де өнерден кенде қылған жоқ», – дейді ол.
Әкесі Александр Верещак он жыл бойы Екібастұз қаласының қазақ мәдениеті орталығы мен Керекудегі «Достық үйіне» басшылық жасапты. Айсұлудай әйелді жар етіп, бүгінде қазаққа күйеубала болып отыр. Домбыра, баян, гитараның құлағында ойнайтын ол ұл-қыздарын да өнерге баулыған екен. Жаннаға әкесінен ән айту дарыпты. «Бала кезімнен әнге құмар болып өстім. Аулада жүріп, күйсандықтан естіген барлық әндерді қайталап айтатыным әлі есімде. Ол кезде үш-төрт жасармын. «Жұлдызымсың, нұрын шашқан-ай» деген әнді жақсы көруші едім», – деп күледі біздің кейіпкер.
Верещактар әулеті отбасында қазақша сөйлеседі. Әке тәрбиесінің мықты болғаны көрініп тұр. Балаларын Жанболат, Ерболат, Жанна, Дана деп атаған Александр ағайға еріксіз риза боласың.
Айтпақшы, Жанна жеті жасқа дейін орысша білмепті. Тек мектеп табалдырығын аттаған соң ғана бірте-бірте үйренгенін айтады ол. Орыс мектебінде оқып жүріп, қазақ тілі пәнінен олимпиадаларға қатысқан. Қалалық, облыстық білім додаларында оза шауып, жеңісті бермеген украин қыздың талантына таң қалушылар көп болыпты. Қазір де аз емес. Алматыдағы іс-шаралардың шырайын кіргізіп, кештерді қазақ тілінде жүргізіп жүрген Жаннаның ісіне біз де риза болдық. «Қалаға барғанда қазақша сөйлеп жүріңдер» деп айтқан әке сөзін жерге тастамапты.
«Осы біз – қазақтар…»
Жанна кітап оқығанды ұнатады. Бұрынырақ анасының аузынан «Ер Төстік», «Алтын сақа» сынды ертегілерді естіген соң, ерте кезден-ақ әдебиетке қызығушылығы оянған екен. Мектеп қабырғасында жүргенінде Абай әндерін жаттап, дәстүрлі «Абай оқуларына» қатысыпты. Қазір Шахановтың жырларымен танысып жүр.
Ол қазақша телебағдарламаларды да қалт жібермейді. «Еларнадағы» «Тапқыр достар», «Хабар» арнасындағы «Қазақшаңыз қалай?» шоуларында қырағылығымен, алғырлығымен көзге түсті. Қазақ ұлттық университетінде оқыған жылдары «Студенттік көктем», «Абай әлемі» фестивальдерінің жүлдегері атанды. 2011 жылы «ҚазҰУ-дың ең үздік студенті» номинациясымен марапатталды. Қазіргі күні «Қазақстан дауысы» телевизиялық ән байқауына қатысып жатыр.
Жаннаның жоспарлары көп. Әйтеуір айтқан сөзінің өн бойынан қазақылықтың лебі есіп тұрады. Әңгіме арасында қазақ тіліне деген жанашыр ой-пікірін көп байқадық. «Қазақстан – көпұлтты ел. Мұнда жүзден аса ұлт өкілдері бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүруде. Бірақ кейде әлеуметтік желілердегі ұлттарды сөгетін не қазақтарды өзара жүз бен руға, жершілдікке бөлетін жазбаларды көріп, жаным ауырады. Менің ойымша, бұл – тек өзінікіне ғана тәуелді боп қалған ақылсыздау адамдардың пікірі. Өз басым мұндай жағдайларға тап болып көрмеппін. Достарым, көбіне, менің украин екенімді ұмытып та кетеді. Кейде тіпті «осы біз – қазақтар…» деп айтатынымды байқамай да қаламын», – деп ақтарылды ол.
Жаннаның арманы – көп тілді меңгеру. «Адам неғұрлым көп тіл мен өзге ұлттың мәдениетін білген сайын соғұрлым толерантты және қарапайым бола түседі» деп айтқан бір ұстазының сөзін қатты қадірлейді екен. Көктемде Алматыдағы тіл орталықтарының бірінде кәрістерге орыс тілін үйретіпті. «Сабақ арасында сөздердің қазақша аудармаларын қоса айтуға тырысып жүрдім. Үш айдың ішінде қазақшаны кәдімгідей үйреніп қалды. Маған әріптестерім «Сен өзі қай тілдің мұғалімісің?» деп күлетін», – дейді Жанна. Бойжеткеннің бұл әңгімесіне іштей сүйсіндік, таң қалдық, тамсандық…
«Таңшолпанның» еркесі
2011 жыл болатын. Алматыдағы Студенттер сарайында «Ана тілі аруы» байқауы өтіп жатқан. Бұрымдары тілерсегіне түскен небір қазақтың ару қыздары сахна төріне көтеріле бастады. Қынама қамзол, қос етек көйлек киген сұлулардың сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосқандай. Бір кезде жұрт алдына тербеле басып, кәріс қызы шыққанда зал ду қол соқты. Риза болғаны шығар. Қазақшаның майын тамызып сөйлейтін Иринамен көпшілік қауым сол күні танысты.
Ирина Тен Арал жерінде дүниеге келген. «Тағдыр маған ыстық жүректі бауырлар мен Аралымның алтын топырағын сыйлағаны үшін шексіз бақыттымын», – дейді ол. Өзі қазақшаға судай. Онысына, бір жағынан, ауылда өскені, бір жағынан, ата-ана тәрбиесі де әсер еткен болар. Қазақ тілі пәнінен облыстық, республикалық олимпиадалардың бірнеше мәрте жүлдегері болыпты.
«Қазақ тілін білгенімнің арқасында қазақ әдебиетінің мол мұраларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Тілдің құдіреті осында болса керек», – дейді биязы қыз. Абай мен Мұқағали шығармаларын сүйіп оқиды екен.
Бүгінде Иринаны бүкіл республика таниды. Күнде таңертең барша Қазақ еліне «Қайырлы таң!» тілеп оятататын қыз – ұлттық арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі. Журналистикаға келгеніне еш өкінбейді. «Бұл кәсіп маған көп нәрсенің қыр-сырын жете түсінуді үйретті. Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз әлі де. Өзімді қалыптастыруда, кәсіби шыңдалуда «Таңшолпан» маған үлкен мектеп болды», – деп қалды бір сөзінде.
«Кәріске ұқсайтын қазақ»
Көбісі Иринаның кәріс қызы екеніне әуелгі де сенбей қалады екен. Бота көз, оймақ ауыз, үріп ауызға салардай үлбіреп тұрған арудың тақ-тақ етіп қазақша сайрап тұрғанын көргендер іштей риза болады. «Бірде мынадай қызық болды. Құрбым екеуміз сауда орталығын аралап жүрген болатынбыз. Біз достарымызбен өзара қазақша сөйлесетін едік. Сөйтіп, екеуміз әңгімелесіп келеміз. Бір кезде жанымыздан өтіп бара жатқан апайдың мені көріп, жанындағы құрбысына: «ТүҺ, мына қазақ қыздың әдемісін-ай! Өзі тұп-тура кәріс сериалдарындағы актриса сияқты екен!» деп тамсанған сөзін естіп қалдым. «Апай, мен, шынымен де, кәрістің қызымын» деп күлдім оған. Ол кісі әуелгіде сенбеді. Менің қазақша еркін сөйлеп тұрғанымнан күмәнданса керек. Сосын, амал жоқ, өзімнің жеке куәлігімді көрсеттім. Сонда ғана түсінді ғой. Осы апай сияқты көп кісілер мені кәріске ұқсайтын қазақ қызы деп қала береді», – деп жымиды Ирина.
Айтпақшы, Ирина бауырсақты керемет пісіреді. Ет те аса алады. Мұның бәрін анасынан үйреніпті. Тіпті өзі ұнатып, көңілі құлап жатса, қазақ жігітінің етегінен ұстауға дайын.
Туған елдің туы астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарымыз аз емес. Біздің кейіпкерлер бүгін осыны дәлелдеді. Елбасымыз бір сөзінде былай деп еді: «Татулық пен тұрақтылық ел иесі ретінде, ең алдымен, қазаққа керек. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес. Халқымызда «тар жерде табысқан, кең жерде келіседі» деген сөз бар. Ең тар замандарда қазақ құшағына алған өзге этнос өкілдері бүгінде өз бауырларымыз атанып, бізбен бір халыққа айналды». Шүкір дейміз…
Бетті дайындаған Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ