АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Отбасы мен бизнесті үйлестірген келіншек

ainagulКелісілген уақытта, межелеген жерге келдім. Бұл кісімен тағы бір сөйлесудің реті келгеніне қуанып, тағатсыздана күтіп отырмын…

Кейіпкерім – Айнагүл Хамитова кәсібін дөңгелетіп отырған іскер келіншек. Онымен осыдан бір ай бұрын Іскер әйелдер форумында танысқан едік. Елорданың ең қымбат, әдемі қонақ үйлерінің бірінде күтімі келіскен, сәнді киініп, боянып сыланған сылқым сұлулардың ішінде көзім Айнагүлге ерекше түсті. Әйел адамның сәнін келтірер ең басты нәрсе жүктілік деген сөз есіме оралды… Айнагүл Хамитова алты баланың анасы, жетіншісі қазір құрсағында. Өзі Қарағанды облысына белгілі де беделді кәсіпкер. Іскер әйелдер конгресінің мүшесі. Енді міне, белсенді ана бүгін де бизнесінің бабымен Қарағандыдан Астанаға жолы түсті. Біз де бұл мүмкіндікті қалт жібермей, сұхбаттасып қалуға асықтық.

Көп күттірмей, есіктен көзі күлімдеген кейіпкерім де көрінді. Мен айы күні жақындаған Айнагүлдің қасы-қабағына қарап, «Жол ауыр болмады ма?» деп сұрап едім, жылы жымиған ол: «Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын ауылдың қарапайым қызымыз ғой, бұл жол не тұрады?!» деп күлді. Міне, кейіпкерімнің мінезі…

Ол кәсіпкерлікке балалары үшін келген. Алты баланың анасы, ұлы мен қызының талабын ұштап, дарынын арттыру үшін ыңғайлы дамыту орталықтарын іздейді. Көп ізденістен түйгені, қазақ тілінде, қазақы тәрбие бере отырып, баланы дамытатын орталықтар жоқтың қасы. Мұны үлкен қателік деп есептеген Айнагүл оны түзетудің жауапкершілігін өз мойнына алады. Ол көп ізденіп, ақырында шешімін де табады. Баланың көшбасшылық қабілетін арттырып, өнер мен шығармашылыққа баулитын ерекше әдістемеге қол жеткізеді. Бойын керемет ынта мен ықылас кернеген ол кәсібіне білек сыбана кірісіп, бизнес жоспарын құрады. Білімі мен білігін ұштастырып, белсенділігінің арқасында байқаудан сүрінбей өтеді. Осылайша мемлекет грантын жеңіп алып, көп балалы ана кәсіпкер атанды.

–         Әрбір ата-ана баласының қабілетті, алғыр, өз ортасында беделді болғанын қалайды. Әр бала дүние есігін ашқанда, үлкен әлеуетпен, ерекше қабілетпен келеді. Бірақ осындай жаратушы берген қасиеттерді кейде әке мен шеше, одан кейін қоғам, одан кейін мектеп, ұстаз тағысын тағылар білместікпен біртіндеп жоя береді. Қарапайым ғана мысал келтірейін, жан-жағын танып біле бастаған балақай анасынан қайшы сұрады делік. Ол қолындағы қағазды қырқып көруді қатты қалап тұр. Бірақ баланың қауіпсіздігі үшін қорыққан ана, әрине қайшыны бермейді. Берген былай тұрсын, тіпті бұдан кейін бала оны мүлдем көрмейтіндей, ең биік сөренің біріне тығып тастайды. Бала да, ана да қайшы туралы ұмытты. Бірақ сол сәтте сәби өзіне қажет болған дағдыны игере алмай қалды. Баланың бойындағы қабілетті дер кезінде көре білу және оның ашылуына жағдай жасау әр ата-ананың міндеті. Қоғам да бұл процестен сырт қалмауы керек. Біздің «Дарынды бала» дамыту орталығының да көздегені осы. Баланы баулуды сәби кезінен бастаған тиімді, — дейді кейіпкерім.

Айнагүл бала тәрбиесі туралы сағаттап сөйлеуге бар. Құнды кеңестерге қанығып, әңгімеге елтіген менің санамда, «жүкті әйелді көп сөйлетіп қинап қойған жоқпын ба?» деген ой да қылаң береді. Мұндайда Айнагүл: «Бұл менің тақырыбым, менің өмірім. Мен бала тәрбиесі туралы айтқан сайын арқаланып, жана түсемін», — дейді. Шынында да кәсібі туралы әңгімелегенде оның көзіндегі ұшқынды байқадым. Айтқан сайын жаны кіре түседі…

Айнагүлдің жасы әлі қырыққа да толмаған. Бірақ көп балалы ананың тұңғышы қазір Канадада білім алып, жұмыс істеп жатыр. Бір қызы Лондон мен Париж жұртшылығы алдында өнер көрсетіп, қазақтың қобызын танытып жүрген өнерпаз. Астанадағы Өнер академиясында білім алады. Үйдегі өзге балалар да өнерден кенде емес. Барлығы күйсандықта еркін ойнайды. Одан бөлек әр баланың әр түрлі қызығушылығы бар. Бірі киім үлгілерінің үздігі атанғысы келсе, енді бірі қылқаламның сиқырына бойлаған. Алты бала бір-бірін жетектейді, үйретеді, қамшылайды, қолдайды. Көп балалы үйдің артықшылығы да осы…

–         Баланы дамыту орталығына беріп, сонымен іс бітті деп ойлау қате. Сәби көргенін істейді. Ол ата-анасының әрбір қылығы мен дағдыларын еріксіз өз бойына сіңіреді. Сондықтан үйдегілер де ұрпағының дұрыс тәлім-тәрбие алғанын қаласа, алдымен өздерін тәрбиелеуі керек. Біздің орталық ата-анаға да аптасына бір мәрте дәріс, тренингтер өткізеді. Яғни, баланың бойындағы көшбасшылық қабілетті ғана дамытып қоймай, ата-анаға да көшбасшы болуды үйретеміз.

Айнагүл «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақалды жадына берік түйіп алған. Оның пікірінше, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетіп, отағасын қадірлеуді үйреткен қазақы тәрбиеден артық ешнәрсе жоқ. Оның «гендерлік теңдік» деген түсінікке де жаны қарсы. Отағасы қашанда биік тұруы керек. Әйел адам кәсіпкерлікке кетсе де, онысы отбасына кері әсерін тигізбеуі керек. Бизнестегі әйел отбасылық міндетін де қатар алып жүруі тиіс. Айнагүл мұның шешімін тапқан. Ананың басты парызы болып саналатын бала тәрбиесі – бүгінгі өзінің дөңгелетіп отырған басты кәсібі. Сондықтан баланы да дүниеге әкеледі, бизнесін де тоқтатпайды.

–         Дамыған елдерде, мысалы Америкада бала босанған ана бір аптадан кейін жұмысқа шығуға міндетті, шыға алмайсың ба, қызметтен кетесің. Ал Қытайда бала көтеру үшін жұмыс берушінің ресми рұқсатын алу керек. Ал бізде қалай, сәбилі болсаң, үш жыл алаңдамай бала күтімімен айналыс, алғашқы бір жылында мемлекет жәрдемақысын да төлеп тұрады. Бұл деген әйелге берілген үлкен мүмкіндік. Көзін тапса, кез келген кәсіпті әйел адам бала күтімімен отырып та бастауына болады, — дейді ол.

Айнагүл білгенімен бөліскенді жөн көреді. Бизнесті бастау, оны дамыту, бәсекеге қабілетті болу, жалпы кез келген кәсіпте сәттілікке қол жеткізу сырларын «білемін» дегендерге айтудан, үйретуден жалықпаған. Себебі, ол тек өз баласын ғана тәрбиелеп қойғанмен, одан келешек ұрпағының өмірі жарқын болып кетуі екіталай екенін түсінеді. Өйткені оның тәрбиелі ұрпағы тәрбиесіз қоғамда өмір сүре алмасы анық. Сондықтан ана өз ісі арқылы алдымен әр үйдің баласын, одан кейін оның ата-анасын, сол арқылы қоғамды, сол арқылы бүтіндей мемлекетті тәрбиелегісі келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ана осындай болуы керек шығар…

Айнұр Жақыпбек 

http://aynaline.kz/archives/6554

Фота /aynaline.kz сайтынан алынды