АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Өтемақы көлемі туралы заң керек

отемакыЖақын туысқаныңыз біреудің кінәсінен жол-көлік апатынан қаза тапса, айыптыдан өтемақы өндіру қиынның қиыны екен.Өйткені жол-көлік апаты кісі өліміне әкелсе, жәбірленуші тарап – туған-туысқандар мен бала-шағаның пайдасына өтелетін моральдық және материалдық өтемақы көлемі заң жүзінде бекітілмеген. Соның салдарынан елімізде өтемақы көлеміне қатысты дау-дамайлар көбейіп келеді. Сондай даулардың бірі Алматыда орын алып отыр.

Оқиғаның мәніне келсек, 2013 жылғы қарашаның 16-сы күні 27 жастағы жүргізуші Руслан Сатыбеков жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ережелерді өрескел бұзып, Алматыдағы «Көк-Қайнар» ықшамауданында көшеден өтпек болған жаяу жүргінші Марат Матрековті көлігімен қағып кеткен. Алған жарақаттары тым ауыр болып, жүргінші ауруханаға жетпей жатып жан тапсырыпты. Оның артында шиеттей үш баласы мен жүкті әйелі еңіреп қалған. Ең үлкен қызы небәрі 5 жаста болған. Отағасының ажалынан кейін жесір әйел дүниеге екі егіз баланы – ұл мен қыз әкелді. Енді асыраушысынан айырылған бұл үлкен отбасы жүргізушіден әлі ештеме өндіре алмай отыр.
Марқұмның ағасы Қайрат Матреков жол-көлік апатынан болған кісі өлімі бойынша моральдық және материалдық шығынның өтелуін заң жүзінде бекіту қажеттігін айтуда. Оның сөзінше, дамыған Батыс елдерінің барлығында мұндай тәжірибе әлдеқашан қолданысқа енген.

«Мен жол-көлік апаты кісі өліміне әкелген жағдайда тараптардың бітімге келуін жою керек деген көзқараспен келіспеймін, өйткені мұндай істі қараған кезде мемлекет ең алдымен жәбірленген тараптың мүддесін қорғауы керек. Тіпті абайсыздықпен кісі өлімі орын алса да, адам өмірінің құнын анықтау керек. Адам өміріне баға жетпейді десек те, жәбірленуші тарап үшін адамның құны бар – оларға бала-шағаны аяқтан тұрғызу керек. Айыпты азамат қажетті соманы өтей алмаған жағдайда жәбірленушінің өтемақысын алдымен мемлекет төлеп беруі тиіс. Содан кейін мемлекет өзі айыптыдан өз қарызын асықпай өтеп алар еді», – дейді Қайрат Матреков.

Істі өзіне келсек, айыпты тарап жәбірленушінің отбасынан бітімге келуді сұрайды, бірақ нақты заңның жоқтығынан өтемақы көлемін сөзбұйдаға салып, әлі созып келеді. Айта кетсек, айыпты жүргізушінің өзі жұмыссыз, көлігі де Қазақстанда емес, Қырғызстанда тіркелген екен.

Айтпақшы, көршілес Қытайда жол-көлік апатынан кісі өлсе, апатқа кінәлілер оның бала-шағасына заң жүзінде 30 мың доллар өтемақы төлейді екен.

 

Айдын Олжаев