АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«ӨТКЕНІН ҰМЫТАТЫН ҚОҒАМДЫ БОЛАШАҚ ТА ҰМЫТАДЫ»

тюрьмаҚазақстанда түрмедегі жемқорлықтың айы оңынан туып тұр. Тіпті сотталғандар мен оларды күзететін түрме қызметкерлері (ішінде басшылары да бар) сыбайлас «серіктес» болып алған. Сыбайластықтың көкесі емей немене, қарақшылық және адам өміріне қастандық жасағаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылған Ф. Блинов деген қылмыскер 313 күнге «ақысыз демалысқа» шығып, жеке іс парағындағы төлқұжатын пайдаланып, Ресейге ұшақпен және автокөлікпен 10 рет (!) қыдырып қайтыпты. Мінеки, жеткен жеріміз!

1. Ақысыз демалыс

Шығыс Қазақстан облысында орын алған, бұл былық ресейлік құқық қорғау мекемелерімен бірлесіп жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде әшкереленді. Мынаны қараңыз: осы дерек негізінде ҚК-тің 308-бабы бойынша облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің лауазымды басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, қаржы полицейлерінің қолына берілген. «Нұр Отанның» жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің сараптамалық комиссиясының дерегі осы.
Шырылдаған шындықты Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы, бүгінгі депутат Қайырбек Сүлейменовтің өзінің аузынан естігенде жағамызды ұстадық. Ол мәрмәр мінберде тұрып: «Темір тордың арғы жағында адамның бостандығын саудалап жатыр! Қомақты қаржы ұсынған жазасын өтеушілер мерзімінен бұрын бостандыққа шығады, жазасын жеңілдетеді және артықшылыққа ие болады. Парақорлық, лауазымын асыра пайдалану, қолдан жасау, барлық санаттағы қызметкерлердің арын сату фактілері көптеп кездеседі» деп мәлімдеді.
Айтпақшы, «Жазықты жазасын алады» дегеннен қорыққан шығар, былыққа белшесінен батқан комитет басшысы Бауыржа­н Бердалин төбе көрсетпеді. Кім білсін, 4 күн бұрын демалысқа «қашып» кеткен ақжағалы кінәсін біліп, не үйінде, не әйгілі жағажайлардың бірінде кірпіктері айқаспай жатқан шығар?!. Ал оның орнына «отқа түсуге» келген орынбасары Жанат Кешубаев күлкіге қалды. Сотталғандардың қалта телефонын пайдалануды 50 пайызға кеміттік дегені үшін… Қалта телефонын ұстау түрмеде де сән көрінеді. Жақыныңмен «жақыннан» сөйлескің келсе, не қара сымның арғы жағынан лақтыра салады, не есіктегі күзетшінің өзі әкеліп береді. «Ақысын» бере саласың… Комитет басшылығы сыбайлас «сабаздармен» күресу үшін, еріксізден толқынды тұншықтырғыш орнатқан. Еліміздегі жабық түрдегі 77 түрмеде осындай құрылғы орнатылғанын естіген ел ішегін тартып, басын шайқады. Мәссаған, безгелдек! Екі жыл бұрын, осындай тұншықтырғыштар сатып алуға ел бюджетінен 510 млн (!) теңге бөлініпті. Оның өзі телефон толқынын 50 пайызға ғана тұншықтыруға жеткен.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деген Кешубаев Оралда 5 қабатты үйге жақын салынған түрмені мысалға келтірді. Міне, қызық, балконға шығып, лақтырған телефоның дәл түрменің ортасына түседі. Обалы нешік, құзырлы комитеттегілер Жер кодексіне өзгеріс енгізіп, түзету мекемелеріне 50 метрге дейін үй салынбасын деген ұсыныс айтқан. Алайда сол кодекстің шикілігінен болар, түрменің жанындағы үйлерді бұзуға болмайды. Түрме демекші, еліміздегі түзету мекемелерін Гиннестің рекордтар кітабына енгізу керек шығар. Себебі олардың көбі XVIII-XIX ғасырларда салынған. Тіпті 1738, 1860 жылдары  бой көтерген «ақсақал» түрмелер де бар. Айтпақшы, сол «ақсақалдардың» өзі жылпос жемқорларға ақша асауға жақсы… «Асап жесем де өзім білем, жатып жесем де өзім білем!» депті біреу баяғыда. Сол айтқандай, «асап жегіштер» Павлодарда салынып жатқан түрменің құрылысына бөлінген 4 миллиардты өңешінен әрі өткізіп жіберген. Асқазандағы ақша аздау болғаннан шығар, құзырлы комитеттегілер қазынадан тағы 25 миллиард теңге сұрапты.
Жасыратыны жоқ,  қазіргі түрме – жарты «жұмақ». Бармақ басып, көз қысып қойып, есірткіні де, саяси әдебиеттерді де алып кіре бересің. Тіпті қаласаң, тентек судың да неше түрін ішесің. Айғақ айталық. Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінің қос қызметкері А. Сүгірова мен Ы. Меңлібекова Жер ресурстарын басқару агенттігінің экс-төрағасы Б. Нақыпбековке «ерекше» жағдай туғызған. Соның арқасында қамаудағы «қаһарманға» туыстары қалаған уақытында келіп, тіпті ол сүйікті алкогольдік ішімдігін қалағанынша сімірген. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, Ақмола облысындағы ЕЦ-166/25 түрмесі бақылау қызметінің бөлім бастығы Р. Спиридонов жәй жүрмей сотталғандарға есірткі тасыпты. Жемқор бақылаушы ақыры қолға түсіп, 10 жылға сыбайластарының жанына қамалды. Сондай-ақ Спиридонов­тың қостанайлық «әріптесі» – Р.Очаев, астаналық «әріптесі» Т. Кәрім тәртіп сақшыларының тұзағына түскен.
Қайырбек (генерал Қ. Сүлейменов) ағамыз айтқан парақорлық, арсыздыққа қатысты тағы бір-екі дерек. «Балық басынан шіриді» деген рас екен. Астана қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Б. Мейрамбеков М.Махмұтовты ЕЦ 166/1 түзеу мекемесіне жұмысқа орналастырғаны үшін 100 мың теңгені жан қалтасына басқан. Онымен қоймай, лауазымын асыра пайдаланған сабазың жекеменшік үйін сотталғандарға салғызған. Ақша не істетпейді, тіпті түрмеде­гілерді бұрын сотталғандар тәрбиелейтін фактілер де әшкере болды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында ИЧ-167/2 мекемесінің жасақ басшылығына бұрын бұзақылығы үшін сотталған Т. Смаиылов тағайындалған. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ-156/20 түрмесінде қылмыскерлерді тәрбиелеп келген А. Ғазизов деген азамат 2002 жылы алаяқтығы үшін, 2005 жылы ұрлық-қарлығы үшін екі мәрте сотталыпты. Жазаны жеңілдету, заңсыз кәсіпкерлік, сотталғандарды азаптау… Былыққа батқан саладағы қылмыстар осылай тізбектеле береді.

2. Соттағы сорақылық

Жемқорлық жаппай жайлаған тағы бір сала бар. Ол – Сот актілерін орындайтын комитет. Жоғарғы сот «талақ еткен» соң, бұл орган Әділет министрлігіне өтті. Сол «жетімдіктен» шығар, жемқорлықтан көзін шел басып тұрғаны… Бұл жақта да ақша «асағыштарға» аяусыз күрес жүріп жатқанымен, жемқорлық сағат сайын көбейіп барады. Міне, дәлел: комитет қызметшілеріне қатысты 2011 жылы – 22, 2012 жылы – 28, 2013 жылдың 1-тоқсанында – 10 қылмыстық іс қозғалған. Биылдың өзінде 6 адам бас бостандығынан айырылған. Сонда жемқорлықтың бұлайша кеңінен етек алуына не себеп? Қазақша айтқанда, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмаған жерде қылмиып қылмыстың басы шықпай ма? Оған сот орындаушыларының шамадан тыс супержүктемесін қосыңыз… Супер емей немене, 2012 жылы еліміздегі бар-жоғы 1443 сот орындаушысының қолында құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 850 мың (!) құжат болған. Бұл жай есеппен алсақ: 4,5 есеге көп жүктеме. Өздері үйсіз-күйсіз жүрген қауым. Құзырлы комитеттің 16 облыстағы департаменттерінің 7-інде ғана ғимарат бар. 180 аудандық учаскелерінің 47-сі ғана баспаналы. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, қызметкерлердің санын көбейтудің орнына, ел Үкіметі биыл сот орындаушылардың санын қысқарту жөнінде шешім шығарыпты.
Бұл сала қызметкерлерінің де жең ұшынан жалғасуы өршіп тұр. Түйені түгімен жұтқан парақордың бірі – ШҚО-ның департамент басшысы Д. Құсайынов 3 жылға абақтыға қамалған. 2011 жылы үйге қатысты саудада сыбайласының мүддесін қорғаған Батыс Қазақстан облыстық соттарының әкімшісі А.Өтегенов сотталды. Астана қаласындағы соттардың әкімшілік ғимаратының төңірегіндегі дауды жұрттың бәрі біледі. Әкімшілік ғимаратты заңсыз пайдалануға берген сот актілерін орындау жөніндегі комитет пен «Би-Логистик» АҚ-ның лауазымды тұлғалары арам ойларын іске асырып, мемлекеттің 72,3 млн теңгесін қымқырыпты. Алайда сыбайластардың әрекеті ұзаққа бармай, алаяқтарға құрық салынды. Мынадай сұмдықты бұрын-соңды құлағыныңыз шалып па еді?!. Бұл комитет сот актілерінің тең жартысының жартысын ғана орындайды екен. Сонда сот шешімдерін орындауды міндеттейтін Ата заңымыздың 76-бабына қарама-қарсы әрекет ететін комитет қызметкерлерін құзырлы министрлік неменеге ұстап отыр?!. Осындай бассыздақтан кейін, қарапайым халық сот жүйесіне, мемлекет саясатына қалай сенім артады?!.

Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана

http://jasqazaq.kz/