АСТАНА. 22 желтоқсан. BAQ.KZ — Қазақстан мен Украина арасындағы үкіметаралық комиссияны іске қосу қажет. Бұл туралы бүгін Киевте ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екіжақты кездесу өткізген Украина Президенті Петр Порошенко айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.
«Менің шақыруымды қабыл алып, бізге келгеніңіз үшін шынайы ризамын. Достас мемлекеттердің көшбасшылары арасындағы пікір алмасудың мұндай үзілісіне жол бермеу қажет деп санаймын», — деді Порошенко.
Украина көшбасшысы екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық, экономикалық, саяси, қорғаныс салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін де баса айтты.
«Меніңше, біздерге әңгімелесерлік жайттар бар және біздердің елдеріміз арасындағы түрлі кедергілерді жою жолында жұмыс істейтін үкіметаралық комиссияны іске қосу қажет. Құрметті Президент мырза, сіздің Украинаның егемендігін, жерінің тұтастығын қолдаудағы мығым әрі тұрақты ұстанымыңызға жеке алғысымды білдіргім келеді», — деді ол.
Сонымен қатар П.Порошенко ҚР Көшбасшысымен Минскіде кездескенін атап өтіп, сол уақытта қол жеткізілген мәлімдемелер мен уағдаластықтар нақты орындалып отырғанын айтты.
http://baq.kz/kk/news/58165