АЛТЫНОРДА
Новости

Педофилдерге қарсы жазаны қатайту қажет

3sudi1Бүгінде елдің берекесі мен бірлігін қашырған жантүршігерлік қыл­мыстар белең алуда. Әсіресе, балалардың аса ауыр қылмыстардың құр­баны болып жатқаны алаңдатады. Зорлық-зомбылықтың талайын көр­ген қазақ енді «педофил» деген сұмдыққа тап болды. Бұрын батыста осын­дай болыпты дейтін қаңқу сөз әр қазаққа қамшыдай тиетін. Енді «өзі­міздің арамызда педофил жүр» деген сөздерге де таңғалмайтын болдық…

Қазір телеарна жаңалықтары мен бас­па­сөз беттерінде «екі аяқты айуандар» ту­ралы ақпарат желдей есіп тұр. Кінәлілер сот­қа тартылып, заң алдында жауап бе­руде. Бірақ зорлықтың одан сайын өршіп ба­ра жатқаны шындық. Күн сайын жас ба­лаға айуандықпен зорлық жасалғанын ес­тіген халық баласын жалғыз далаға шы­ға­рудан қорқатын болды бүгінде. Яғни, заң болғанымен, заман құбыжықтарын тыю әзірге қолдан келмей тұр.

Тек өткен жылдың өзінде еліміз бо­йын­ша 700 балдырған жыныстық зорлыққа ұшы­раған. Бірақ жаза таға­йын­дал­ған­дар­дың саны саусақпен санарлық. Статистикаға жү­гінсек, жалпы 40 сот үкімі шықса, соның тек біреуі ғана психологиялық ауыт­қу­шы­лықтан деп танылған. Бұдан шығатын қорытынды нәпсіқұмар педофилдер есі дұрыс адам болса да, зорлық қылудан тайынбай тұр.

Нәпсісіне ерік берген сәбиқұмарлар тіпті олардың жасы мен жынысына да мән берер емес. Көкшетауда төрт жасар баланы зорлаған оқиға жұртшылық есінен әлі кете қойған жоқ. Сот үкімі бойынша қылмыскер бірнеше жылға бас бостандығынан айы­рылды. Алайда айуандық жасаған қыл­мыс­кер жазаланғанымен, сәби жүрегіндегі қара таңба өшер ме екен? Тағдыры тас-тал­қан болған жас бала жаһанданып жатқан бүгінгі қоғамда қалай өмір сүрмек? Баласы осындай жағдайға ұшыраған ата-ананың да халі нешік? Бұл мәселелердің барлығы төбе шашты тік тұрғызады.

Айман ОРАЗГЕЛДИЕВА, Көкшетау қаласының тұрғыны:

– Баласы зорлыққа душар болған ана өзін ешқашан кешіре алмайды.. Мұндай сұмдық ата-ана үшін өліммен тең. Екі аяқты айуандарды тек теріс қа­ратып ату керек. Басқа жол жоқ. Оларды қоғамнан оқшауласақ, кейін қайтадан баяғы әніне салмасына кім кепіл… 

Тек жуырда ғана Ақмола облысының Ерей­ментау ауданында да 30 жасар жер­гілікті тұрғын 11 жасар қызды зорлағаны бел­гілі болды. Бұдан, педофилия ауруы қа­ла түгіл, ауылда да етек жайған деуге то­лық негіз бар. Мұндай мысалдарды одан әрі де тізе беруге болады.

Ғалым ҚАЙШЫБЕКОВ, Ақмола облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы:

– Иә, қазір шынымен де педофил­дік­пен ұсталған қылмыскерлердің қа­тары көбейіп отыр. Өткен жылдың өзін­де ғана Ақмола облысында кәмелеттік жас­қа толмағандарға зорлық-зом­бы­лық жасауға қатысты сегіз үкім шы­ға­рылды. Биылдың өзінде Ч.В. Мустафаев есімді тағы бір адам қылмыстық жазаға тар­тылды. Аса ауыр қылмыс бол­ған­дықтан, оларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120, 121 және 124 баптарына сәйкес жаза қарас­ты­рыл­ған. Яғни, сотталушылар 8-15 жыл­дан, 15-20 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айырылады. Негізінен, мұн­дай айуандыққа барудың себебі үйде порнофильмдерді көруден деп ойлаймын. 

Судьяның айтуына қарағанда, сотқа түс­кен әрбір педофилдер қылмыстық сот­тың психатриялық-психологиялық са­рап­­тамасынан өткізіледі. Яғни, олардың есі дұрыстығы, өз ісіне жауап бере алатындығы толық тексеріледі. Сот ста­тис­­тикасына жү­гінсек, жиіркенішті қа­дам­ға бар­ған­дар­дың жас шамасы 17 жас­­тан 50 жасқа дейінгі аралықта. Бірақ бәрі де психологиялық ауытқу­шы­лық­тан дін аман. Яғни, өз ісіне жауап бе­ретін тепсе темір үзер азаматтар.

– Бірақ қылмыскерлер қашан да өз істерін мойындамай келеді. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті ауылдар мен елді мекендерде учаскелік полиция қызметкерлері арнайы тізім жасау керек дейді, – Ғалым Айдашұлы.

Ал, ең қорқыныштысы, олардың ара­сында өзінің туған балаларына зорлық қыл­ғандар да баршылық. Мәселен, Ат­басар қаласында да осындай жайт орын ал­ған. Ер азамат әйелінің үйінде жоқтығын пай­даланып, өз қыздарына зорлық қыл­ған. Қылмыскер сот үкімі бойынша ауыр жазаға тартылды.

Гүлнар ПИНЧУК, Ақмола облыстық ішкі істер Департаментінің баспасөз хатшысы:

– Кәмелет жасына толмаған бала­лар­ды зорлау оқиғалары жиілеп кетті соңғы кезде. Тек, осы жылдың алғашқы тоқсанында ғана бірнеше оқиға тіркеліп отыр. Бұл ауыр қылмыстардың көбеюі қоғам өміріне де елеулі қатер төндіре­тіні түсінікті. Сондықтан, қоғамдық ор­тақ мәселеге тек полициямен ғана емес, барлық сала мен қоғамдық ин­сти­­­туттар да атсалысуы тиіс. 

Қанат ҚЫДЫРМИН, Науан Хазрет атындағы мешіттің бас имамы:

– Ислам діні балаға зорлық қылуға жол бермейді. Ал қазіргі жантүршігерлік оқиғалар елдегі жағдайдың ушығып бара жатқанын әйгілейді. Сондықтан бұл істе діни адамдарының да көмегіне жүгініп, бірлесе әрекет жасаған жөн деп есептеймін. 

Иә, көкейкесті мәселе қоғамның зәре­сін қашырып-ақ тұр. Сонда мұндай сора­қы­лықтан шығудың жолы қайсы? Бәлкім, жазаны қатайту қажет шығар? Мәселен, айыр қалпақты қырғыз елі педофилдерге кастрация жасау жазасын қолдану туралы заң жобасын талқылауда. Аталған заң күшіне енсе, қырғыздар педофилдердің жыныс мүшесін кесіп тастамақ.

Ал ислам дінінде балаларға зорлық қылғандар отбасылы болса, бұрындары таспен ұрып өлтірілген. Егер бойдақ болса, 100 дүре соғылған. Ондай дүреден де адамның тірі қалуы оңай емес. Қазіргі за­манда ислам елдерінде адам зорла­ғандар бірден өлім жазасына кесіледі.

Бұдан біздегі жаза әлі де әлсіздеу болып көрінеді. Себебі Польша, Қытай, Германия және бірқатар Араб елдерінде қылмыс­кер­дің еркектік безіне химиялық ота жасайды екен. Яғни, қарапайым тілде айтсақ «піш­ті­ріп» тастайды. Ресей Думасы өткен жылы ға­на пиғылы арам «сәбиқұмарларды» дәл осындай, яғни химиялық әдіспен сүндеттеу жолымен жазалауды бірауыздан қолдады. Сонымен бірге олар өмір бойына бас бос­тандығынан айырылады.

Яғни, көршілес Ресейде де екі аяқты қор­қаулармен күреске қатаң жаза қол­да­ныла бастаған. Молдовалықтар педо­фил­дер­ді еркектік қабілетінен айыру арқылы жазалау әдісін өткен жылдың шілдесінен жүзеге асырып келеді. Канада Парламенті арам ниеттілерді қатаң жазалап қана қой­май, зәбір көрген балаларға да қамқорлық жа­сауды басты міндет етіп алған. Яғни, жа­за қатал. Қолмен істеген екенсің, мой­ның­мен көтеруге міндеттісің.

 

Оймақтай ой

Қалай болғанда да қылмыскер жазасын алуы қажет. Сондықтан бала өміріне бейжай қарамасақ, қоғамдық ортақ мәселеде өзара ықпалдастықпен мемлекеттік деңгейде әрекет ететін уақыт жеткен сияқты.

Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау

 

http://alashainasy.kz/society/42958/