АСТАНА. 11 қараша. BAQ.KZ – Қазақстандық көрермендердің сүйікті телехикаясы болған «Перекресток» сериалының жаңа нұсқасы rелесі жылдан бастап түсіріле бастайды. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мәлім етті.
Министрдің хабарлауынша, 90-жылдары қазақстандық көрерменнің көзайымына айналған «Перекресток» телесериалы ағылшындардың бастамасымен түсірілген болатын. Сол кезде аталған телехикая ТМД елдері бойынша ең үздік деп танылды.
«Өкінішке қарай, біз сонымен сәтті бастап, кейінгі уақытта көш соңында қалдық. Сол сериалға түскен Бикен Римова, Қасым Жәкібаев, Сағи Әшімов сияқты көптеген танымал әртістер арамызда жоқ болса да, олардың тамаша образдары көрерменнің жадынан өшкен жоқ», — дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Министр атап көрсеткендей, бүгінде «Перекрестоктың» режиссері Ермек Шынарбаев сериалдың жаңа нұсқасын түсіруге келіскен. Оның шартты атауы «Астанада тоғысқан тағдырлар» («Перекресток Астаны») болмақ. Келесі жылдан бастап телехикаяны түсіру жұмысы басталады. Ал, жылдың ортасында ол көрерменге жол тартпақ.