Елбасы, Қазақстанның Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев еліміздің барша ер-азаматтарын «Отан қорғаушылар» күнімен құттықтады. «Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ өмір, қызметте табыс, отбасыларға әл-ауқат тілеймін!» деді Президент. Өз сөзінде Мемлекет басшысы өз Жарлығымен 7 мамырға тағайындалған «Отан қорғаушылар» күнінің елімізде «мемлекеттік мереке» ретінде тұңғыш рет атап өтілетіндігін айтты. Атаулы күн қарсаңында Қазақстан Көшбасшысы Қарулы күштердің, құқық қорғау жүйесінің және арнайы органдарының дараланып шыққан қызметкерлерін марапаттау туралы шешім қабылдапты.
Осыған орай Ақордада марапаттау рәсімдері өтті. Алдымен, Мемлекет басшысы жоғары әскери және арнайы атақтар тапсырды.Бұл ретте Қазақстанның тарихында «генерал»әскери шенін алған алғашқы әйелдің пайда болғандығын айта кеткен жөн! Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитеттің төрайымы Сәуле Айтпаеваға әскери ерекшелік белгісін – погонды Н.Назарбаев өз қолымен табыстады. С.Айтпаева 1960 жылдың 22 мамырында Торғай облысы Жақсы кентінде дүниеге келген екен.
– Мен Қазақстан тарихындағы генерал атағын алып отырған бірінші қазақ қызы екенмін, – деді Сәуле Мұханбедианқызы. – Осы үшін аса құрметті Президент, Сізге рақмет айтқым келеді! «Әйелдің жолы жіңішке» дейді. Әйел – аяулы ана, асыл жар. Біз қандай қызметте жүрсек те, Отанға аналық сезіммен қараймыз. Бүгінгі марапатты мен біздің – барлық әйел азаматтардың еңбегіне берілген бағадай қабылдаймын. Апаларымыз Мәншүк пен Әлия өздері сүйген Отанын қорғау үшін жанын қиған. Біз енді бейбіт күнде өз еңбегімізбен Отанымызды ілгерілетуге үлес қосамыз.
– Сіздер патриотизмнің және Отанға қызмет етудің үлгісі болып саналасыздар, – деді жаңа генералдарға қайырылған Елбасы. – Бүгін сіздер үшін өте қуанышты күн. Еңбектеріңді елеп, сіздерді осындай жоғарғы дәрежеге көтеріп отырмын. Соған сай болыңдар. Елге адал қызмет істеңдер. Өз салаларыңыздағы басқа барлық қызметкерлерге өнеге болыңдар. Бұл сіздер үшін, сіздердің жақындарыңыз бен отбасыларыңыз үшін қуанышты оқиға!Осыдан кейін Президент «әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен қажырлылығы үшін» бірқатар әскери қызметшіге мемлекеттік наградалар тапсырды.
– Құрметті достар, отандастар! – деді жиналғандарға қайырылған Н.Назарбаев. – Бүгін менің Жарлығыммен, елдің ең лайықты азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырылады. Бұлардың бәрі де ерен еңбегімен, қалтқысыз қызметімен ерекшеленген жандар болғандықтан, осындай шешім қабылдадым. Сіздердің басты міндеттеріңіз – ұлт пен ұлыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, біз тәу етер Тәуелсіздігімізді қорғап, оны қастерлеу! Бұдан асқан үлкен мәртебе жоқ. Мемлекет басшысы тату елдегі тұрақтылық пен тәртіп тұғырының берік болуы осы азаматтарға тікелей байланысты екендігін атап өтті. «Сіздер өз салаларыңызда осы абыройлы борышты әрқашанда үлкен біліктілікпен атқарып келесіздер. Қазақстанның тұрақтылығы мен халқымыздың амандығын сенімді сарбаздар күзетіп тұр. Елге қорған болу үшін қажымас қайрат, жігерлі рух қажет екендігі баршаға белгілі. Осының барлығы сіздерде бар деп сенемін!» деді Елбасы. Осыдан кейін Жоғарғы бас қолбасшысы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен Қарулы күштердің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Т.Қойбақовты және Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы А.Рыспаевты марапаттады. Сөз алған Т.Қойбақов Қазақстан Көшбасшысын барша әскерилер атынан ерлер мерекесімен құттықтады: «Бізге сенім артқаныңызға көп рақмет! Біз, Қазақстанның Қарулы күштерінің әскери қызметшілері, өз алдымызға қойған мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғау бағытындағы тапсырмаларыңызды әрқашан орындауға дайынбыз! Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында бүгінде Қазақстанда мобильді, жақсы жарақталған және ұрысқа қабілетті Қарулы күштер құрылды. Барлық қатысушылар атынан Сізді «Отан қорғаушылар күнімен» құттықтауға рұқсат етіңіз! Сізге зор денсаулық, мол бақыт, Отанымыздың гүлденуі жолындағы еңбегіңізге табыс тілейміз!»
ІІ дәрежелі «Айбын» орденін Елбасы қолынан Қаржы полициясы төрағасының орынбасары А.Боданов, 36855 әскери бөлімінің командирі Е.Ермекбаев, Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Қ.Игембаев, Президент Күзет қызметінің басқарма бастығы Б.Ысмайылов, ҰҚК «Арыстан» қызметі басқармасының аға офицері Б.Қапаров, Алматы облысы ІІД бастығы С.Көдебаев, ІІМ «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағының командирі Д.Құрмашев, ҰҚК Шекара қызметінің жеке авиациялық эскадрилья командирінің орынбасары М.Мұсабеков алды.
ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені қарағандылық аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Ә.Айтбаевқа, Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасының бөлімше бастығы Р.Сүйіндіковке берілді.
«Ерлігі үшін» медалімен жамбылдық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға шебері Қ.Жаныспаев, солтүстікқазақстандық № 15 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Қ.Майсейітов марапатталды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне Президент Күзет қызметі департамент бастығының орынбасары Е.Жарқымбаев, ҰҚК бас басқарма бастығы М.Жетімеков және басқалар ие болды.
– Сардар мырзалар! – деді салтанатты рәсімді қорытқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев. – Мен сіздерді наградаларыңызбен құттықтаймын! Сіздер өз еңбектеріңіз-бен, Отанға қызметтеріңізбен соған лайықсыздар. Біздің азаматтарымыздың тыныштығы мен бейбіт өмірін сіздер күзетесіздер. Армиямыздың тиісті бөлімшелерінде, құқық қорғау органдарында, арнайы қызметтерде еңбек ете жүріп, осындай биік құрметке ие болып отырсыздар, – деген Елбасы бұл азаматтардың барлығы өз ғұмырларын «погонмен өмір сүруге» арнағандарына екпін түсірді. «Мен сіздердің ары қарай да Отанға адалдықтарыңызды өз қызметтеріңізбен дәлелдейтіндеріңізге, патриотизм мен әскери шеберліктеріңізді паш ететіндеріңізге сенімдімін!» деп үміт артты Жоғарғы бас қолбасшы.
Айхан ШӘРІП