АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ПРОКУРОР НЕГЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ?

Алматыдағы Әкімшілік сотта «Аңыз Адам», «Жұлдыздар отбасы», «Жұлдыз жорамал» журналдарының құрылтайшысы әрі Бас редакторы Жарылқап Қалыбайдың үстінен қозғалған іс бойынша сот отырысы өтті. Алматы қаласы Алмалы аудандық ішкі істер басқармасының шағымына сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 344-бап, 2-бабына сәйкес қозғалған істі қараған судья Д.Алыбай. Бастапқыда тағайындалған судья Аман Тұрғынбаевтан Жарылқап Қалыбай бас тартты. Оның себебін «Былтыр ресейлік «SCAT» әуе компаниясының қызметкерлерін мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етем деп жүріп, басым дауға қалған. Сотқа шағымданған «SCAT» қызметкерлері сотқа шағымданған кезде істі осы Арман Тұрғынбаев қараған. Сол кезде судья шығарған шешімін мен әділетсіз деп есептеймін және үш күн абақтыға қамауға шешім шығарған судья Арман Тұрғынбаевтың менің тағдырыма қатысты әділ шешім қабылдайтынына сенбеймін» деп түсіндірді. Әкімшілік сот төрағасы Ж.Қалыбайдың өтінішін қанағаттандырып, істі қарауға басқа судьяны (Д.Алыбай) тағайындады.

Өткен аптада болған алғашқы отырысқа Ішкі істер басқармасы өкілдері үшін сараптама жасап берген сарапшылар — Равилов пен Мұқанова келген жоқ. Олар бүгінгі сот отырысына да қатыспады. Жарылқап Қалыбай мен оның адвокаттары Өтеген Ықсанов пен Шынқуат Байжанов  сотқа: «Назгүл Мұқанованы шақыртыңыз. Сарапшы ретінде жасаған қорытындысына қатысты сұрағымыз көп. Қорытындыда Мұқанова: «Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер — фашист емес» деген мақаласында экстремизмді ақтау белгілері болуы мүмкін» деген. Бұл — сауатсыздық. Адам тағдыры шешілетін сараптама қорытындысында «бар» не «жоқ» деп ашық айтуы тиіс» деген өтініш айтты.  Алайда, адвокаттар мен Ж.Қалыбайдың дәл осы ұсынысына прокуратурадан келген өкіл Мақсат Рсалин үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Бастапқыда «Равилов кезекті еңбек демалысына кетті. Ал Мұқанова «Болашақ» бағдарламасына сәйкес, Америкаға оқуға кетті» деген. Кейін «Қорытынды ендігі шығып қойды, сарапшыны шақыртудың қажеті жоқ» деп қарсы болды. Екі жақтың ұзаққа созылған пікірталасынан кейін Судья Алымов: «Келесі отырысқа Мұқанованы шақыртып көрейік» деді. Сонымен бүгінгі сот отырысы тәмам. Келесі отырыс 28 шілдеге белгіленді. Ал Мұқановаға берілетін соттың шақыру қағазын Жарылқап Қалыбайдың адвокаттары сарапшының қолына ұстату жауапкершілігін өз мойындарына алды.

Прокурордың сарапшыны сот залына шақыруға сонша қарсы болуы адвокаттар мен Ж.Қалыбайдың көңіліне күдік ұялатты. Осыған қатысты туындаған ұзақ пікірталастың соңында адвокат Шынқуат Байжанов: «Менің жиырма жылдық тәжірибемде кездесетін жайттардың бірі — кейде сарапшылар өздері жасаған қорытындыдан бас тартады немесе сарапшының орнына біреулер қол қойып жіберуі мүмкін. Сондай-ақ, сарапшы Назгүл Мұқанованы сот отырысына шақыруға прокуратура өкілінің не үшін қарсы болғанын түсінбеймін. Дәл осы жайт біздің көңілімізге күдік салды. Мүмкін Назгүл Мұқанова бұл сараптама қорытындысына қол қоймаған шығар? Әрі сараптама жасауға Мұқанованың лицензиясы бар ма, жоқ па оны да білмейміз. Сараптама қорытындысы — судья үшін аса маңызды құжат емес. Ал біз сарапшыға қоятын сұрағымыз бар. Сондықтан Назгүл Айтжанқызы Мұқанованы сот отырысына шақыруды сұраймыз», — деді. Сот адвокаттардың өтінішін қабыл алды.

Өткен аптадағы сот отырысына сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» халықаралық қордың жанындағы Ақпараттық даулы құжаттар бойынша лингвистикалық сараптама жасайтын Рахиля Қарымсақова ханым елу екі беттік журналдың әр бетіне, сондай-ақ, Нағашыбай Есмырзаның «Гитлер — фашист емес» деген сауалнамаға орай берген пікірінде ешқандай да зорлық-зомбылықтың жоқтығын, экстремизмге шақыру не ақтау белгілері байқалмайтынын өте сауатты түрде дәлелдеп берген. Бүгін прокурор Мақсат Рсалин «Қарымсақова сараптама жасар алдында егер жалған не жаңсақ айтса, қылмыстық жауапқа тартылатынын білетіндігі жөнінде жазбаша қолхат берді ме?» деп сұрады. Оның бұл сауалы заңға жатпайтынын ескерткен адвокат Өтеген Ықсанов: «Біз сот не прокуратура, полиция емеспіз. Қарымсақовадан олай талап етуге заң бойынша қақымыз жоқ. Ал сотқа сарапшы ретінде келгенде сот алдында өзінің жалған сөйлесе, жалған куәгер болса, қылмыстық жауапқа тартылатынын білетіндігі жөнінде ауызша айтты», — деді.

Сот отырысы барысында куәгер ретінде келген Нағашыбай Есмырза өз уәжін айтты: «Гитлер туралы айтқан ойларым — менің жеке пікірім. Мен үшін Гитлер — фашист емес, ұлтын ұшпаққа шығаруды көздеген, өз ұлтына тек жақсылықты тілеген ұлтшыл-cсоциал. Ол ешқашан өзін фашистпін деп есептемеген. Әр сөзінде тек ұлтшыл-социализм туралы айтқан, соны насихаттаған». Судьяның: «Сіз өз пікіріңізде 1941 жылы Гитлер ұлы ерлік жасады депсіз. Ол қандай ерлік?» деген сауалына: «Гитлер Сталин бастаған большевиктердің тырнағынан өз елін, ұлтын арашалап алып қалды. Соғысты бастаған Гитлер емес, Сталин. Ол Германияға қарсы соғысқа отызыншы жылдан бастап дайындалды. Сол арам пиғылын Гитлер сезіп қалып, Сталиннің алдын орап кетті. Егер Сталин соғысты бастап, жеңіске жеткенде, біз Солтүстік Кореядан бірнеше есе асып түсетін режим орнайтын еді. Қайта біз Гитлердің арқасында аман қалдық. Гитлердің қазаққа тікелей зардабы тиген жоқ. Иә, Ұлы Отан соғысы кезінде 350 мың қазақ жер жастанды. Бірақ қазаққа Сталиннің жасаған зорлық-зомбылығы Гитлердікінен бірнеше есеге асып түсті. Большевиктердің қазақтарды қалай қырғанын, ашаршылық пен репрессия кезінде қазақтың қалай зардап шеккенін өздеріңіз білесіздер. Сталиннің кесірінен қазір қазақтардың саны небары он бір миллион ғана. Егер геноцид болмағанда елу миллионға жететін едік», — дей келе, «Егер менің жеке пікірім үшін Жарылқап Қалыбайды соттайтын болсаңыздар, мен қарсымын. Нағыз кінәлі Жарылқап Қалыбай емес, мен. Мені соттаңыздар», — деді. Ал тағы бір куәгер Еркін Рақышев Жарылқап Қалыбайдың үстінен шағымданып, қайта -қайта сотқа сүйреу елдегі ұлтаралық татулық пен халықтар бірлігіне қатер төндіруі мүмкін екенін ескертті: «Егер Жарылқап Қалыбайды қуадалау тыйылмаса, біз жалпыұлттық қозғалыс құрамыз. Бұл айыптаулардың барлығы да ел ішіне іріткі салуға тырысқандардың тірлігі. Сондықтан сот мырза, сізден бұл істі жауып тастауды өтінеміз».

Сонымен сот отырысы 28 шілдеде қайта жалғасады.   Ескеретін жайт, бүгінде Жарылқап Қалыбайдың үстінен екі әкімшілік сот, бір азаматтық және бір қылмыстық сот жүріп жатыр.

Нәзия Жоямергенқызы

http://www.turkystan.kz/