Ресей президенті Владимир Путин Австралияда өтіп жатқан «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитінің аяқталуын күтпестен Ресейге қайтып кетті.
Жексенбі күні таңертең саммитке қатысып жатқан өзге елдердің басшылары таңғы асқа жиналған кезде, оған бармай қалған Путин баспасөз-мәслихатын өткізіп, жиынның қорытынды құжатын күтпестен еліне ерте неге қайтып бара жатқанын журналистерге түсіндірген.
«Біз Владивостокқа дейін тоғыз сағат және одан ары Мәскеуге дейін тағы тоғыз сағат ұшуымыз керек. Әуелі үйге жетіп, сосын дүйсенбіде жұмысқа шығуым керек. Ең болмағанда төрт-бес сағат ұйықтап алған жөн» деген ол.
Путин саммитте Ресейдің Эбола дертіне қарсы күрес шаралары туралы баяндауды қаржы министрі Антон Силуановқа тапсырып кеткенін айтқан.
Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путиннің саммиттің аяқталуын күтпестен кететіні туралы батыс ақпарат агенттіктері таратқан хабарды жоққа шығарған еді.
Австралияның Брисбен қаласында әлемдегі дамыған және дамушы 20 елдің (G-20) саммиті сенбі күні басталған. Екі күнге жоспарланған саммиттің алғашқы күні ресми күн тәртібіне енгізілмегенімен, Украинаның шығысындағы жағдай жиынға қатысушы лидерлер бейресми кездесулерде талқылаған маңызды тақырыпқа айналды.
Батыс елдері Украинаның шығысындағы жағдай ушығатын болса, Еуропа Одағы, Ұлыбритания, АҚШ және өзге елдер Ресейге жаңа санкциялар салынуы мүмкін екенін ескерткен.