Ресей президенті Владимир Путин мен Германия канцлері Ангела Меркель 19 ақпанда телефон арқылы сөйлесіп, «Украинадағы шиеленісті жағдайды тыңғылықты түрде талқылады» деп хабарлайды Кремльдің баспасөз қызметі.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Путин мен Меркель Украинадғы ішкі теке-тірестің күрт ушығып, адам қазасына әкеп соқтырғанына алаңдаушылық білдірген. Екі ел басшылары Украинадағы жағдайды тұрақтандыру шараларын дереу жасау қажет деген ортақ пікір білдірген.
Кремль президент пен канцлер Украинаға қатысты байланыс орнатып отыруға сөз байласқанын айтады.
18 ақпан күні түнде Украинада соңғы үш айда болып жатқан үкіметке қарсы наразылық шеруі шарықтау шегіне жетіп, 25 адам қаза тауып, жүзден аса адам жараланған еді. Демонстранттар үкіметтен Еуропа Одағымен тығыз саяси-экономикалық қарым-қатынас орнатуды талап етеді.
http://www.azattyq.org/content/news/25270180.html