АЛТЫНОРДА
Криминальные новости

РЕСЕЙДЕГІ АВТОКӨЛІК АЛАЯҚТАРЫНАН АБАЙЛАҢЫЗДАР!

avИнтернет сайттарында Мәскеу қаласында орналасқан автодиллерлік ұйымдар, соның ішінде, Елекс, Автодом және осыған ұқсас өзге де автосалондар төмен бағада автомобильдер ұсынуда. Ресей рублінің құлдырауы мен автокөліктердің бағасы да тым тартымды болып  тұрғандықтан осы жарнамалардың шынайы екендігіне сеніп қалу қиын емес. Әйтсе де бұлар өте мұқият ұйымдастырылған кәдімгі алаяқтық. Бұл алаяқтардың қулығына тек Қазақстаннан барғандар ғана емес, Белоруссиядан, Ресейдің өзінен келген мыңдаған адамдар иланып, тірнектеп жиған қаражаттарынан айрылып кетіп жатыр.

Ресей автонарығында Кеден Одағы өз шекараларын еркін ашқан уақыт ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер көптеп орын алуда. Алаяқтардың алдауын түскендердің айтқандарына сене қоймайтындар бар. Өйткені олар «бәсекелестердің шығарып жүрген әңгімесі» деп адамдарды қайта арбаудың да жолын тапқан. Автосалондар туралы интернет сайттарында жазылған пікірлер екіге айрылады. Көпшілігі мұндағы алаяқтық туралы ашық айтса да, олардың сөздерін керіге шығаратын пікірлер де қаптап тұр. Бұл да сол алаяқтардың адамдардың алдын ораудағы бір әдісі болса керек. Көңілде кірбің болса да тым тартымды баға, ұсынылатын сый сияпаттар адамдардың санасын жаулап, осындай тиімді ұсыныстан бірден бас тартуға қимай қалатыны олар үшін белгілі жағдай.

Мен осы сайттарды талайдан бері итернеттен қарап, олармен жазбаша хат алысып отырдым. Ешқандай күмәнім болған жоқ. Шынайы автосалон. Қойған сұрақтарға бүге-шүгесіне дейін керемет жауап беріп отырған менеджерлер. Интернет арқылы тапсырыс беріп, дайын көлікті бара салып алуға және тез кері жолға шығуға жоспар құрдым. Келер жолыңыздың ақысын төлейміз деп жарнамалаған соң жол ақысын шығын деп те қарамадым. Оған қоса 250 литр бензин карточкасын сыйға беретіні тіпті қанаттандырды. Оны аз десеңіз қысқы резеңкелер мен жол көрсететін навигаторды да сыйлайды. Дәл осылай сілекейді ағыза қызықтырған автосалон тақырға отырғызып кетер деп кім ойлаған.

Мәскеуге ұшақпен жеткен соң, уақыт ұту үшін таңғы сегіз болмай автосалон алдында болдым. Осы кезде қолдарында автомат ұстаған, формадағы бірнеше полиция қызметкерлері жүрген. Олар әр автокөлікті мұқият қарап жүргендей көрінді. Автосалон менеджері түнде дабыл қағылғаны және полиция өкілдері мән-жайды білу үшін келгендігін айтып ағынан жарылды.

Біздің уақытымыздың қымбат екендігін алға тартып, жылдамдатып салонды ашып, керекті құжаттарды толтырып берді. Кез келген салиқалы кеңселерде көрсетілетін тұтынушыға деген ілтипаттары керемет екен. Күту салонында үлкен теледидар, Wi-Fi (бірақ интернет қосылмайды, көзбояу) ыстық шай, кофе, тазалық бөлмелері орналасқан. Автосалон жаңа көліктерге лық толы. Олар көздің жауын алып, жарнамалық жазулармен көмкерілген. Бізге алғымыз келген көліктің бірнешеуін көрсетіп, ішіне отырғызып, тетіктері туралы кеңірек түсіндіріп берді. Арманымыздағы көлікке қол жеткізуге азғана уақыт қалды деген сеніммен езуіміз екі жаққа кетіп отыра беріппіз. Санап әкелген ақшамызды кассаға өткізе салысымен екі сағат күте тұруымызды және біз таңдаған көлікті қоймадан жеткізетінін айтты. Екі сағат ішінде таза ауа жұту үшін жақын жердегі баққа бардық. Осы жерде бізге бір әйел келіп: «Бұлар алаяқтар, сіздерге салонда жақындап бара алмадым. Ақшадан да, автокөліктен де айрыласыздар» деп ескертті. Өзінің де сонау Минскіден келгенін, осылардың құрығына түскенін, не ақшасын, не көлігін ала алмай жүргеніне бес күн болғанын айтты. Жүрегіміз тоқтап қала жаздады. Келісім-шарт, төлем түбіртегі қолымызда, ал салон жаңа машиналарға толып тұрған соң жаман хабарға сенгіміз келмеді. Десе де жылдамдатып салонға барып, мән-жайды анықтауға тырыстық. Бізді бірден сабамызға түсірді. «Бәсекелестердің әдейі жасайтын амалдары ғой. Сәл күтсеңіз көлігіңізді мініп кетесіз. Болмаса ақшаңызды қайтарып ала қойыңыз!» десті. Дегенмен әлгі әйелдің айтқаны келді. Екі сағат өткен соң, салон директоры өз кабинетіне шақырып алып, автокөліктің құнынан бөлек диллерлік комиссия төлеудің қажеттігін және ол автокөліктің жарты бағасын алатынын түсіндіріп, тағы да ақша төлеуімізді талап етті. Өзімді ұстай алмай «Ақшамды қайтар!» деп шу шығардым. Олар тіпті қымсынар емес, «ақшаны тек сот арқылы қайтара аласыз» дейді. Сот ісінің Қазақстан мен Ресей арасында және ол өте ұзағынан болуы мүмкін екенін кез келген көзі ашық адам білетін болар. «Егер сіз шулайтын болсаңыз, қатты өкінесіз. Одан да біз ұсынған салондағы кез келген басқа көлікті алыңыз да, кетіңіз» деп қорқытты. Дәл осылай әр тұтынушыны психологиялық тұрғыдан сындырып, әр адам өз қайғысын өзгеден жасырып отыр екен. Салонда бізден өзге онға жуық тұтынушылар болды. Олардың ішінде Алматы, Орал, Минск, Мәскеудің өзінен келгендер бар. Ақырындап сұрай келе барлығы да ең алғаш рет келгенін, екінші рет көлік алуға келген бір де бір адамның болмауы шынында да алаяқтардың торында отырғанымызға көз жеткізе түскен. Бәрі дерлік жүректерін ұстап, үнсіз ғана істің соңын күтіп отыр. Біреулері полиция шақырды. Полиция үнсіз келіп, бойын көрсетті де үнсіз кетіп қалды. Тұтынушылардың одан бетер құты қашты. Бұлардың өте-мөте мұқият ұйымдасқан алаяқтар екені, олармен полицияның ауызжаластығы бары, таңертеңгі полициялар өз үлестерін алуға келгені айтпаса да түсінікті ғой. Әр адамды салон директоры жеке кабинетіне шақырып «Сізге ең тәуір деген көлікті береміз, басқалар білмей тұрғанда алып кетіңіз» деп үміт береді. Тұтынушылардың жиналып сөйлесе қалуына мүмкіндік бермейді. Әркім қара басының қайғысымен тұрғанда сонда тұрған арзандау көліктерді екі есе бағасына рәсімдеп береді. Осылайша бар ақшадан қағылып, амалсыз алаяқтардың айқанына көніп кете бардық. Тіпті тамақ алуға қаражат қалмады. Кассада қағаз толтырып тұрған қыз: «ана комиссия, мына комиссия» деп ұсақ түйек ақшаларды да сыпырып алды. Қол жеткізген көлікті алып, алды-артымызға қарамай Ресей аумағынан шығып кетуге асықтық.

Жол жөнекей қара базардағы алаяқтық туралы да білдім. Көлік сатушы көлігін алушыға тапсырып тұрып: «Сына қалса, телефон шал. Кез келген уақытта ақшаңды қайтарып берем» деп сендіреді. 100 км аса жүрген соң көлік сынып, жолда қалады. Алушы Сатушыға телефон шалып шақырады. Ол келеді де, ақшасын оп оңай қайтырып береді. Соңынан ол ақшалардың жасанды екендігі анықталады. Машина сынып жолда қалған жерде ақша тексеретін мүмкіндіктің болмайтыны үлкен рөл ойнайды. Алушы ақшадан да, машинадан да айрылып қалады.

Осындай алаяқтар торына шырмалған адамдар айтуға ұялуы да, тіпті қорқуы да мүмкін. Дегенмен, кез келген адамның басына түсуі мүмкін осы жайтты түгел елге жеткізгім келеді. Өте кең етек алған осы алаяқтардан сақтаныңыз. Олардың уысынан құтылу тым қиын әрі ауыр тиеді.

 

Гүлжан Ізтай

Abai.kz