Түркия премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған кеше осындай мәлімдеме жасады. Алайда, ол саясаттан кету үшін бір шарт қойып отыр.
Анкарада журналистермен кездескен Түркия премьері өзінің саясаттан кетуі алда болатын сайлауларға қатысты екендігін айтты. «Егер осы жолы да біздің партиямыз сайлауда бірінші орында болмаса, мен саясаттан кетемін!» деді ол. Сөйтіп, ол сайлаудағы қарсыластарын бір мұқатып алды. Өйткені, соңғы күндері жүргізілген әлеуметтік сауалнамаларда Ердоған басқаратын «Әділет және өрлеу партиясының» беделі ел ішінде әлі де жоғары екендігі анықталған. Сауалнамаға қатысушылардың 47-48 пайызы Ердоғанның партиясын жақтайтындықтарын білдірген. Сол себепті Түркия премьер министрі саяси қарсыластарына қыр көрсетіп отыр. Ал, сайлауларға келсек 30 наурыз күні Түркияда жергілікті сайлаулар өтеді. Елдегі барлық партиялар осы сайлауда барын салмақ. Өйткені, сайлау арқылы тағайындалатын қала басшылары алдағы уақытта болатын Президент немесе парламент сайлауында өз партиясы үшін мол саяси ұпай жинап беретіні белгілі жайт. Ердоған сайлаушылардың басым бөлігі өз жағында екендігіне көзі жеткен соң: «Бұл партияларды жақтаушылар олардың басшылары билікке келеді деп дәмеленеді. Бірақ, олардың ешқайсысы билікке келе алмайды. Өйткені, жұрт оларды жақсы біледі» деп басты қарсыластары «Республикалық қозғалыс партиясы» мен «Ұлтшыл қозғалыс партиясының» басшыларының қытығына тиді. Әйтпесе, Ердоғанның бүгін-ертең саясаттан кете қоятындай ниеті байқалмайды.
«Жебе» газеті, 6 наурыз 2014 жыл