АЛТЫНОРДА
Новости мира

Саакашвилиді Одесса губернаторы қызметіне ұсынды

401161529_6396592Украина үкіметі ел президенті Петр Порошенкоға Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвилиді Одесса облысының губернаторы қызметіне тағайындауды ұсынған. Бұл туралы жұма күні «Интер» телеарнасына Украина президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Валерий Чалый мәлімдеген. Ол президент үкімет ұсынысын қараған соң шешім қабылдайтынын айтқан.

Бұған дейін Украинаның экология және табиғи ресурстар министрі Игорь Шевченко Facebook-тегі парақшасында Саакашвилидің Одесса облысының губернаторы болып тағайындалғаны туралы жазған еді.

Бірақ, Украина президентінің сайтында Саакашвилидің Одесса губернаторы болып тағайындалғаны жөнінде ресми ақпарат жоқ. Былтыр мамырдың 6-сы күні Одесса облыстық әкімдігі басшысы болып Игорь Палица тағайындалған.

Жұма күні Грузияда Тбилиси қалалық соты елдің экс-президенті Михаил Саакашвили, экс-премьері Вано Мерабишвили, Тбилисидің бұрынғы мэрі Гиги Угулава, бұрынғы қорғаныс министрі Давид Казерашвили және бұрынғы әділет министрі Зураб Адеишвилиге қатысты қозғалған қылмыстық істерді қысқарту туралы олардың қорғаушылары берген өтініштерді қанағаттандырмай тастады деп хабарлады «Интерфакс». Грузияның бұрынғы басшылығына қарсы 2007 жылы қарашада Тбилисиде өткен бейбіт шеруді күшпен басу, «Имеди» телекомпаниясын талқандау және марқұм, миллиардер Бадри Патаркацишвилидің дүние-мүлкін иеленіп алған деген айыптаулар бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Михаил Саакашвили өзіне тағылған айыптардың барлығын «саяси қудалау» деп санайды. Ол қазір Украина президенті жанындағы реформалар кеңесіне жетекшілік етеді. Бұған дейін Киев Саакашвилиді Отанына мәжбүрлеп қайтаруды сұраған Тбилисидің ресми өтінішін орындаудан бас тартқан.

 http://www.azattyq.org/