АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz] САЛАФИТТЕР ҚАЙТА ШАПСА ҚАЙТЕМІЗ?[:]

[:kz]

pogudxaHR0cDovL2QuY2RubmFpai5jb20vby9Vdk5OMnVmVm1NSFJVT0hlSXRIZFh0SE8uanBn.prx.1bc9de3bАқтөбедегі қанды қырғын қанша жанның өмірін қиып, ел ішінде әбігер туғызғанын қабырғамыз қайыса отырып қабылдадық. Осы оқиға елдегі діни ахуалға жаңаша баға беріп, қауіпсіздік мәселесінде өзгеше көзқарас қалыптастыруға да негіз болғанын еріксіз мойындаймыз. Сан ғасырлық тарихында даусыз толеранттылығынан жаңылмаған халқымыз жаудың алыста емес, жар астында екенін, діні бір, тілі бір бауырдың бір күнде-ақ қас дұшпанға айналып шыға келетінін түсінді.

Терактіден соң ел аумағында 40 күн мерзімге лаңкестік қатердің «Сары деңгейі» жарияланды. Арнайы нұсқаулық аясында ел ішінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қыр-сыры пысықталды. Полиция мен қарулы күштер, басқа да мемлекеттік мекемелер күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Ел ішін ала тайдай бүлдіруге мүдделі топтардың кім екені Елбасы аузымен айтылып, қауіптің қайдан келетіні анықталғандай болды. Президент пәрменімен арнайы органдар тиісті шаралар қабылдап, күмәнді элементтермен күресуде деп сенеміз.

Тек батыс өңірді ғана емес, барша Қазақстанды үрей құшағында қалдырған лаңкестікке қатысы барлар өлтіріліп, тірі қалғаны бірі қалмай қолға түскенімен бүгінде ел ішінде қорқыныш жоқ дей алмайсыз. Көп ішінде үрей әлі сақталып отыр. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, жұрттың жүрегінің бұлайша шайлығуына түсіністікпен қарау керек. Оның үстіне соңғы бір ай көлемінде Ақтөбедегі терактіні айыптаған, оған кінәлі деп танылған салафизм ағымының мақсаттары туралы көптеген ақпарат тарады. Танымал дінтанушылар, тарихшы ғалымдар бұл ағымның ерте тарихтағы кесір, кесапатын, бүгінгі қоғамдағы кертартпа қылықтарын әшкерелеуде. Осының барлығын естіп, біліп отырып, халық қалайша қорықпайды? Өзінің салафит екенін ашық айтатын, көп жерде тіпті мақтан тұтатын, түр-тұлғасы суық, жүрісі суыт, тұрмыс-тіршілігі күмәнді азаматтар ортамызда өріп жүр. Олармен арнайы органдар тиісті жұмыстарын істеп жатқан да шығар, алайда, сауда орындарынан, қоғамдық көліктен күнде көріп жүрген олардың әлдебір тәрбиелік сипаттағы жұмыстарға тартылғанына күмәнданады да екенсің.

Отыз күн Ораза да аяқталды. Айлардың сұлтаны Рамазан елімізде бейбіт өтті. Құдайға шүкір, дінбұзарлар белсенділік көрсетпеді. Осы тыныштық алдағы уақытта да сақталса дейміз.

Кешелі бері ақпарат құралдары «Ирак астанасында шиит мешітінде теракт болып, 100-ден астам адам қаза тапты», «Сауд Арабиясында, Мәдина қаласында жанкешті өзін жарып жіберіп, қос полицейді өлтірді» деген ақпараттарды жарыса таратуда. Ол қантөгісті ұйымдастырушылар да аспаннан түскен жоқ, ислам дінінің атын жамылған кертартпа ағымдарға ергендер екені сөзсіз. Қасиетті Рамазан айында, мұсылмандардың басты мерекесі Ораза айт қарсаңында осындай қаныпезерлікке барғандардан не күтуге болады? Олардың жақтаушылары, идеяластары біздің елде жоқ деп сенімді түрде айта аламыз ба?

Қырық күн мерзімге белгіленген «сары деңгейлі» қауіпсіздік режимі он шақты күннен соң аяқталады. Алда мемлекеттік мереке жақын қалды, соған сай жаппай мерекелік шаралар, үлкенді-кішілі концерттер жоспарлануда. Ондай шаралардың барлығына халық жиналады, қалың нөпір болады. Мұндай жиындар арам пиғылдылар үшін таптырмас орын. Оны әлемнің әр елінде болып жатқан терактілерден көріп жүрміз. Оның үстіне жаз айларында мемлекеттік мекемелердегі негізгі қызметшілер, басшылық құрам еңбек демалысына шығып жатады. Белгілі бір деңгейде мемлекеттік ұйымдар жұмысындағы жүйелі бақылау бәсеңсіп, жинақылық азаяды. Бір айға жуық қоғамның қатал сынына ұшыраған әлгі ағымдағылардың осы уақыт ішінде «байсалдысы» радикалданып, радикалы тісін қайрап отырмағанына кім кепіл? «Сары деңгейлі» қатердің арты сары уайымға айналып кетпесін десек, қауіпсіздік мәселесінде қырағылықты жоғалтуға болмайды.

Яхия Жүсіп

«Қамшы» сілтейді

[:]