Жұрт «Ананди» деп атап кеткен «Келін» үнді телесериалын әсіресе балалар жүректеріне жақын қабылдап алды. Ондағы үнділердің салт-дәстүрін, ойын-сауығын, тіпті діни ғұрыптарына дейін жаттап, зерттеп, көкейлеріне түйіп алғаны қашан. Өткенде қазақ отбасынан шыққан кішкене қыз бала қуыршақтарын алдына қойып алып, қақпас Калянидің (Анандидің енесі) әдетінше әлгімен сөйлесіп, қарым-қатынас орнатып отыр екен. Демек баланың санасы сериалдан жапа шеккен. Қыз бала киноны өмірмен ауыстырып алды. Бұдан былай кімге еліктейтіні де белгілі. Ұрпақ азды деген осы емес пе?
«Келін» телесериалы дегенде кешкі ас та жайына қалады. Бәрінен де ауылдағы ағайынға қиын соғып тұр. Сырттағы жұмыстың берекесі кетті. Қайдағы бір үнділердің отбасындағы айқай-шу бүкіл қазақтың уайымына айналды. Ананди жыласа жылап, күлсе қосылып күлетін болдық. Ымырасыз «келіндердің» белгісіз елдегі боқсыған тірліктері Ұлттық арнамыздың да сән-салтанатын бүлдірді.
Баланың сабақ үлгерімі ата-аналардың бақылауынан шығып қалды. Олар баяғыдай дала көріп, асық ойнап, доп деуіп, шайтанарба теппейтін болды. Кеш болғанда сериалдан сериал, у да шу. Абайдың төрт шумақ өлеңін түсіндіріп бере алмайтын ұрпаққа әке-шешесімен бірігіп алып «Анандитану» пәнін оқып жатқандай. Таңертеңтен кешке дейін жұмыс. Кешке жаңағы «Ананди». Баланың тәрбиесі күн тәртібінен шығып қалды.
Турасын айтсақ, телесериалдардың жыры намысы бар журналистердің тарапынан жазып жазып жауыр болған тақырып. Сөйтіп шындықтың да мәні кетті. Ә десеңде жұрт назарға алмайды. Түріктің талай тағдырларын өзіне ауыр қабылдаған ағайынның бетіне әжім түсті.
Енді телесериал дертінен қалай құтылуға болады, соның шешіміне тоқталып өтсек. Төмендегі ескертпелерге берік болмақ керек:
— Жалпы телесериалдарға ынтық болудан аулақ болыңыз. Қазіргі кезде түріктің сериалдарынан жаман ауру жоқ. Олардың ең жаман жері адам баласының санасын жаулап алады. Тәуелді робот жасайды. Сөйтіп ондағы жағдаяттарды өзіңіздің өміріңізбен байланыстырып, шын қабылдай бастайсыз. Қабағыңыздан қар жауып, жүйкеңіз жұқарады. Бұл өз кезегінде жүрек ауруына алып келетін фактор.
— Қандай да сериал басталғанда назарыңызды басқа дүниеге аударған жөн. Серуендеңіз. Немесе жаңалықтарды отбасыңызбен тамашалай отырып, маңызды оқиғаларды дастархан басында талқылаудан өткізіңіздер. Бұл ретте отағасының рөлі өте маңызды. Ер адамдар отбасыларының ертеңіне бүгіннен бастап алаңдамаса кейін мүлдем кеш болуы ықтимал. Ең ұтымды шешім – ол кітап оқу.
— Телесериалдардың зияны жайлы ақпараттардан хабардар болыңыз. Бұл ретте сізге интернет көмектесе алады.
— Егер сізде бос уақыт болса сіз ең бақытты жансыз. Сол себепті бос уақытыңыздың көптігін пайдалы нәрселерді үйренге жұмсаңыз. Туысқандарыңызды қонаққа шақырыңыз. Көлігіңізді жуып тазалап, отбасыңызбен қала қыдыруға да не кедергі?! Ең бастысы кез келген киноның астарында биік мақсаттардың жатқанын есіңізден шығармаңыз. Сіз телесериал көріп отырған күнде де. Және сол биік мақсаттардың ішіндегі ең биігі сіздің санаңызды жаулап алу.
— Түріктің, корейдің, үндінің тексіз отбасыларының бақытсыз оқиғалары бізге, біздің өмірімізге не берері бар? Осы сауалды жүрегіңізге бекітіп алыңыз.
Көрерменде де кінә жоқ. Көрерге тиянақы дүние жеткізе алмай отырған телеарна басшыларының неліктен тиянақты жұмыс алмай жүргеніне таңсың. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Бөлек тақырып. Бөлек жыр. Анығы кинодан келер қауіп көп. Сондықтан ақылы бар адам абайлап басады.
P.S. «Келіннің» ақыры қалай бітсе де қазаққа келіп-кетер пайда жоқ. Керісінше, зиянның көбі сіздің еншіңізде. Сіздің санаңызда. Болашағыңыз үшін не себепті алаңдамасқа? Бала «агентте», қыздар көшеде. Бала сүйдім деп сүйінші сұраған ата-аналар, біздер не істеп жүрміз осы?!