Тұрақты оқырмандарымыз үшін қуанышты хабар: газетімізде «Алаштың сән салоны» атты қосымша бет ашылды. Сіздер «біздің салоннан» сән әлеміне қатысты ең қызықты дәйектерді оқып, ең керекті деректерді таба аласыздар. Ал бүгінгі тақырып, жалпы, сән әлемінің шығу тарихына арналмақ.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
«Сән әлемі» десе, бұл әлем кеше ғана пайда болып, жер жүзіне тарағандай болып елестейді. Себебі бүгінгі ауызекі тілдегі «мода» ұғымы заман ағымымен қоса жылжып, жаңарып отыру дегенді білдіреді. Дегенмен біле білсек, «сәндік», «сәндену» деген ұғымдар сонау тас дәуірінде Еуропада пайда болған. Ер адамдар пілдердің, мүйізтұмсықтардың, сусиырлардың тісі мен жүндерінен әртүрлі әшекей бұйымдар жасап, мойындарына тағып, терісін оң иыққа жамылып жүруді ең алғашқы сән түріне айналдырған. Ал біздің дәуірімізге дейінгі 2900 жыл бұрын ең алдымен – теріден, кейін матадан тігілген белдемшелер пайда болып, Вавилонда шәлі тағып, жейде кию жиілей бастаған. Темір дәуірі жақындаған сайын сән әлемі дами түсіп, гректер белдік атаулыны ойлап тапқан. Біртіндеп плащ, халаттар тігіліп, еркектер – алтын ободок, ал әйелдер бастарына жеңіл тәж тағуды сәнге айналдырады. Осылайша, сонау ХІV ғасыр, нақтырақ айтқанда 1350 жылдары, Франция мен Италияның суретшілері «сәндік» іздеп, гильдиялар мен цехтар ашып, өмірге «сән әлемі» келген. Франция, Италия, Англия, Испания, Америка сынды елдерде уақыт оздырмай, жылдам дамып отырған «мода» 1900 жылдары болашақ Кеңес үкіметінің қол астында болған елдерге де жетеді. Қазіргі атағы жер жаратын Поль Пуаре мен Кристиан Диор да сол 1903-1905 жылдары жарық көрген. Ал Коко Шанельдің «кішкентай қара көйлек» ұғымы 1926 жылы пайда болған. Әрине, айта берсек, Бруно Банани, Викторияс Сикреттің дәуірі басталғалы біраз болды. Ал қазақстандық «мода» жайлы не білеміз?
Кейбір деректерге сүйенсек, қазақ басылымдары «сән», «мода» және «подиум» деген сөздерді 1913 жылдардың өзінде пайдалана бастаған. Бірақ бұл кезеңде қазақ жеріне нық орнай қоймаған «сән әлемі» қазірде ресми түрде 1947 жылы келген делінеді. Ал, жалпы, ата-бабаларымыздың ежелден келістіре киген қазақы өрнегі бар сәнді киімдері мен әшекей бұйымдарының өзі нағыз «сәндіктің» өзі емес пе?! Тек Коко Шанельдің ойлап тапқан «барлық қыздың гардеробында болуы тиіс кішкентай қара көйлегін» шығарып, жер-жаһанға жария қылмадық демесек, серілер мен сылқым сұлулардың сол кезгі сәндену салтына айтар сын да, мін де жоқ. Алайда ресми дерекке сүйенсек, бүгінде «Сымбат» деп аталатын академия отандық сән әлемінің дүниеге келуіне сеп болыпты деседі. Тұңғыш рет 1972 жылы қазақстандық сән өнерін шетелге паш еткен компанияның «Сымбат» деп аталған тұңғыш журналы – 1958 жылы, ал тұңғыш мода театры 1987 жылы ашылды. Қазақстан 1972 жылы – Болгарияда, 1974 жылы – Лейпцигте, 1975 жылы Италияда өткен халықаралық фестивальдарға да қатысты. Ал 1988 жылы Чехословакияның Брносында ұйымдастырылған жарыста бас жүлдені иемдендік.
Осылайша fashion – индустрия Қазақстанға да жеткен. Қазірде елімізді әлемге танытып жүрген атақты дизайнерлеріміз де жетерлік. Олардың ішінде Aida KaumeNOVA, Kuralai (Құралай Нұрқаділова), Айгүл Қасымова, LaRiya (Лария Жақамбаева), Salta (Салтанат Баймұхамедова) мен ZhaZira-ны ерекше атап өтуге болады.
Дефиле
Дефиле десе, қазіргі сәнқой жандардың ішкен асын жерге қоятыны сөзсіз. Әлбетте, әдемі киініп, сәнді көріну кімге болса да ұнайды. Алайда бұл сөздің және, жалпы, дефиленің қашан, қайда пайда болғаны жайлы білетіндер аз. Олай болса дефиленің кешегісі мен бүгіні жайлы қысқаша талдау жасайық.
Кеше
Шетелдік зерттеушілердің кейбір деректерінде дефилені дүниеге әкелген ХІХ ғасырдың сәнгері Чарльз Фредерик Ворт делінеді. Ол өз заманында киім сататын дүкен қызметкерлерін әдемі киіндіріп, қалталы клиенттеріне өз тауарларын ұсынған. Қазіргі тілмен айтқанда, модельдердің қатарында өзінің әйелі де болған деседі. Дүкенге келгендер жайлы жайғаса отырып, сәнді киініп әрлі-берлі жүрген сатушы қыздарды тамашалап, соңынан өз ұнатқан тауарын сатып алған. Бірақ ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде мұндай үрдіс жалғыз Чарльзде емес, барлық сән үйлерінде болған көрінеді. Тіпті олардың басым бөлігі жабық бөлмелерде арнайы көрсетілім залдарын ұйымдастырып, жаңа топтамаларын тұтынушыларына таныстыра бастаған. Дегенмен бұл көрсетілімдерді кәдімгі дефилемен салыстыру қиынырақ болатын. Алайда 1905 жылы Лондонда Люсилль есімді дизайнер тұңғыш рет дефиле өткізіп, музыканың сүйемелдеуімен сахнада өз топтамасын таныстырды. Оған көптеген модельдер қатысып, тапсырыс берушілерінің саны да екі есеге артқан. ХХ ғасырдың басында дефиле АҚШ-та да кеңінен тарай бастайды. Сәнді киім-кешек пен әшекей бұйымдарды өндірушілер сән индустриясын дамыту мақсатында бірігіп көрмелер өткізеді. 1903 жылдан бастап Нью-Йорк сән көрсетілімдеріне келушілердің қатарын көбейту үшін жер-жерге шақырту билеттерін таратуды ойлап табады. Ал 1910 жылдарға қарай жаңа топтамалардағы бұйымдар дүкен сөрелерінде сатылымға шығып, қысқа мерзімде сатылып отырады. Алайда сәнді болған киім-кешектер жайлы ақпараттардың таралымы тым тар болғандықтан, қалталы әйелдер ғана сәнді салондарға барып, қажет дүниелеріне еш қиындықсыз қол жеткізген. Ал әлеуметтік жағдайы төмен нәзікжандылар байлардың киіп тоздырып, сәннен қалдырып, арзандаған заманында ғана сатып ала алған. Ең алғаш ұйымдастырылған дефилелер адамдарды қайран қалдырып, тіпті олар жайлы New York Times газеті жиі-жиі жазып отырған. Ал қымбат бутиктердің арасында бәсекелестік орнап, дефиле ХХ ғасырда Атлантикаға дейін жеткен. Бірақ сән көрсетілімдері ұзақ уақыт бойы тек әйел адамдардың киім-кешегіне ғана арналған. Тек 1952 жылы Флоренцияда Brioni сән үйінің ұйымдастыруымен ер адамдарға арналған сәнді киімдердің көрсетілімі өткен.
Сонау ХІХ-ХХ ғасырларда шағын дүкендер мен үйлердің тар бөлмелерінде өткізілген дефиленің бүгінгі сән әлеміндегі орны ерекше. Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, қазіргі заманда жыл сайын сән көрсетілімдерін ұйымдастыруға 200 млн АҚШ доллары жұмсалады екен. Атағы жер жарған сән үйлерінің 20 минуттық дефилесін өткізу үшін орта есеппен 100-500 мың доллар жұмсалатын көрінеді.
Бүгін
Қазіргі дефиле сахнасы биікте орналасқан, яғни платформаларда өткізіледі. Біз оны подиум деп атаймыз. Көрсетілімдерге бұрынғыдай сәнді киімдерді сатып алушылар ғана келмейді, қазір БАҚ өкілдері мен сән әлемінің қас шеберлерін шақыру тұрақты үрдіске айналған. Әсіресе жаңа топтамалардың жарнамасына жан бітіретін журналист қауымының көрсетілімдерде көбірек болуы маңызды рөл атқарады. Миланның әйгілі Pambianco Strategie di Impresa SpA деп аталатын компаниясының сарапшы мамандары жүргізген зерттеуге сенсек, дефилеге кеткен қаржының 6%-ы тек PR мен жарнамалау жұмыстарына кетеді. Ал жаңа топтамаларға келіп түсетін тапсырыстың 30-50%-ы сол жарнамалардың арқасында жүзеге асатын көрінеді. Дефиленің ең басты кейіпкерлері саналатын модельдердің де жалақылары жаман емес, атақты компаниялар бір көрсетілім үшін бір моделіне 10-30 мың АҚШ долларын төлейді. Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі сән үйлерінің әрбірінде визит карточкасы саналатын түрлі түсті көмескі жарықтар бар. Мысалы, Джон Гальяноның сән көрсетілімдерінде – алқызыл түстес, ал Christian Dior-да айнадан жасалған подиум қолданылады. Мұндай атақты дизайнерлер үшін есімдері әлемге танымал адамдардың көрсетілімдерге келуі – ең маңызды дүние. Сол үшін де олар белгілі өнер жұлдыздары мен қалталы бизнесмендердің көрсетілімге келіп кетуіне қажетті жол ақысын, жатын орны мен киетін киімдері үшін қомақты қаржы төлеуге дейін барады. Себебі олар брендіні жарнамалау үшін көп көмектеседі. Ал дефилені өткізуден бас тарту деген компанияның қаржылық дағдарысқа ұшырап, құрдымға кеткендігін білдіреді. Prada Group-тың президенті Патрицио Бертеллидің айтуынша, дефилесіз ешқандай өнім сәтті шықпайды, сол үшін де сән көрсетілімдерінің бүгінгі әлемдік fashion – индустриядағы орны бұрынғы заманғыдан гөрі маңыздырақ.
80-дегі модель…
Әлемдегі ең кәрі модельді білесіз бе? Оның есімі — Кармен Делль Орефайс, жасы 80-де. Ол жасының ерекшелігіне қарамастан, әлі де жас мамандарды шаң қаптырып жүр. Олай дейтініміз – Кармен әлі де подиумда…
Гиннесстің рекордтар кітабына енген Кармен әлемдегі сән моделінің ең ұзақ тәжірибесі бар маманы болып табылады. Сән индустриясында 47 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан ол әлі де подиумдарда сән үлгілерін көрсетіп жүр. Кейбір деректерде оның бұл салаға келуіне досы, фотограф Норман Паркинсон себеп болған делінеді. Кілең ақсүйектер бас қосқан кештің бірінде Карменді көзі шалған суретші оның өте тартымды, әдемі екендігін айтып, суретке түсіргісі келетіндігін жасырмайды. Сол сәттен бастап сән әлеміне бет бұра бастаған Карменнің еңбек жолы әлі де жалғасын табуда.
Әлемдегі ең жас модельдің жасы екіде
Айре Браун – әлемдегі ең жас модель. Дүние есігін ашқанына небәрі екі жыл болғанымен, оның есімі қазірде бүкіл әлемге әйгілі.
АҚШ-та туылған қыздың бүгінгі таңға дейін қатысқан сән көрсетілімдерінің санында шек жоқ. Айренің ата-анасы кішкентай сәнқойдың өзі модель болғысы келетінін айтады, «сол үшін қарсылық білдірмедік» деген олар қыздарының камера алдында түрлі қимылдар көрсетіп, подиумда жүруді жақсы көретінін жасырмайды. Бүлдіршіннің қазірден-ақ шаштары жиі-жиі боялып, бетіне макияж жасалады. Соған қарамастан көптеген компаниямен келісімшартқа отырысқан ата-ана балалар киімін өндірушілермен де тығыз жұмыс жасап жатыр. Жазу жазып, сөйлей білетін Айре камера алдында ересектер сияқты қозғалып, кәсіби түрде сән үлгілерін көрсетуді жақсы меңгерген.
Блиц дерек
• Қосымша кірпіктер алғаш рет 1916 жылы жасалыпты. Д.В.Гриффит есімді продюсер өз фильмінде ойнайтын әртістің көзін үлкейтіп көрсеткісі келіп, ол адамның шашынан кірпік жалғапты.
• Осыдан 200 жыл бұрын балалар киімі мүлдем болмаған, яғни балаларға арнайы киім тігілмейтін. Тарихи деректерге сүйенсек, бұрын оларға үлкендердің киімдерін кішірейтіп кигізген.
• Винтажды нәрселерге 1920 жылдан бастап 1960 жылға дейін жасалынған заттар жатады, одан кейінгі бұйымдар ретро болып саналатын көрінеді.
• Қазіргі тырнақ бояу дәстүрі 5000 жыл бұрын қытайдың сәнқой аруларында да болған екен.
• ХVIII ғасырдың екінші жартысында адамзатта екі түрлі ғана киім болған деседі.
• 1500 жылғы сән қойылымдарында сол кездегі дизайнерлер өз киім үлгілерін көрсету үшін ойыншық модельдер жасаған.
• Б.д.б. 1500 жылдары тақыр басты әйелдер сәнқой болып саналған екен.
Сән…силуэт…стиль
Сән (мода) – латын сөзі (modis – өлшем, тәсіл, іс-қимыл бейнесі деген ұғымды білдіреді). Сән – белгілі немесе басқа да бір талғамның уақытша үстем болуы. Киім – бірінші қажеттілік зат. Сән – әлеуметтік, экономикалық құбылыс. Адам қоғамының дамуына, жаңа тарихи қоғамдастықтар пайда болуына байланысты адам киімі де түбірімен өзгеріп отырады.
Қазіргі сәнді демократияшыл деуге де болады, себебі қазіргі таңдау идеясы мен еркіндіктің көптігімен, яғни әртүрлі стильдерімен, пішіндерімен, үлгілерімен, көлемдерімен, киім ұзындығымен, алуан түсті гаммалығымен ерекшеленеді.
Қазіргі сәнде екі бағыт айрықша көзге түседі: ол – ретроспективалы (өткенге бағытталған) және перспективалы (болашаққа бағытталған).
Ал «Силуэт», «пішін», «үлгі», «пропорция», «стиль» деген түсініктер адамдармен тығыз байланысты.
Силуэт (француздың siluett сөзі) – ұзындығы мен ені бойынша адам фигурасының пропорциясына жақындау келетін геометриялық фигуралардың (тікбұрыш, трапеция, үшбұрыш, сопақ т.б.) бірін беретін киімнің кез келген бөлігінің сыртқы пішімі. Бір айта кетер жайт – сәнқойлардың силуэт түрлерін білгені абзал. Олар: тік силуэт, белдес силуэт, сопақ силуэт, Х-силуэт, трапеция силуэт және жартылай жантайған силуэт болып бөлінеді. Ал пропорция дегеніміз – көйлектің ұзындығы мен енінің, жакеттің ұзындығы мен белдемше ұзындығының, бұйымның тұтас көлеміне қарай әр бөлшек мөлшерінің арақатынасы.
Сәнде тағы бір маңызды ұғым бар, ол – стиль. Стиль – (styios деген грек сөзі) – мәнер, сипат, ерекшелік деген мағына береді. Киімде бірнеше: классикалық, романтикалық, спорттық, фольклорлық (этникалық) стильдер болады.
Классикалық стиль – келісті, іскерлі, элегантты, өзгермейтін стиль. Классикалық стильдің заттары: ағылшын жакеті, тік тар белдемше, ерлердікі секілді шалбарлар және т.б.
Романтикалық стиль – киімде әйелдік қасиеттерді бейнелейтін бөлшектерді, жиектерді пайдалану.
Спорттық стильге демалыс, спортпен жаттығу, саяхат үшін ыңғайлы киімдер жатады.
Фольклорлық (этникалық) стиль – халықтық дәстүрлер сипатындағы осы заманғы киімдер. Фольклорлық сипаттағы киімдер сәнділігімен ерекшеленеді. Онда халықтық кестелер, құрастырылмалы ою-өрнек, қол жұмысының көптеген элементтері кеңінен пайдаланылады.
«Елімізде ұлттық сән үлгісі бар» деп айта аласыз ба?
Сәнгер не дейді?
Фарида МЕРХАМИТҚЫЗЫ, «Ерке-нұр» сән үйінің директоры, сәнгер:
– Ұлттық мода, ұлттық киім, ол – ұлтымыздың болмысы. Менің сән әлемінде қызмет еткеніме 15 жылдай уақыт болды. Бұл кезеңде қаншама киім тігіп, пішіп, ұлттық киімнің түр-түрін насихаттап үлгердік. Ал тап қазіргі таңда ұлттық киім, ұлттық мода отандық fashion – индустрияда бар деп айта аламыз. Себебі қазіргі тұсаукесер, сүндет тойы, қыз ұзату мен келін түсіру рәсімдерінің барлығында бай қазақ отбасылары болсын, қарапайым отбасы болсын ұлттық нақышта тігілген киімдерді қолданады. Қыс мезгілінде жастарымыздың киіп жүрген тымақ, бөріктері мен екінің бірі киіп жүрген тақияға қарап риза боламыз. Әжелердің көйлектері мен камзолдары да қазақтың оюларымен тігіліп, жастардың ұлттық киімге деген қызығушылықтарын арттыруға өз көмегін тигізіп жүр. Жалпы, бүгінгі қоғамның ұлттық модаға қатысты ой-санасы жақсы жағына қарай өзгеріп, сұраныс артып келе жатыр деп ойлаймын.
Сәнқой не дейді?
Маржан АРАПБАЕВА, әнші:
– Қазіргі таңда ұлттық мода десе, бірден шоу-бизнес өкілдерін елестету жаман әдетке айналған. Бірақ бұл Қазақстанның сән әлемінде ұлттық моданың жоқтығын білдірмейді. Осыдан төрт-бес жыл бұрынғымен салыстырғанда қазір ұлттық киімге, әшекейге, сәндік бұйымға деген сұраныс көбейген. Тек әнші, әртістер ғана емес, қарапайым халықтың өзі қонаққа киіп баратын, той, мейрамдарда киетін киімдеріне ұлттық ою-өрнекті қосып тіктіруді сәнге айналдырған. Сондықтан ұлттық нақыштағы сәнді киім-кешектер бұрынғыдай таңғалдырарлық жаңалық болмай қалды деп есептеймін және бұл жақсы да. Өз басым дәл қазір ұлттық киімге тапсырыс беріп қойдым. Ұлттық мода қашан да бағалы, қашан да сәнді.
Бетті дайындаған Сандуғаш Әлімжанова e-mail: sandugash_alimzhanova@mail.ru