АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

САРЫАҒАШТА ҚҰС ӨСІРУДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

Птицефабрика 2Сарыағашта Дарбаза деген ауыл бар. Аудан орталығына қашық та емес, жақын деуге де болмайды. Кәдімгі қазақтың ауылы. Кілең қандастарымыз тұрады. Жондарға бидай егіп, жайылымға мал айдап  жүрген қазақтар. Енді қолдары ұзарды. Сол ауылда алғашқы өндіріс-«Сарыағаш құс» ашылды. Бұл үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында салынған нысандардың бірі. Ол жылына 12 миллион 512 мың дана жұмыртқа өндіреді. Кәсіпорынның ашылу салтанатында осындай дерек айтылды.

Жаңа нысанның атының өзі-ақ айтып тұрғанындай, мыңдаған  құс өсіреді. Бұрын аудандаға құс еті де, жұмыртқа да Шымкенттен тасымалданатын. Атақты «Шымкентқұс», «Қазқұс» облыс орталығына жақын маңда орналасқан.

«Сарыағаш құс» фабрикасын салуға кәсіпкер өз қаржысы есебінен 205 миллион теңге жұмсапты. Ол да аздық қылатын болған соң «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығымен  хабарласыпты. Олар кәсіпкерге пайыздық өсімі  төмен 40 миллион теңге несие беріпті.

Сарыағаш облыстағы халықы жиі қоныстанған аудандардың бірі. Тұрғындарының саны жағынан екі ауданмен пара-пар. Ал облыс  халқының саны 2 миллион 700 мыңнан асып кетті.

Облыс орталығына жақын жердегі құс фабрикалары  миллион тұрғыны бар Шымкенттіктерді  жұмыртқамен, құс етімен қамтамасыз еткенуде. Бірақ Сарыағаш жаққа жете алмай қалатын кездері болады. Шымкентте өндірілген құс еті де, жұмыртқа да Сарыағашқа емес, Астана мен Алматыға, өзге облыстарға жиі жөнелтіліп жүргені жасырын емес. Енді таңсық асқа айналып кете жаздаған жұмырқа мен құс еті Сарыағаштықтың өзінде өндіріледі.  Өздері   өсірген соң бағасы да арзандау болатын шығар деп үміттеніп отыр.

Құс еті мен жұмыртқаның Дарбазада өндіріле бастағанына көрші Мақтаарал, Шардара аудандарының, Арыс қаласының тұрғындары да қуанып отыр. Бұл аудандарда да құс өсіруге бұрын әуестене қоймапты.

Пайдалануға берілген-«Сарыағаш құстың» алғашқы кезеңі. Бір ғана цех іске қосылды дегенмен, кәсіпорын бақуат. 25 адам жұмысқа қабылданыпты. Алғашқы кезде жұмыртқа ғана өндіріледі. Дегенмен, жер-жердегі сауда орындарына көл-көсір құс етін жөнелтетін күн де жақын.

Кәсіпорын басшысы Мұрат Талмановтың сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде 43 мың 700 құс бағылуда. Олардан күн сайын 30 мыңдай жұмыртқа алынады.

«Сарыағаш құстың» жалпы аумағы 4 гектар. Кәсіпорында 3 цех болады.  Қалған 2 цехты пайдалануға беру келесі жылға жоспарланған.

-Мұндай кәсіпорынды салған кезде инвестициялық  шығынның басым көпшілігі жабдықтарды сатып алуға кетеді. Нысан толық жабдықталған. Құсты баптауға арналған, жем беруге бейімделген, ғимараттың ішін жарықтандырып тұратын, желдететін құралдар мен аппараттар  стандарттарға толық сай келеді. Олар шет елдерден сатып алынды. Стандартқа сай келетін отандық жабдықтарды «Қазқұс» фабрикасынан да  «құда түсіп» сатып алдық. Бұл да біраз қаржыны үнемдеуімізге мүмкіндік берді,-деді Мұрат Талманов.

Сарыағаш ауданының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың  сөзіне қарағанда, ауданда үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша салынып жатқан 4 жоба бар. Соның екеуі құс фабрикасы көрінеді. Мақсаттары осы аймақтың тұрғындарын құс етімен, жұмыртқамен толық қамтамасыз ету екені көрініп тұр.

-Өзбекстанның астанасы Ташкент шаҺары Сарыағаш қаласына тиіп тұр. Қазақтың «таяқ тастам жер» дейтініндей.  Қытай да қашық емес. Араға күн аралатпай жетіп баратын, жетіп келетін жер.  Олардан құс еті мен жұмыртқа алып келсең, сапасы қандай екенін бір Құдай біледі. Одан ба халыққа күнделікті қажет болып отыратын тағамдарды  өзімізде өндіргеніміздің маңызы зор,-деді  аудан әкімінің жанындағы нөкерлерінің бірі.

-Бұл нысанның пайдалануға берілгені жергілікті тұрғындарға жақсы. Жұмыс табады. Әлеуметтік мәселелер шешіледі. Әкімдік еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында облыста салынып жатқан жаңа кәсіпорындарға халыққа пайдалы болуы жағынан  көбірек қарайды.  Республикамызда үдемелі даму бағытында биыл 146 жоба іске қосылмақшы. Соның 42-сі біздің облысымызда. «Сарыағаш құс» сондай маңызды нысандардың  бірі,-деді облыс әкімінің орынбасары  Сапарбек Тұяқбаев.

Әсіресе ауыл адамдарына жұмыс табылғанын айтсаңызшы! «Сарыағаш құсқа» жұмысқа орналасқан дарбазалықтардың бірі:

-Айлық  жалақымыз 45-50 мың теңге,- деді  риза пейілмен.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы