Асқар Тоқпановтың туғанына 100 жылАсқар Тоқпанов – театр өнері әлеміндегі құбылыс. Олай деуге хақымыз бар. Өйткені Асқар – режиссердің ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы, Асқар – педагогтың ешкімге ұқсамайтын әдістемесі, Асқар – қазақтың ешкімге ұқсамайтын мінез-құлқы болғанынан көпшілік хабардар. Асқар Тоқпанов бақытты кісі болған. Жетім өсіп, жоқшылықты көп көргенімен, өмір жолында да, өнер жолында да жақсы жандарға жолыққан. Мықты ортада білім алған. Шаласа-уатты жігіттің намысқа тырысып, Мәскеу асып білім алуы тек намысты ердің қолынан ғана келеді. Өз естеліктерінде жазғандай, ештеңеден тайсалмай, мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтен бастап театрдың үлкен тұлғасы Жұмат Шаниннің, профессор Құдайберген Жұбановтың, одан қалса, Луначарский атындағы ГИТИС директоры Анна Фурмановалардың қамқорлығына сеніммен кіруі кез келген жігіттің қолынан келе бермейді. Ол дегеніміз – «білемін, білгім келеді, үйренемін, үйренгім келеді» деген үлкен мақсаттан туған батылдық көрінісі.
Асқар ағамыздың өмірлік кредосында Абай тағылымы тұрғаны айқын. Алла сәтін салып алғашқы жұмысы Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболев жазған «Абай» трагедиясы болуы да кездейсоқ емес. Тоқпанов та жазылғанды артистерге ойната салмай, Абай әлемін шолып, ізденіп, тіпті ауылына дейін барып, дана болмысымен де, ақын өскен дала тынысымен де танысып қайтуы – нағыз ізденіс. Абай бейнесін жасаған Қалибек Қуанышбаевтың көпке дейін өзінен шыға алмай қалғаны, сөзі де, қимылы да Абай болғанымен, бір кілтипанның болғаны, соны әрлеу (грим) арқылы дана Абай деңгейіне жеткізе алғанын оқып отырып, әрі таң қаласың, әрі өнерге деген шынайы жанашырлықты көресің. М.Әуезов сынды ғұлама адамның ойынан шығу әрі өз өмірін Абайды дәріптеуге арнаған адамның мақсатын жеткізу режиссер-лік шешімді қажет еткені сөзсіз ғой. Алғашқы, тырнақалды жұмысы бола тұра Асқар Тоқпанов дәл осы «Абай» трагедиясын тамаша қойған деседі көргендер. Ол туралы өзі: «Абайды қою үшін көп ізденуге тура келді. Абайдың өзінің төл шығармаларын – өлеңдерін, қара сөздерін, дастандарын ұқыпты түрде оқып, талдап, түсіндіру керек болды. Демек, ұлы ақын, ойшыл дананың шығармашылық жолдарына үңілмей, мол бұлағынан сусындамай, Абайдың өзін түсіну мүмкін емес-ті.
Театр сахнасы – өмірдің бір белесін бір-ақ мезетте танытатын, көрерменге көрсететін алаң. Аядай сахнадан көне тарих-тан бастап өткен заманның әрі бүгінгі дәуірдің әдет-ғұрып, сән-салтанатын түрлі әрекеттер арқылы 3 сағат ішінде қарап, зерделейсің. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен жиіркеніш, асыл мен жасықтың текетіресін байқап, бағамдайсың. Театр шығарма-сы – спектакль десек, ал оның өзегі – драматургия. Драматургтың шығармасы жанрын (драма ма, трагедия ма, комедия ма) анықтап, сырына бойлап, сол арада көрсетілген өмірді дәл тауып, адамдардың (бейнелердің) қарым-қатынасын ажыратып көрсете білу – режиссер алдындағы міндет. Осы жұмыстың басы-қасында болып, ұйымдастырушы, жетекші рөлін атқаратын әрі спектакль жасауға қатысатын көптеген мамандардың (актер, композитор, дыбыс режиссері, гример, суфлер, жарық беруші және т.б.) басын қосып, бағыт беріп әрі басты ұйытқы болатын жан – режиссер. Асқар Тоқпанов қазақ театр сахнасында тұңғыш кәсіби режиссер болды. Өзі режиссер ретінде 70-тен астам спектакль қойыпты. Олардың арасында көрермен көзайымына айналған М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай» трагедиясынан басқа Ғ.Мүсіреповтың – «Ақан Сері – Ақтоқты», Н.Гогольдің – «Ревизор», А.Чеховтың – «Шағала», Г.Ибсеннің – «Нора», Ғ.Мүсіреповтың – «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», Шиллердің – «Зұлымдық пен махаббат», Н.Островскийдың – «Жазықсыз жазықтылар», Ғ.Мүсіреповтың – «Амангелді», М.Әуезовтың «Қаракөз» сынды спектакльдері бар.
Негізінде, шығармашылық адамында талантына сай мінез болу керек. Болғанда да, мықты, тайсалмайтын қайсар мінез болу қажет. Мінезді адам ретінде Асқар ағамыз спектакль жарыққа шыққанша да, сахнада жүріп жатқан кездің өзінде де өзі режиссер ретінде тыным таппаса, актерлерге де рөлін шығаруында тыныштық бермейтіндігін көп кәнігі актерлардың ауыздарынан естідік. Ол жай әңгіме емес, ол – өнерге жанашырлық, қала берсе, жанкештілік. Жанын жеп жұмыс жасамаса өнер тумайтынын паш ету. Әрі өзі тас жетім болып, жалшылық күй кешкенімен, ізденіп, талаптанып, қыруар әдебиет маржандарын сіміріп, үйреніп, жанын қинап жұмыс жасаған соң, өзгелердің жайбарақат күйіне кіжінген де болар? «Қайран менің қазағым…» деген Абай дананың пәлсафасын есінен шығармаған кісі емес пе?!
Режиссер болған кісі өзі де мықты актер бола білуі керек. Шынтуайтына келгенде, Асқар Тоқпанов В.Ленин, Әлішер Науаи, Ыбырай Алтынсарин сынды характерлі бейнелерді сомдаған. «Өзі өмірде де әдемі киініп, сыланып, ерекше жүрген жан. Ол Сәкен Сейфуллиннің сұлу келбетіне еліктеп, солай жүріп, сол кісі сынды тап-таза, жарасымды киімдер киюге тырысатын» дейді көп замандастары. Сұлулықты ерекше қадірлейтін кісі болған. Ол жайында Қазақстанның халық артисі, профессор Маман Байсеркенов былай дейді: «Асекеңнің бір қыры – серілік. Сұлу сөйлеп, сұлу киінгенді ұнататын, әсемдік пен әдемілікке жаны құштар адам еді. Жейдесінің жең ұшына гауһар тастан түйме қадап, білегіне жақұт шынжырлы жарқ-жұрқ еткен саф алтыннан сағат тағып, көшеге сыймай маң-маң басып жүретін кездері көз алдымызда. Саусақтарына Алтайдың алқызыл алтынынан қақталған жүзіктерді самсата тағып, француз әтірінің хош иісіне бөленіп, күміспен бедерленген кавказ таяғын алшысынан тастап алшаңдап басып келе жататын. Біріне бірі ұқсамайтын екі-үш таяғы болушы еді. Киген киіміне қарай таяғын жиі ауыстыратын. Бір қызығы, Асекеңнің табиғаты ерекше жаратылған адамдарға еліктейтін ерме мінезі болғанын білеміз. Күміс таяғы күнге шағылысып, жарқырата киім киіп Сәкен Сейфуллин ағамызға еліктесе, түсін суытып, мұртын едірейтіп, батыр ағамыз Бауыржан Момышұлына еліктеу-
ге тырысатын».
Рөлдерді сомдағанда да әрқайсысына характер беріп, болмысын ашып, көрермен жетесіне жеткізе алатын. Сахна педагогикасының негізін салғандардың алғы шебінде жүрген Асқар Тоқпанов актер өнері туралы шәкірттерінің бойына сіңетіндей етіп айта алатын. Театр өнері, жалпы сахна өнері педагогикасының негізін салушылардың алғашқы толқынында болған кісіге шәкірт тәрбиелеу бір жағынан оңай болса да, екінші жағынан өте жауапты іс болатын. Сондай ауыр қызметті атқаруға құлшына жүріп ұстаздық еткен кісі. Ол кісіден дәріс алып, өмір мен өнер мектебін қоса бітіргендер арасында мүйізі қарағайдай қазақ ұлдары мен қыздары бар. Атап айтсақ, ол кісінің шәкірттері арасында 4 – КСРО халық артисі, 10 – Қазақ КСР халық артисі, 19 – Қазақ КСР-дың еңбек сіңірген артисі, бірнеше Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері бар. Республикадағы бірнеше театрдың бас режиссерлері де осы кісіден білімді де, тәжірибені де игерген. Осының өзінен Асқар Тоқпановтың қазақ сахна өнеріне қосқан өлшеусіз еңбегінің көрінісін байқауға болады.
Жалпы, әр мамандықтың түп қазығы бар. Негізсіз дәрігер, мақсатсыз инженер, ізденіссіз тарихшы болмайды. Сондай-ақ актердің де өзіне тән мамандық негізі бар. Актер ойнайтын рөлін терең зерттемей, сезінбей, түйсінбей шынайы маман бола алмайды. Сол сияқты режиссер де тақырдан пайда болмайды. Асқар Тоқпановтың өзі де: «Режиссер әрқашанда актерлерден білімі жағынан биік болуы шарт. Әйтпесе, актердің ауқымынан аса алмайды. Ол тарихты, әдебиетті, философияны, театр тарихын жетік білетін, жан-жақты білімдар, сонымен қатар драматургияның теориялық заңдарынан, театрға қатысты өнердің барлық салаларынан хабардар әрі эстетикалық талап-талғамы жоғары, мәдениетті жан болуға тиіс», – деп жазады. Режиссер үшін ең басты міндет – актерлармен жұмыс жасай білу. Әр актердің жеке болмысын, ерекшелігін, оның шығармашылық мүмкіндігін көріп, тану көрегендікті талап етеді. Актерлермен тіл табыса отырып үйретумен қоса, олардан да үйреніп, қоян-қолтық жұмыс жүргізбесе нәтижелі іс тумайды. Режиссердің мақсатын актер жете түсініп, өз ақылымен ұғып, жан дүниесімен сезіне рөлді алып шықса жақсы.
Асқар Тоқпанов – сахна өнері әлеміне тың жаңалықтарды әкелген кісі. Бірақ еңбегінің көбі көрініп, жұртқа елене бермегенінің себебі мінезінің шайпаулығынан болса керек. Бет қаратпайтын бірбеткей, «бетің бар, жүзің бар» демейтін шыншыл болып өмір сүргісі келсе керек. Бірақ ол еркелігін кім көтереді? Кімге керек? Қазақта «Турасын айтқан – туғанына жақпайды» деген бар. Әрі әр шындықтың екі жағы болады емес пе? Белгілі режиссер Болат Атабаев былай баяндайды: «Мені қасына шақырып алды. Басында түсінбей жүрдім. Кейін келе ұққаным – Асқар аға қалыпқа сыймаған, бір по-шымда тұрмаған, қарама-қайшылықты кесек тұлға. Өмірінің соңғы 10-15 күнінде ылғи кешірім сұрап жатты. Хадишадан, Шолпаннан кешірім сұра деді, мен театрда жоспарлаудан соң апайлардан кешірім сұрап жүрдім. Маған қайта-қайта айта беретіні – «мен де сен сияқты шыдамсыз болдым, менің кемшілігімді қайталама» дейтін. Жатып алып түрлі әңгімелерді естиді ғой, шамасы. Ол кісі мен үшін мәңгі тірі – өзі де, сөзі де, көзқарасы да, пікірталасы да».
Сахна өнерінің бәйтерегі Асқар Тоқпанов – актер, режиссер һәм педагог. Оның осы қырлары көпшілікке ұғынықты әрі жақын болды. Ол қойған спектакльдерге қызығушылық ерекше болды. Өйткені ол кісінің уақыты «жеті адам қарауға, жетпіс адам сынауға» келетін кез еді. Соған қарамастан, жас режиссерлерді шыңдап, қатарға қосуда аянбай, жанашырлықпен ерен еңбек етті. Оларға заманына сай режиссураның қалыптасуы ғана емес, өсуінің бағытын көрсетіп, актерлік ойын шеберлігінің қыр-сырын үйретуден жалыққан жоқ. Керек кезінде қатты ұрысты да, зекіді де, тіпті таяғы тиген мезеттер де болыпты. Өйткені өз балаларының тәрбиесіне қарағанда, шәкірттерінің болашақ өнерді дәріптейтінін қатты сезініп, оларға еркше үміт артыпты. Шәкірттері де осы күнге дейін ұстаздарына деген шынайы алғысын айтып жүр.
Шындап қарасаңыз, адамды түсіну, әсіресе, өнер адамдарын қабылдау – өте қиын дүние. Оған, керек десеңіз, өре де керек. Қарапайым халық көбіне біреулерден естіген «әй, ол дойыр болыпты ғой немесе «қатты кісі болыпты ғой» деп жатады. Ал өнер қайраткерімен бір сәт сұхбаттасып, оның жан дүниесінде не болып жатқанын ұғыну екінің бірінің қолынан келмейді. Бір сәт Асқар аға сөзіне құлақ салып көрейік-ші: «Адам ғұмырының ұзақтығы немесе қысқалығы сананың салмағын, ол кешкен өмірдің мағынасын таразыламайды. Ой тоқтатып, өткенге көз салып, әуел баста не іздеп еді, жол-жөнекей не жоғалтты, не тапты, табысы бар ма, әттеген-айы қайсы, қазір қай қылығын медет тұта-ды – осыған жауап ізде. «Осы жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірді өткіздік… әурешілікті көре – көре келдік… Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» деген Абай сөзіне тоқталатын белеңге келдік. Өмірде рухани азығымның бірі Абайдың сол күйін мен де басымнан кешіп отыр-мын. Әйтеуір, бар байқағаным – әрекетсіз, мақсатсыз, қимылсыз күн өткізбеппін. Мүмкін, олжалы да шығармын, мүмкін, қателесуім де. Кей тұстарда асаулығымды, албырттығымды, аңғалдығымды ойлап, неге сол мезеттерде пендешілікке жеңдірмедім деп те ойлаймын. Бірақ мен өз-өзімді өмірбақи таба алмай, түсіне алмай кетем-ау деген күдік те жоқ емес», – деп толғаныпты абыз ағамыз. Әрине, ол кісіні жалпы қазақ өнері, театр өнерінің болашағы алаңдатпады дейсіз бе? Асқар аға өмірден өткен 90-жылдар қай жағынан болса да ауыр жылдар еді ғой. Қазір тірі болса, марқаяр еді. Еліміз өркендеп, мәдениетіміз жаңғырып, өнеріміз өрістеп жатқан мамыражай кезеңге мәз болар еді.
Асқар аға кезінде өзіне қамқорлық көрсеткен қазақтың ірі қайраткерлерінің бірі – Темірбек Жүргенов есімін бүгінгі ұлттық өнер академиясы болып отырған Театр және көркемөнер институтына бергізуге мұрындық болған екен. «Мен өнерге өмірімді бергелі, мәдениет, өнер саласын басқарған талай адамдарды көріп келем. Бірақ Темірбек Жүргеновтей халқымыздың өнері мен мәдениетіне шынайы жаны ашып, зор қамқорлық, батыл басшылық жасаған адам кемде-кем! Ақылды, парасатты басшыға кіргенде, онымен дидарласқанда жан дүниең кеңейіп, жайнап шығасың. Өмірге, өнерге деген ынтықтығың арта түседі. Өрісі тар, білімі, білері таяз, өнерге жаны ашымасқа кезіксең, талабың тапталып, жігерің құм болып жиреніп, сенімнен ада боласың. Темірбек Жүргенов өнерді сүйетін, түсінетін ақ пейіл, абзал жан еді» деп еске алып-ты Асқар аға.
Қазақ сахна өнерінің бәйтерегі әрбір шығармашылық ұлы тұлғаның басынан өтетін ауыртпалықты да, қиындықты да, қақтығысты да, соқтығысты да, пікір алшақтығын да, масайраған қуаныш-шаттықты да көрді. Көре жүріп, көкейіне түйгенін ұрпағына қалдырды. Шәкірттеріне «өнерде жалғандық, жасандылық, әлімжеттік бол-
майтынын» жеткізді. Актер ойынында «фальш» жүрмейтінін, режиссер қойылымында «жай нәрсе» болмайтынын қатты ескерткен жан. Қазақ сөзіне мұқият болуды әрі сөз құдіретін сақтауды бәріне, қазақ театр көрерменіне аманат еткен жан. «Жүрдім-бардым», «өйте сал, бүйте сал» шалалыққа қарсы жүрген кісі.
Қалай десек те, театр режиссері, мықты педагог, аудармашы Асқар Тоқпановтың қазақ мәдениеті мен сахна өнеріне сіңірген еңбегі зор әрі оның есімі сол өнердің мұрағатынан алатын орны айқын. Ол кісі – сахна өнерінің абызы, бұтағын кең жайған бәйтерегі. Өзі кетсе де, мұрасы қалған асыл қайраткер.
Ғайнижамал ӘБІЛДИНА,
кинодраматург-режиссер, КСРО Кинематографистер мен Журналистер одағының мүшесі Т.Жүргенов ат. ҚазҰӨА профессоры, ХААҚ академигі